Версия для печати

АБАЙ АУДАНЫНДА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП Избранное

Среда, 17 Август 2022 04:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 575 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту барысын баяндады.

308

 

Ауданда ең өзекті мәселенің бірі – инфрақұрылым. 2020 жылға дейін елді мекендерді дамыту мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірленбей келген. Қала әкімі М.Әйтенов аудан тұрғындарымен кездесуі барысында негізгі проблеманы шешу үшін шұғыл тапсырма беріп, қысқа мерзімде ауыз су, электр жарығы, табиғи газ және көлік инфрақұрылымын жүргізуге 461 млн теңгеге жобалық құжат әзірленді. Қазіргі сәтте осы жобаларды жүзеге асыратын құрылыс қарқын алып отыр.
Ауданда 2021 жылы Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Нұршуақ, Батыс, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Ақтас-2 шағынаудандары ауыз сумен қамтылды. Осы тоғыз елді мекенге су жеткізу үшін 7,1 млрд теңгеге Көмешбұлақ су көзінен Қ.Төлеметов көшесіне дейінгі магистралды су құбыры салынып, бүгінде ел игілігін көруде. Ал биыл 5,2 млрд теңгеге Құрсай мен Арғымақ шағынаудандарына су жүйесі салынып жатыр. Пайдалануға тапсыру мерзімі осы жылдың соңына дейін жоспарланған.
Абай ауданындағы 34 елді мекеннің 31-і (96%) мемлекеттік жүйедегі электрмен қамтылған. Үш елді мекен (4%) жекеменшік трансформатордан жарық алады. Б.Пармановтың сөзінше, жыл соңына дейін электр қуатымен қамту көрсеткіші 100%-ға жетеді.
– Көгілдір отын жеткізу мақсатында да ауқымды тірліктер тындырылып жатыр. Бүгінде 10 елді мекен қатты отынды пайдаланады. 2022 жылы Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас-2, Ақтас және Нұршуақ шағынаудандарына табиғи газ желісін салу үшін бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлінген. Қазір құрылыс қарқын алған. Жыл соңына дейін жоғарыда аталған аудандар мемлекеттік жүйедегі табиғи газға қол жеткізеді, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, биыл су басу қаупі бар 21 орын анықталып, ұзындығы 11,4 шақырым ирригациялық жүйе салу жоспарланған. Қазір құрылысты жүргізетін мердігерді анықтау үшін мемлекеттік конкурс өтіп жатыр.