Нысанның ашылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, қалалық жәдел жәрдем станциясының жетекшісі Гүлнәр Құрманбекова қатысты. Мамандар шаһар басшысына түрлі құрылғылармен жұмыс істеу барысын таныстырды.
– Бұл симуляциялық орталықтың әзірге Қазақстан бойынша баламасы жоқ. Мұндай заманауи орталықтың халық саны көп қалаларда болуы маңызды. Оқыс оқиға болғанда зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетуді үйрену маңызды. Сондықтан, алғашқылардың бірі болып полиция қызметкерлері осы орталықта көмек көрсетудің жолдарын үйренеді деп жоспарлап отырмыз. Себебі, тәртіп сақшылары көбінесе жол апаты немесе басқа да шұғыл жағдайлардың басына бірінші болып жетеді. Сол кезде дәрігерлер келгенше медициналық көмек көрсетуді білгені жақсы. Бұған қоса медициналық оқу орындарының студенттері үшін де тәжірибе шыңдау орталығы бола алады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Абибуллаұлының айтуынша, мұнда түрлі жағдайға арналған 100 муляж қарастырылған. Ересектерден бастап балаларға дейін, түрлі жарақаттан бастап шұғыл бала босануға дейінгі жағдайда алғашқы көмек көрсету әдістері үйретіледі. Орталық мамандары шетелдерде білімін жетілдіріп, біліктілік арттырып келген.