БАРЫСПЕН БІРГЕ БАҚ ҚОНСЫН! Избранное

Среда, 29 Декабрь 2021 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2043 раз

Дүниежүзі санаулы сәттерден соң Григориан күнтізбесіне сәйкес, Сиыр жылын шығарып салып, Барыс жылын күтіп алмақ. Деректерге сүйенсек, әр ел жыл санаудағы жан-жануарларды өздеріне бейімдеп айтады. Мәселен, қазақтың жыл санауындағы ұлу жылы – Қытайда айдаһар, сиыр орыс жыл санауында өгіз жылы деп аталады. Дәл солай, өзге елдердің жыл санауындағы жолбарыс бейнесі бізде барыс болып енген. Әсіресе, оның ішінде ілбіс (қар барысы) қазақ жыл санауының нышанына айналған.

864

 

Ілбіс туралы не білеміз?

Ілбіс (барыс) – тау шыңын мекендейтін кербез аң. Ресми деректерге сүйенсек, Азия құрлығының Гималай, Памир, Тибет, Тянь-Шань тау сілемдерінде ғана кездеседі. Жылдан-жылға саны азайып бара жатқан түз тағысы Халықаралық Табиғат қорғау одағының (МСОП) Қызыл кітабына тіркелген. Қазір дүниежүзінде ілбістің саны 6500-ден аспайды екен.
Ілбіс — түркі тілінен аударғанда «қар мысығы» деген мағынаны береді. Түркі елдерінде ирбис, ирбиз деп аталып жүр. Қар барысы – әлемде әлі күнге дейін ең аз зерттелген аң. Себебі, олар мекендейтін ортаға жету қиын. Олар мекендейтін ең биік жер теңіз деңгейінен шамамен 6 шақырым биіктікте орналасқан. Жаз мезгілдерінде мәңгі қар жататын белдемдерде тіршілік етсе, қыс мезгілдерінде қылқан жапырақты орман белдемдеріне қарай түседі. Ал, оның қаншалықты ұзақ өмір сүретіні нақты белгісіз. Қазіргі зерттеулер 20-25 жыл өмір сүретінін айтады.
Қар барысының жалпы ұзындығы 2 метрге дейін жетеді. Барыстар табаны жалпақ болған соң, қалың қармен жүре алады. Денесі созылыңқы болғанмен, аяқтары онша ұзын емес, бірақ өте мықты деседі. Сондай-ақ, ілбіс 6 метрге дейінгі ұзындыққа және 3 метр биікке секіре алады. Оның құйрығы ерекше ұзын. Қатты жүгіргенде немесе секірген кезде құйрығын «тізгін» ретінде пайдаланады екен.
Ілбістің аң аулау тәсілі де ерекше. Ол өз жемтігін аулау кезінде жер бауырлап сақтықпен аңдып тұрып, бірден өз екпінімен оқша атылады, әрі жартастардан 6-10 метрге дейінгі қашықтыққа секіре алады. Ілбіс көбіне таутеке, бұғы, арқар, елік, кейде суырды да аулайды. Мамандар қар барысының азаюын қорек ететін жануарлардың кемуі мен браконьерлердің заңсыз аң аулауымен байланыстырады.
Қазақстандық көрнекті натуралист жазушы Максим Зверев 1980 жылы жарық көрген түз тағысы туралы «Снежный барс» еңбегінде ертеде жергілікті тұрғындар ілбісті қолға үйретіп, оны аң аулауға пайдаланған деген дерек келтіреді. Ал, қазақстандық натуралист жазушы, әрі биолог-ғалым Павел Мариковский өз еңбектерінде алғашқы деректі растай түседі. Оның айтуынша, Жетісу өңіріндегі тасқа салынған суреттерде ілбіспен аң аулау тәсілдері бейнеленген.
Ескере кететін жәйт, «барыс» деген атау негізінен ілбістің аталығына айтылған. Өйткені, халқымыздың көне сөз тіркестерінде «таутанын (ұрғашысы) тастап барыс ат, ұлпаны жарар ішікке» деген сөз тіркестері кездеседі.

Қар барысы — Оңтүстік қазынасы

Қар барысы Оңтүстікте Ақсу-Жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде мекендейді. Мамандардың айтуынша, Сайрам-Өгем МҰТП-ға қарасты Төлеби және Өгем филиалдарында қар барысының екі жұбы бар екені анықталған.
Орман саласының ардагері Құрманәлі Жүнісов соңғы жылдары қар барысының өңірімізде сирек кездесуінің бірнеше себептерін атап өтті.
— 1950 жылдары тау аймақтарын мал жайылымы ретінде нормадан бірнеше есе артық пайдалану мен жаз мезгілінде орман қорына қарасты аумақтарда дала өртінің орын алу салдарынан ормандар деградацияға (тозу) ұшырады. Салдарынан көптеген аңдар, қар барысы өзге тауларға ауып кеткен.
2006 жылы табиғи парк құрылғаннан бастап, Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандарындағы таулы аймақтарды қорғау күшейтіліп, жайылым аумағын қысқарту қолға алынып, өрттің алдын алу шаралары жақсартылды. Нәтижесінде парк аумағында ауып кеткен аңдар қайта оралып, аң-құс түрлері көбейе бастады. Оралған аңдардың қатарында қар барысы да бар, - дейді Қ.Жүнісов.
Мамандардың айтуынша, қар барысына санақ жүргізу үшін қыста қар қалың жауған уақыт қолайлы. Алайда, ол кезде ілбіс мекен еткен тау шыңына омбы қардан жету мүмкін емес екен.
— Қар барысы біршама уақыт назарға ілікпей қалды. Кейіннен 2010 жылы Өгем тауының Мақпал көлі маңындағы жартаста кездескен. Ол кезде алыстан әуесқой фотоаппаратқа түсірілген. 2013 жылы жануарлар дүниесінің өсімін молайту бөлімінің мамандары бірнеше рет арнайы іс-сапарға шығып, қар барысы мекен еткен аумақтарды зерттеп, фотоқақпан орната бастады. Сол жылдары Төлеби филиалындағы Сарыайғыр шатқалында қар барысы пайда болғаны фотоқақпанға түскен. Қазіргі таңда парк аумағында ілбістің екі жұбы тұрақты мекендегені нақтыланып отыр. Енді олардың ареалдары (мекендері) мен соқпақтары анықталуда, - дейді Сайрам-Өгем МҰТП жануарлар дүниесінің өсімін молайту бөлімінің меңгерушісі Тілеуқабыл
Тәңірбергенов.
Сайрам-Өгем МҰТП аумағында 2013 жылдан бері қар барысы бірнеше мәрте фотоқақпанға түскен. Кейін мамандар сол аумақтардан ілбістің ізін фотоға түсіріп, зерттеген. Әсіресе, 2018 жылы қар барысының ұлттық парктің Науытсай жеріндегі бақылау бекетінен өткен видеосы республикалық арналарда тарап, сенсация ретінде жарияланған еді. Дәл осы жылы Ұлттық парктің Төлеби филиалы Сарыайғыр орман айналымындағы мемлекеттік инспекторы Б.Ақымбаев қар барысының мауығу кезіндегі дауысын естіген.
Т.Тәңірбергеновтің айтуынша, қар барысы
2021 жылдың 9 айында фотоқақпанға оннан аса рет іліккен. Бұл айғақтар — ілбістің ұлттық парк аумағын тұрақты мекеніне айналдыра бастағанының белгісі.

Келер жылдың иесі зообақта да бар

Өзге елдердің жылдық нышанына айналған жолбарысты көру үшін Шымкент қалалық зоологиялық бағына барсаңыз жеткілікті.
— Зообақта екі Амур жолбарысы бар. Таутаны — Мишель, барысы — Бек. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысық тұқымдастар класына кіретін бұл жануарды терісіндегі жолақ пен дауысына қарай ажыратуға болады. Себебі, әрқайсысының өзіне сай өрнегі мен ерекше даусы бар. Жолбарыстың өзіне тән тағы бір ерекшелігі — өзеннің қатты ағысына қарсы жүзе алуында. Жаңа жыл қарсаңында түз тағысына ерекше тосынсый әзірленуде. Жыл берекелі, табысты болсын деген ниетпен оларға сүйікті тағамын молынан ұсынбақпыз, - дейді Шымкент қалалық зообағының ветеринария бөлімінің меңгерушісі Елена Бударагина.
Е.Бударагинаның айтуынша, жаңа жылда барыстарды ерекше жаңалық күтіп тұр. Бұған дейін зообақтағы аю мен арыстан жеке, әрі кең орынға көшірілген еді. Енді Бек пен Мишель де кең вольерде еркін жүрмек.

P.S.
Қазақ халқының жорамалдарында Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы деп саналған. Тарихта барыс жылына қатысты елеулі оқиғалар болмаған соң, еліміз бұл жылдан жағымды жаңалық күткен. Ілбіс жылы Қазақ елі үшін ілкімді істер мен ізденістерге толы, індетті еңсеретін жыл болғай.