Версия для печати

ОТБАСЫ – ОТАН ТІРЕГІ Избранное

Пятница, 13 Май 2022 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1549 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақ қоғамында отбасы институтына қашан да баса мән берілген. «Отбасы – шағын мемлекет» деген аталы сөз содан қалса керек. Расында, әр отбасы берік болса, мемлекет іргесі де мықты болады. Қоғам отбасы қауымдастығынан құралады, сондықтан, еліміздегі отбасы негізінің берік қалануы – мемлекеттік деңгейдегі ауқымды мәселе. Отбасы институтын қорғау, дамыту – маңызды мәселенің бірі. Себебі, ресми статистика бойынша елімізде ажырасқан жұптар саны азаймай отыр.

501

 

Осы бағытта Шымкентте ілкімді істер атқарылуда. Соның жарқын мысалы ретінде «Бақытты жанұя» орталығының жұмысын атап өтуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы ретінде 2020 жылдың 27 наурызы күні ашылған болатын. Сол жылы орталыққа арнайы ғимарат бөлініп, салтанатты түрде ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Орталық жұмысы, негізінен, отбасы институтын дамыту мен қорғауға арналады. Осы бағытта мұнда аз қамтылған, көп балалы отбасыларға жан-жақты – әлеуметтік, заңгерлік, кәсіпкерлік, психологиялық қолдау көрсетіледі. Атқарылатын жұмыс аз емес, себебі, қалада жалпы 12 мыңнан астам аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылар тіркелген. Әсіресе, аналардың мұқтаждықтары бойынша түрлі деңгейдегі қызмет көрсетіледі.
– «Бақытты жанұя» орталығына қаланың кез келген отбасы мүшелері келіп, қолдау ала алады. Біздің мамандар ақпараттық қолдау көрсетіп, психологиялық, құқықтық тұрғыда кеңес береді. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталынан мемлекеттік қызмет алу мәселелері бойынша көмек көрсетіледі. Себебі, көптеген қызмет цифрлық деңгейге өткенімен, оны өз бетімен тұрғындардың барлығы ала алмайтыны жасырын емес. Оған қоса компьютер екінің бірінде жоқ. Орталықтан алған біліктің нәтижесінде көптеген жерлесіміз халыққа қызмет көрсету орталықтарында өзіне қызмет көрсету бұрыштарындағы қызметті пайдалануды үйренді. Жалпы, екі жылдан бері 7 393 адамға – офлайн, 5 507 адамға онлайн түрде жеке кеңес бердік. 754 тұрғынға психологтың, ал 480 отбасыға заңгердің кеңесі көрсетілді. Арнайы тізімге сәйкес, 6 619 отбасымен телефон арқылы байланысып, тиесілі азық-түлік үлестерін алуға көмектестік. Бұған қоса 4 282 отбасына дәрі-дәрмек қобдишасы табысталды, – дейді орталық директоры Абибулла Қалымбет.
«Бақытты жанұя» орталығының жұмысы негізгі 10 бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар – психологиялық қолдау көрсету, құқықтық көмек беру, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, медиаторлармен бірлескен жұмыс, өз кәсібін игеруге ықпал ету, жұмыспен қамтылуға жәрдем, денсаулық, тұрғын үй мәселелері бойынша көмек, түрлі курстар және аз қамтылған отбасылармен тікелей жұмыс. Бұл тұста тек аналар ғана емес, аз қамтылған отбасылардағы балалар мен әкелер де назардан тыс қалмайды. Орталықтың ұйымдастыруымен «Нұрсәт» өнер-мектебіндегі тегін үйірмелерге 50-ден астам бала қатысса, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебіне 26 балаға жолдама берілді.
– Әкімдіктер және басқармалардан арнайы қызметкерлер келіп, түрлі салаларға қатысты жалпы саны 241 кездесу өтті. Онда тұрғындардың сұрақтары бойынша кеңес беріліп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетілді. Жалғызілікті аналардың, әкелердің санасын өзгертіп, өмірлік қиын жағдайларды еңсеруде ынтасын арттыру мақсатында 13 бизнес-тренинг, 47 психологиялық тренинг өткізілді. Оларға жалпы саны 3 255 адам қатысты. Халықты, көбінесе, әлеуметтік және тұрғын үй мәселесі мазалайтыны анық білінеді. Сондықтан, жұмысымызда осы бағыттарға баса мән беруге тырысамыз. Бұған қоса түрлі деңгейдегі 502 курс өткізіліп, 400-ге жуық ана, 500-ге жуық бала қатысты, – дейді Абибулла Исламбекұлы.
Нәтижесінде сұрағына жауап алып, мемлекеттік қызметті өз бетімен алуды меңгерумен қоса мыңға жуық адам жаңа кәсіп игеріп шықты. Өз ісін бастады. Бұл – берісі үйде отырған, арысы күйзелісте жүрген жандардың өмірге деген көзқарасы өзгеріп, дағдарыстан шығуына едәуір сеп береді деген сөз. Ал жанұя мүшелерінің неғұрлым өмірге деген құлшынысы жоғары болса, отбасының іргесі де соғұрлым беки түседі. Жауапты мамандардың да, мемлекеттің де көздегені – осы.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.