I-SHYMKENT 109 – ЖЕДЕЛ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 897 раз

Шымкент тұрғындары коммуналды саладан бастап қоғамдық көлік, инфрақұрылым және басқа да проблемалар бойынша хабарласатын ситуациялық орталық барына үйренген.
І-Shymkent 109 орталығы арыз-шағымдарды түрлі байланыс жолдарымен қабылдап, тиісті органдар мен жауапты мамандарға жеткізеді. Шешімін арызданушыға хабарлайды.

214

 

Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осы ситуациялық орталықтың жетекшісі Азат Әміртай маусым айының қорытындысы туралы баяндады.
Маусым айында қала тұрғындарынан жалпы 17 197 арыз-шағым келіп түсіп, соның ішінде 16 915-і орындалған, 282 арыз орындалу барысында. Жиында мекемелердің рейтингісі жарияланып, қала әкімі кейбір жауапты мамандарға жұмысты ширатуды тапсырып, қатаң ескерту берді.
– Қаладағы басқармалар арыз-шағым түсу саны бойынша 3 топқа бөлінген. I топқа ең көп мәселе түсетін басқарма – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы кіреді. Маусым айында бұл басқармаға қатысты 958 арыз-шағым келіп түссе, оның 938-не жауап беріліп, орындалды. 8 сұрақ қаралуда, 12 мәселе орындалмаған. ІІ топқа талап-арыз орта деңгейде түсетін басқармалар жатады. Олар – ауыл шаруашылығы және ветеринария, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы және денсаулық сақтау басқармасы. Бұл басқармаларға ай сайын 150-400 аралығында арыз-шағым түседі. Маусым айында денсаулық сақтау және энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармалары түскен мәселелерді 100 пайыз орындап, тиісті жауап берсе, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы 98,8 пайызға орындады. ІІІ топқа қалған 18 басқарма жатады: тұрғын үй, құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, цифрландыру, білім, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, қалалық орта сапасы және бақылау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармалары 1 ай көлемінде түскен тұрғындардың сұрақтарына толықтай жауап беріп, орындады. Қалған 7 басқармаға қатысты сұрақ түспеді, ал қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы 47 сұрақтың біреуіне уақтылы жауап бермей, мерзімін өткізіп алып, орындалу пайызы 97,87-ні құрады, – деді Азат Ермекбайұлы.

213


Бұл рейтингте аудан әкімдерінің де мегаполис тұрғындарынан түскен мәселелерді шешу пайызы да қаралған.
Қаратау мен Әл-Фараби ауданы бойынша арыз-шағымдар 100 пайызға орындалса, Абай ауданы әкімінің аппараты – 98,4 пайызға, Еңбекші ауданы әкімінің аппараты 98,2 пайызға орындады. Сонымен қатар, қоғамдық көлік мәселелері бойынша орындалмаған арыз-шағымдар нәтижесінде жауапты басшыларға сөгіс жарияланған.
Ситуациялық орталықтың басшылары келіп түскен арыз-шағымдарға сараптама жасалып, өзекті, шешімі табылмай жатқан мәселелерді анықтағандарын айтады. Атап айтқанда, тұрғындар көбіне «Tolem» жүйесінде оқушы және студент карталарында маусым айынан бері орын алған ақауларды, жарықтың ескертусіз сөнуі, Нұрсәт шағынауданындағы электр желісінің жиі істен шығуын, Қошқар ата өзені аумағының тазалығы, қоғамдық көліктердің жүру кестесін сақтамауын, жол жүру бағытының өзгеруі секілді мәселелерді көптеп көтерген.
Қала әкімі Мұрат
Дүйсенбекұлы қоғамдық көліктерге қатысты шағымдарды ескере отырып, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына жүйелі тексеру шараларын ұйымдастыруды және мәселелердің оң шешімін тез арада табуды, сонымен бірге, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына электр қуаты бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы, Азат Әміртайдың мәліметінше, жыл басынан бүгінгі таңға дейін орталыққа 103 268 арыз-шағым келіп түскен. 101 659 мәселе орындалып, шешімін тапса, қалған 1 609 арыз-шағымды жауапты мекеме мамандары қарауда.
Бұған қоса қала тұрғындары 84 593 мәселе бойынша хабарласып, кеңес алған. Басым көбісі қоғамдық көлік, атаулы әлеуметтік көмек, «Tolem» жүйесі, жарықтың сөнуі, су, газдың болмауы, жалпы тәжірибелі дәрігердің қарауына жазылу, жоғалған заттарды іздеу немесе табу бойынша хабарласып, мәселелері 1 қоңыраумен шешілген.
– Осы арыз-шағымдардың ішінде негізінен жол инфрақұрылымы, аялдамалар, қоғамдық көлік мәселелері, жасыл желек, кәріз құдығының бетін жабу, қалдық шығару, субұрқақтардың жұмысы, ауланы абаттандыру, каналдардың тазалығы, аула және көше жарық шамдарының істен шығуы, ашық қалған трансформаторлар, тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері көптеп кездеседі, – деді
орталық жетекшісі.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес 2020 жылдың 26 маусымында ашылған Шымкент қаласының ситуациялық 109 орталығы тәулік бойы істейді. Орталықтың 36 қызметкері 6 ауысым бойынша 24/7 режимінде қызмет етеді.
Алғашында мекеме қызметкерлері қала тұрғындарына 30 қызмет түрін көрсетіп, 2021 жылы қызмет түрлері 93-ке дейін артты. Ал қазіргі таңда орталық көрсететін қызмет түрлері 120-ға дейін жетіп отыр. Оның ішінде қала тұрғындары автобус паркіне жұмысқа орналасуға өтінім білдіру, еңбек қатынастары бойынша туындаған мәселелер, интернетке қосылуға өтінім беру қызметтері бойынша да хабарласа алады.
– Тек коммуналды сала емес, қала тұрғындары кез келген дерлік мәселемен хабарласып жатыр. Мысалы, жыл басынан бері 191 тұрғын психологиялық көмекке жүгініп, маман кеңесін алды. Тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері бойынша 273 тұрғынның мәселесі шешіліп, тиісті жұмыстар атқарылды, – дейді Азат Ермекбайұлы.
Орталық мамандары арыз-шағымдардың түсу каналы бойынша да сараптама жүргізген екен. Оған сәйкес, сауалдар негізінен дәстүрлі телефон қоңырауы бойынша қабылдануда: тегін бірыңғай 109 нөмірі арқылы 84 914 қоңырау түскен. Екінші орында – WhatsApp мессенджері: 14 918 арыз-шағым жолданды. Әрі қарай Instagram (3 213), Facebook (164) және Telegram-bot (59 арыз-шағым) желілері арқылы келеді.
Жауапты мамандар мен орталық қызметкерлеріне арыз-шағымдарды уақтылы орындап, мәселені шешуге көмектескендері үшін 1 160 қала тұрғыны алғыс білдірген.
Қала тұрғындарының мәселелерін уақтылы әрі сапалы түрде шешу мақсатында жауапты мекеме басшылары, мамандарымен тұрақты түрде жиналыстар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, орталық мамандары жылына 1 рет біліктілік арттыру сынағынан өтеді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттыруға, сұрақтарға дұрыс әрі тез жауап беруге септігін тигізуде.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.