ВЕЛОЖОЛ НЕМЕСЕ АВТОТҰРАҚ Избранное

Среда, 22 Июнь 2022 06:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 485 раз

Іскерлік белсенділікке көлеңке түсіре ме?

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Мелес Сейтжановтың төрағалығымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Кеңесте көлік инфрақұрылымындағы жүйелі проблемалар қаралды. Оған Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен қалалық полиция департаментінің өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

82

 

Жиында жоғарыда аталған мәселе бойынша Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің хатшысы С.Адамбекова арнайы баяндама жасады. Ол соңғы жылдары бизнес субъектілері көтерген бірқатар проблемалалар шешіліп, «Атамекен» ҰКП бастамасымен мемлекет реттеушілік, бақылау-қадағалау тетіктерін жетілдіру жөнінде кешенді шаралар қабылданғанын және мемлекеттік органдар тарапынан тексерулерге қатысты тәртіп енгізіліп жатқанын жеткізді.
Палата өкілдерінің айтуынша, бұған дейін де кеңесте автотұрақ орындарының тапшылығы және автокөліктің тоқтап тұруына тыйым салатын жол белгілерін орнату мәселесі бірнеше рет қаралған. Көбінесе оны салалық басқармалармен сол мезетінде бірлесе шешілген.
Дегенмен аталған жәйттер бойынша шағымдар азаймай тұр. Мәселен, қалалық кәсіпкерлер палатасына Ғ.Иляев көшесінің бойында қызметін жүзеге асыратын бизнес субъектілерінен көптеген өтініш келіп түскен. Қазіргі уақытта бұл көшеде жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру және веложол салу бойынша жұмыстары жүріп жатыр.
Мамандардың талдауы көрсеткендей, Иляев көшесінің бойында Бейбітшілік даңғылынан Қонаев гүлзарына дейін сауда және бизнес нысандары, қоғамдық тамақтану объектілері, ойын-сауық орталықтары, ломбардтар, азық-түлік дүкендері, ателье, сұлулық салондары және тағы басқа кәсіпкерлік орындар орналасқан.
Осы тұста сарапшылар бизнес объектілеріне көлік қоятын орындар мен кірме жолдардың жаппай жабылуы кәсіпкерліктің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн деген ой білдірді.
Сонымен бірге жұмыс істеп тұрған автотұрақтар орнына веложол төсеу бизнес объектілерінің толық жабылуына себеп болуда.
–Кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, веложолдарды енгізу бизнес-чектің үштен бірге төмендеуіне алып келді. Бизнес автокөлікпен келетін клиенттерінен айырылуда. Бұл учаскелерге жақын орналасқан аулаларда тұрақтар жоқ, тауарларды түсіру және қабылдап алуда қиындықтар туындауда. Бизнес нысандарға келушілердің өз көліктерін көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына қоюына байланысты тұрғындар тарапынан да шағымдар артқан, - деді С.Адамбекова.
Жоғарыда аталған көшедегі бизнес нысандар 90-шы жылдары қалыптасқан. Уақыт өте келе азаматтар мен бизнес үшін ыңғайлы инфрақұрылым пайда болды. Соның есебінен қаланың осы бір аумағы дамып, көркейді. Ескі қала орталығы жаяу жүргіншілерге арналған шаһар ретінде өте ыңғайлы жер. Адамдар мұнда жеке көлікпен көп жүреді, ал тар көшелер велосипедтерге ыңғайсыз. Қазір көше бойындағы шағын бизнес айтарлықтай тоқтай бастады. Тіпті соңғы айда табыс мүлдем төмендеген. Осыған орай кеңес мүшелері автотұрақ орындарының азаюы жалпы қаладағы іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін екенін ескертті.
–Жалпы алғанда әрбір нысанда 10-нан астам жұмыс орны тіркелген. Алайда, орын алған жағдайға байланысты адамдардың жұмыссыз қалу қаупі бар. Өйткені табыстың төмендеуі қызметкерлердің жалақысын төлеуге қиындық тудырып отыр. Бұл проблема тізбекті реакцияны тудырады. Бұдан қала бюджетіне де салық түсімдері азаяды, - деді кеңес төрағасы М.Сейтжанов.
Кеңес отырысына қатысқан қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов кәсіпкерлердің бұл уәждерімен келіспейтінін жеткізді.
–Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, автотұрағы жоқ, бірақ веложолы бар көшелердегі экономикалық белсенділік азаймаған, керісінше кейбір параметрлер бойынша жоғарылаған. Ал кәсіпкерлердің шығын көруі бұл мемлекетте, тіпті әлемде болып жатқан жалпы экономикалық дамудың төмендеуінен туындаған құбылыс. Дегенмен көшелерде автотұрақ болады. Бірақ бұрынғыдай жолдың шеткі тұтас бір жүріс бөлігін алып тұрмайды. Тек жол жиегіне бір жанымен ғана қоюға рұқсат беріледі, - деді Мақсұт Пернебайұлы.
Сонымен бірге кеңес отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қалалық көліктік бақылау инспекциясы қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары талқыланды.

Другие материалы в этой категории: « Жайна, шырайлы Шымқала! Ел сағынған мереке »