– Жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда орталығына едәуір шығын келді. Тонаушылар ғимараттың кіреберісін толық бұзып, кассаларды қиратқан, банкоматтарды алып кетіп, тауарларды бүлдірді. Оған қоса бірнеше жерден от қойған. Негізінен алкоголь, гигиена заттары, тәтті тағамдар мен текстиль тауарларын алып кеткен. Абырой болғанда қызметкерлер жапа шеккен жоқ. Қазір барлығын тазартып, 10 қаңтардан бері сағат 10:00 мен 17:00 аралығында жұмыс істеп жатырмыз. Белгілі шектеуге байланысты алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды, – дейді сауда желісі директорының орынбасары Ян Нагибин.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бүгінде таңда тәртіпсіздіктен зардап шеккен кәсіпкерлік нысандары туралы мәлімет күнделікті жаңартылуда.
– Қаламыздағы 4-5 қаңтар күндердегі жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен 24 кәсіпкерлік нысан тіркелді. Барлығына келген шығын көлемі бүгінгі таңда 224 млн теңгені құрап отыр. Соның ішінде 13 кәсіпкерлік нысаны қайта қалпына келтіріліп, жұмысын бастады. Басқарма мамандары кәсіпкерлік палатасының өкілдерімен бірге зардап шеккен нысандарды аралап, фото-видео есеп жинақтауда, – дейді басқарма басшысының орынбасары Біржан Азимбердиев.