Жазғы лагерьлер қаншалықты дайын? Избранное

Пятница, 27 Май 2022 08:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 984 раз

Оқу жылы аяқталып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары басталды. Биыл Шымкентте 34 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьлерде сауықтырылады деп жоспарланды.

700

 

Жазғы кезеңде 1600 баланы сауықтыру жоспарланған «Үш бұлақ» лагері жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, қалада 33 296 бала Түркістан облысының және еліміздің басқа өңірлеріндегі лагерьлерде демалады. Сондай-ақ, шаһардың 130 мектебінде жазғы мектеп жанындағы лагерь ашылып, 151 331 баланың бос уақытын тиімді пайдалану көзделген.
Жазғы демалыс лагерінің жағдайлары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі № 146 бұйрығымен бекітілген. «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық ережелерімен регламенттелген санитарлық-гигиеналық талаптарына сәйкес болса, балалар мен жасөспірімдердің сауықтыру демалысы тиімді өтеді. Маусымдық жазғы балаларды сауықтыру бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларда нысанның санитариялық ережелерге сәйкестігі туралы қорытындысы болуы міндетті.
Санитариялық ережелерде көрсетілгендей, лагерь аумағында қоршаулар зақымданбаған болуы керек. Сонымен қатар, объектілерде тұрмыстық ауыз су, ыстық сумен жабдықтау, канализация, жарықтандыру, желдету және басқа да жүйелермен жақсы жағдайда қамтамасыз етілуі тиіс. Барлық үй-жайлар таза болуы міндетті, жуғыш және дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып күнделікті тазалау жүргізілу керек. Дератизация және дезинсекция шаралары жүргізілуі де назарға алынады. Жәндіктердің, кенелердің, кеміргіштердің болуына жол берілмейді. Объектілердің жиһаздары мен жабдықтары балалардың өсу және жас ерекшеліктеріне сәйкес болуын назарға ұстаңыздар.
Жазғы сауықтыру орнында нысан басшысымен бекітілген перспективті мәзір жасалады. Тамақ өнімдерін және азық-түлік шикізатын қабылдау олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады. Сүзбе, айран, кілегей қосылған кондитерлік өнімдер, қуырылған өнімдер, қаймақ пен майонез қосылған салаттар, тәтті алкогольсіз сусындар, фастфудтарды өндіруге және сатуға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, пастерленбеген сүт, термиялық өңдеусіз сүзбе және қаймақ, йодталмаған тұз және құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен байытылмаған (фортификацияланбаған) жоғарғы және бірінші сұрыпты ұнды пайдалануға рұқсат етілмейді.
Нысанның жауапты тұлғалары қоғамдық тамақтандыру пунктіне қабылданған өнімнің сапасын, өнімді сақтау жағдайларын және мерзімдерінің сақталуын, тәуліктік үлгіні таңдау мен сақтаудың дұрыстығын, тағам дайындау технологиясының сақталуын, жеке қызметкерлер мен асхана кезекшілерінің гигиеналық ережелерді сақтауын тексереді. Дайын тағамды беру медициналық қызметкердің дайын тағамдар сапасына органолептикалық бағалау жүргізуінен кейін жүзеге асырылады. Күн сайын ас блогында дайын өнімнің тәуліктік сынамасы алынады.
Медицина қызметкерлері балалардың аурушаңдығын азайтуға және денсаулығын жақсартуға бағытталған сауықтыру шараларының кешенді жоспарын жасайды. Үй-жайлардың, аумақтардың, суға түсу және спортпен айналысу орындарының дайындығын тексереді, балалардың денсаулығын динамикалық бақылауды жүзеге асырады, шынықтыру, сауықтыру жұмыстарын жүргізеді, қызметкерлердің профилактикалық медициналық тексеруден уақытылы өтуін қадағалайды. Барлық қызметкерлердің жұмысқа қабылданғаны туралы белгісі бар жеке медициналық кітапшалары болуы міндетті.
Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы барлық қажетті талаптарды сақтау аурулардың алдын алуға, балалардың физикалық және психикалық дамуына ықпал етеді, дені сау ұрпақтың қалыптасуына жағдай жасайды. Балалардың денсаулығы дұрыс теңдестірілген тамақтанумен, дұрыс ұйқы, дене шынықтыру және дұрыс ұйымдастырылған күнделікті тәртіппен тікелей байланысты.

Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВ,
Шымкент қаласы санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.