ЕҢКЕЙГЕННІҢ ЕҢСЕСІН ЕҢБЕК КӨТЕРЕДІ Избранное

Пятница, 28 Январь 2022 03:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 489 раз

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен жылы «Бастау бизнес» курсынан 2095 азамат өтті. Бұл курста қатысушыларға бизнестің қыр-сыры үйретіледі. Сол арқылы азаматтар өзінің жеке бизнесін бастап, еліміздің экономикасының өрлеуіне өзіндік үлесін қоса алады.

122

 

Осы курстың ерекшелігі туралы қалалық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Дәулет Қошақов мәлімдеп берді. Оның айтуынша, 21 күнді қамтитын «Бастау бизнес» конкурсына қатысудың бір шарты қалалық Жұмыспен қамту орталығынан арнайы жолдама әкелу керек. Соған қарай конкурсқа қатысуға рұқсат алады. Яғни, жеке төлқұжаты мен электронды санды қолтаңба арқылы палатаның арнайы порталына тіркеледі. Содан соң, конкурстың онлайн оқуын аяқтап, қолдарына сертификат пен бизнес-жоспар беріледі. Осы екі құжатпен қоса тағы өтініш пен жеке төлқұжатын Жұмыспен қамту орталығына тапсырады. Сол бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш немесе 583 мың теңге көлеміндегі гранттық конкурсқа қатысуына болады. Ал байқауда кімнің жеңіске жететіні арнайы құрылған комиссия арқылы шешіледі.
Д.Қошақовтың мәлімдеуінше, жоғарыда аталған механизмдер былтырға дейін қолданылып келді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі өткен жылы аяқталуына байланысты «Бастау бизнес» оқуына қабылдану шарты қалай болатыны әзірге белгісіз. Палата өкілі Д.Қошақов 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысы қабылданғанын, соған сәйкес жаңа ереже алдағы уақытта жарияланатынын және сол бойынша наурыз айында бизнес оқу басталатынын айтты.
– 2021 жылға дейін қайтарымсыз грант көлемі 200 АЕК құраған. Жаңа ереже бойынша ол 400 АЕК-ге көбейеді деп күтілуде, - деді Д.Қошақов.
Былтыр конкурсқа қатысып грант ұтып алғандардың ішінде Жандос Фазилов та бар. Ол грант қаражатына жұмсақ жиһаз тазалайтын аппарат пен химиялық құрал-жабдықтар сатып алған. Кейіпкеріміз сұхбат барысында жаңа бизнес бастамасы жайлы тоқталып өтті.

123


– Менің жасым қазір 27-де. Ақтауда әскери теңіз флотында әскери борышымды өтегем. Одан бұрын Кадет корпусында білім алып шықтым. Әскерден кіші сержант шенімен оралдым. Бірақ белгілі себептерге байланысты әскери салада қызмет атқаруға мүмкіндігім болмады. Сол себепті қолға ілінген жұмысты істеп жүрдім. Көбінесе құрылыс жұмыстарымен айналыстым. Еврожөндеу жұмыстарын жүргіздім. Былтыр үйге кілем жуатын арнайы адамдарды шақыртып, қызметін пайдаландық. Сонда олардың жақсы табыс табатынына көзім жетті. Сөйтіп мен де өз бизнесімді ашуды ұйғардым. Конкурсқа қатысып, грант қаражатына Каучер аппаратын сатып алдым. Бүгінде ай сайын тапсырысқа қарай 100-200 мың теңге аралығында табыс тауып отырмын, - дейді ол.
Осындай грантқа қол жеткізген азаматтардың бірі — Жақсылық Балтабай. Қайтарымсыз грантқа 1 қошқар, 5 қой, 12 қозы сатып алған. Алдағы уақытта қой шаруашылығын дамытпақ ниетте. Өзінің айтуынша, мал шаруашылығы тиімді кәсіп. Оның үстіне коронавирус пандемиясынан кейін қойдың етіне, әсіресе, құйрық майына деген сұраныс күрт артқан.
Жеке бизнеске қаржылай қолдау тетігінің ішінде несиелік көмек түрі де қарастырылған. Мәселен азаматтар «Бастау бизнес» курсын аяқтап, сертификат алған соң «Shymkent-Atameken» микроқаржы ұйымынан жылдық 6 пайыздық үстемемен жеңілдетілген несие алуына болады.
Д.Қошақовтың айтуынша, бұл шағын несие ұйымын палата жанынан ашудағы мақсат — кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерге қажетті қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік туғызу. Өйткені көп жағдайда екінші деңгейлі банктер ірі кәсіпорындарды болмаса шағын кәсіпкерлерді, старт-ап жобаларды қаржыландыра бермейді. Бұл үрдіс түптің түбінде шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлес салмағының артпауына, керісінше азаюына әкелуі мүмкін. Сондықтан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы әр өңірдегі жергілікті филиалдардан осындай микроқаржы ұйымдарын ашып отыр.
Шымкент қаласының тұрғыны Дінмұхаммед Шомбалақ шағын несиелеу ұйымының арқасында арзандатылған пайызбен қаражат алып, ол қаражатты тиегіш техника сатып алуға жұмсаған. Қазір осы техниканың көмегімен тұрғындарға құрылыс саласында қызмет көрсетіп, жан бағып отыр.