Аулалар абаттанып, алаңшалар жаңаруда Избранное

Пятница, 03 Июнь 2022 03:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 881 раз

Шаһарда көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, бұқаралық спортты дамыту бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Жалпы бұқаралық спортқа қолжетімділік ауладан басталады. Бұл орайда ойын алаңшалары мен спорт алаңдарын салуда тұрғындардың ұсыныстарымен, талап-тілектерімен іске асатын «Халық қатысатын бюджет» жобасының берері мол.
Шымкент қаласында 2021 жылмен салыстырғанда биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының үлесі бес есеге артып отыр. 2022 жылы жалпы 148 жобаға қаржы қаралған. Атап айтқанда, Абай ауданында – 32, Әл-Фараби ауданында – 59, Еңбекші ауданында – 37, ал Қаратау ауданында 20 жоба іске асырылады. Өткен жылы 55 жобаға қаржы бөлінген еді.

519

 

Аулаларға сән кірді

Қала әкімі аудан тұрғындарымен есепті кездесуінде бұл бағыттағы жұмыс жоспарларынан хабардар етті. Биыл осы бағдарлама шеңберінде Әл-Фараби ауданы аумағында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылы 11 ойын алаңшасы, 10 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілген-тін.
Жыл соңына дейін «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауданда Спорт шағынауданы (№9, 24 үйлер), А.Байтұрсынов (№70, 88, 90, 89, 92 үйлер), Ә.Диваев (№142, 142б, 144, 140, 144б, 146 үйлер), Дулати (№ 205), Қазыбек би көшелеріндегі (№195 а) және тағы басқа үйлердің аулалары абаттандырылады. Екі спорт алаңшасы (Спорт шағынауданы, №23, А.Байтұрсынов көшесі, №75 а) жөнделеді. 2023 жылы 3 спорт алаңшасы (Отырар шағынауданындағы №15, 41, 55 үйлер) салынады. Жалпы биыл Әл-Фараби ауданын балалар ойын алаңшасымен толық қамту жоспарланған.
Қаланың 2021-2025 жылдардағы даму жоспарына сәйкес, нысаналы индикаторлар белгіленген.

Құрылыс қарқын алды

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – азаматтардың жергілікті бюджет қаражатын бөлу мүмкіндігіне қатысуы. Жоба азаматтардың бастамалары мен ұсыныстарының негізінде аудан аумағын абаттандыруға және дамытуға бағытталған. Жалпы аудан әкімдіктері тарапынан «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде:
– Аумақты көгалдандыру, аяқ жолдарды жайластыру, аяқ жолдарды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;
– Ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де нысандар);
– Бордюрлерді, тас-төсеніштерді, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;
– Қоқыс тастайтын жерлерді жою;
– Ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы, ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;
– Қала аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорт (жаттығу, футбол, баскетбол, волейбол) алаңдарын, балалар алаңшаларын орнату, жөндеу және жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылады.

520


Алдымен әр аудан бойынша тиісті аумақ тұрғындарынан жобалық ұсыныстар қабылданады. Жобалық ұсыныс – аудан әкімі аппаратының құзыретіне жататын, бір бюджеттік жыл мерзімінен және бөлінген қаржыландыру көлемінен аспайтын және Ереженің талаптарына сәйкес рәсімделген, атқарылатын жұмыстардың алдын ала есебі авторымен дайындалып, жоба ретінде берілген ұсыныс.
Әл-Фараби ауданы әкімдігі инфрақұрылым бөлімінің басшысы Дархан Шынтасовтың айтуынша, жобалық ұсыныстарға қойылатын бірқатар талап бар.
– Жобалық ұсыныстың аталуы қысқа, бір сөйлем шеңберінде болуы және ұсынылып отырған жобалық ұсыныстың мақсатына қайшы болмауы керек. Жобалық ұсыныстар бір өтінім – бір нысан; жалпы пайдалану объектісі; аудан тұрғындары үшін өзекті болуы; мақсаты мен нәтижесінің келісілуі; бір бюджеттік жыл ағымында жүзеге асыру мүмкіндігі шеңберінде болуы тиіс. Сонымен қатар, жобалық ұсынысқа автор болжамды сметалық есепті қоса беруі қажет, – дейді бөлім басшысы.
Д.Шынтасовтың мәліметінше, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қазіргі таңда 28 аулада тиісті жұмыс атқарылуда. 22 ауланы абаттандыру мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.

20 жобаның құрылысы басталды

Қаратау ауданында 2021 жылдың 4-14 қазаны аралығында тұрғындардан 74 өтінім түсіп, 69-ы мақұлданған. Оның ішінде, 20 жоба 10 дауыстан жоғары жинап, оң қорытынды алған.
Қаратау ауданы әкімі аппараты инфрақұрылым бөлімінің басшысы Аманкелді Омаров осы бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтті. Оның мәлімдеуінше, 20 жобаның 18-і ойын және спорт алаңшаларын салуға, 2 жоба ирригациялық арық орнату жұмыстары бойынша мақұлданған. Қазіргі таңда құрылысы басталды.
Сонымен қатар, 2022-2023 жылдарға Қаратау ауданы әкімі аппаратының «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша бюджет ережесі мен сараптамалық кеңесінің құрамы қайта бекітілген. Жоба басталғаны жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары тұрақты атқарылуда.
Ал 2022 жылдың 16-30 сәуірі аралығында тұрғындар тарапынан 58 өтінім түсті. Оның 55-і мақұлданған. 3-13 мамыр аралығында дауыс беру нәтижесінде 37 жоба регламентке сәйкес оң қорытынды алды. Қазіргі таңда жобалаушы мекеме тарапынан сметалық құжаттамалары әзірленуде.

«Өзіміз күтіп-ұстаймыз»

Шаhарда аулалар абаттанып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Өз кезегінде азаматтар мемлекет тарапынан салынған нысандарды күтіп-ұстап, дұрыс мақсатта пайдалануы тиіс.
Мәселен, Әл-Фараби ауданы Қарасу шағынауданы аумағындағы көп қабатты үйлердің аулалары 2019-2020 жылы жаңарды. Бүгінде тұрғындар жаңа нысандардың игілігін көріп келеді. Осы орайда бірқатар тұрғындардың пікірін білдік.
Қарасу шағынауданы
№65 үй комитетінің төрайымы Мадина Рахманқұлова 1985 жылдан бері осында тұрады. Айтуынша, жаңадан құрылған балалар алаңшалары, тренажер алаңдары тұрғындар бас қосатын негізгі орынға айналған. Ойын алаңдары кәдеге жарап тұр. Кейде жауыннан сыры кеткен, бүлінген ойын элементтерін тұрғындардың өздері сырлап, жөндеп тұрады екен. Үй комитетінің төрайымы тұрғындар жақсы істе ұйымшылдық таныта білетінін айтады.
Ал №69 үйдің тұрғыны Мақсұт Қазыбеков 3 баласын аулада ойнатады. Тұрғындар түн жарымына дейін аулада жүреді. Жас та, егде де тренажер, футбол алаңдарында ойынның қызығына кіреді. Түнгі мезгілде аула күндізгідей жарық.
– 2 ұл, 1 қызыммен күнде осында келемін. Барлығы жақсы. Тек футбол алаңының тозығы жетті. Соны реттеп берсе дейміз. Төсеніштерін ауыстырып, сырлап жіберсе, жаңарып шыға келер еді. Ал темір қоршаулары мықты. Одан кейін бос жатқан аумақтарға құм төсеп берсе екен, – дейді тұрғын.
Бұл аумақ қазір жаңарған, абаттанған. Қалада осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Ендігі мәселе – нысандарды мақсатты пайдаланып, күтіп-ұстауда. Тұрғындар да мұны жан-тәнімен түсінеді. Өйткені, қала – ортақ үйіміз.
Шаhарда аулалар жаңарып, қолайлы орта қалыптаса бастады. Қазіргі таңда балалардың уақытын тиімді өткізу үшін аула клубтары да ашылуда. Аулалар арасында спорт жарыстары, түрлі ойындар өтіп тұрады. Осы мақсатта спорт алаңшаларын көптеп ашу басты назарда тұр.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.