–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат ел экономикасына тартылатын инвестициялардың өсуіне айтарлықтай ықпал ететін болады. Жалпы, біз инвестициялар өсімінің пандемияға дейінгі деңгейіне жеттік. Биылғы жылдың 5 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5 пайызға өсіп, 4,1 трлн теңгені құрады, деді – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының дерегінше, өңірлер арасында биылғы жылы Ақмола облысы, Шымкент және Алматы қалалары негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары қарқынын көрсетіп отыр. Ал, Түркістан және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеп кеткен.
–2021-ші жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 38 пайызға өсіп, шамамен 24 млрд долларды құрады. Салалар бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп өсімі өнеркәсіпте, саудада, қаржы және сақтандыру қызметінде, көлік пен құрылыста тіркеліп отыр, – деді Премьер-Министр. Әлихан Смайылов Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды ел екендігін және бұл жағынан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұрғанын баса айтты.
–Қазіргі жағдайда біз осы позицияны нықтай түсіп, шетелдік инвестициялар үшін белсенді қимылдап инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ, экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек. Ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуы тиіс. Тұжырымдамада 2026-шы жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін Жалпы ішкі өнімнің 25,1 пайызына дейін жеткізуді және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 25,5 млрд долларға дейін ұлғайтуды көздейтін ауқымды мақсатты индикаторлар белгіленген. Мемлекеттік инвестициялық саясат сапалы шетелдік және ішкі инвестицияларды тартуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың табысын ұлғайтуға, оның ішінде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталатын болады, - деген Премьер-Министр тұжырымдаманы бекіту үшін дауыс беруді ұсынды. Үкімет мүшелері тұжырымдама жобасын қолдап дауыс берді.