СОVID-19 вакцинасы генетикаға әсер етпейді Избранное

Среда, 22 Декабрь 2021 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 788 раз

2020 жылы ковидтің ухань және британдық штамдарымен орта жастан жоғары адамдар көп ауырды. Бұл кезде аталған вирустар балалар үшін қауіпті болмады. Ал биыл дельта штамына ересектерге қарағанда балалар мен жасөспірімдер көптеп шалдығуда.

807

 

Бұл дерт балалардың арасында жеңіл өткенімен, мульти жүйелі қабыну синдромы мазалауда. Көп балалардың дене қызуы кез келген кезде көтеріле салады, іші жиі ауырады, көңіл-күйі бұзылады, басы ауырып, құсқысы келеді, іші өтеді. Яғни, мульти жүйелі қабыну синдромы баланың жүрегінде орасан асқыну ретінде миокардит, перикардит ауруын тудырады. Сондықтан жасөспірімнің болашақта дені сау болу үшін егу жасап, қорғанышын күшейту керек.
Екіншіден, бұл инфекцияны балалар ұжымдардан (мектеп, балабақша, спорт және басқа да орындардан), халық көп шоғырланған орындардан тез жұқтырып, нәтижесінде үйдегі егде жастағы адамдарға қауіп төндіреді. Кәдімгі тұмау мен ЖРВИ-дан кейін асқыну егде жастағы адамдарда қарағанда бірнеше есе жоғары екені белгілі. Сондықтан індетке қарсы вакцинацияны алу маңызды.
Үшіншіден, балалар ковидке оңай шыдайды. Бірақ КВИ-дан пайда болатын Кавасаки синдромы өте қауіпті. Балаларда ол ауыр өтеді. Бүкіл денедегі тамырлар, көбінесе, жүрек қабынады. Кавасаки синдромындағы қанның ұю (тромбоз) қаупі өте жоғары. Балаларда бұл жағдай ұзақ және жанын жегідей жеп емделеді. Яғни, алдын ала егу қажет.
Төртіншіден, вакцинацияға қарсы көрсетілімдер өте аз: вакцинаның компоненттеріне аллергия (егер бұрын мұндай аллергия) болса; 12-жасқа дейінгі балаға; жүктіліктің 16 аптасына дейін; суық тиіп, созылмалы ауру қозған кезде немесе кез келген инфекциямен ауырса; Ковидпен ауырған 12-ден 18 жас аралығындағы жасөспірімдер 3 айға дейін егілмейді.
Бесіншіден, вакцинация жүкті және емізулі әйелдер үшін қолайлы. Жүкті және емізулі әйелдердің ағзасында иммунитет төмен болғандықтан, ауруға шалдыққыш келеді. Вирусты инфекциялар жүкті әйелдің ішіндегі баланың дамуына әсер етуі мүмкін. Жатырда баланың дамуы барысында түрлі ақаулар – жүрек ауруы, мидың дамуындағы өзгерістерге дейін (аутизм) болады. Вакциналардың мұндай әсері мен салдары жоқ. Вакцинациядан кейін емізетін аналардың сүтімен антиденелер нәрестеге беріліп, қорғаныс береді.
Алтыншыдан, ковид вакцинасы (кез келген вакцина) генетикаға әсер етпейді және адамның генетикалық кодын өзгерте алмайды. Модификацияланған рибонуклеид қышқылды (мРНҚ) Pfizer вакцинасы қарапайым жолмен, оңай антиденелерді қалыптастырады. Коронавирустың тікенегін кодтайтын ген модификациялаумен липидтердің кішкентай көпіршігіне (майдан, майлы көпіршіктен) орналастырылады. Адам ағзасында бұл ген тікенегін жинақтау кезінде иммундық жасушалар танып, оны жадына сақтап, антиденелер шығарады. М-РНҚ вакцинасы – тек құрастыру жөніндегі нұсқаулық. Сондықтан, М-РНҚ вакцинасы адамды зомби етпейді, аутизмға келтірмейді және генетиканы өзгертпейді, чиптемейді.
Жетіншіден, егуден кейінгі қорғаныш иммунитеті коронавирусты жұқтырудан қорғайды. Ковидтің мутацияланған түрі жұққанда науқаста дерттің клиникасы жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім санын он есе азайтады.
Сегізіншіден, ҚР ДСМ бекітілген алдын алу егудің міндеттелген тізбегіне сай мектептердегі бірнеше жұқпалы ауруға қарсы егулер жоспарлы түрде жүргізілуде. Жасөспірімдер үйренген білім алатын ортасы таныс болғандықтан, өздерін еркін сезінеді. Емханаға барып, дәрігерге кезекке тұрып ата-ана мен бала уақытын кетірмейді, тағы басқа жұқпалы аурудан сақ болады.
Тоғызыншы, ковидке қарсы (мРНҚ) Pfizer «Комирнати» егуді ерікті түрде бастапқы күні 1-компонентін, сосын 21-28 күн аралығында 2-компонентін білектің бұлшық етіне бір реттік стерильді шприцпен жасөспірімнің ата-анасы немесе заңды өкілінің жазбаша ақпараттық келісімімен, баланың денсаулығын дәрігер мен психологтың қарап-тексеруінен кейін, вакцина туралы ақпаратты таныстырып, егудің арнайы дайындығынан өтіп, рұқсат алған медбике вакцинаны тегін салады. Ата-ананың қалауымен тіркелген емханада екпені салдыруға болады.
Оныншы мәселе. Егуден кейін екі апта бойы қорғаныш иммунитеті толығымен қалыптасу үшін егілген бала дұрыс тамақтанып, уақтылы ұйықтап, физикалық және психоэмоционалдық режимді сақтау керек.
Екпеден кейін күтілетін жанама әселері болуы мүмкін. Айталық, 10%-ға дейін инъекция орнының ауырсынуы, ісініп, қызаруы, екі-төрт күн бойы дене қызбасы және әлсіздік, кез келген вакцинациядан кейін пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, Pfizer вакцинасынан кейін сирек кездесетін жанама әсерлер де бар. 30 жасқа дейінгі жүз мың адамның бірінде, көбінесе, ер адамдарда Pfizer мРНҚ вакцинасын алғаннан кейін миокардит пен перикардит дамуы мүмкін. Олар әдетте жеңіл түрде пайда болады, асқынуларды тудырмайды және бірнеше апта ішінде өздігінен өтеді. Бірақ COVID-19-дан кейінгі миокардит қаупі вакцинадан жүздеген есе жоғары екенін және ауыр зардаптарға әкелетінін түсіну керек.
Интернетте ковид екпесіне қатысты түрлі қауесеттер таралуда. Сол ақпараттарды оқып, тыңдаған халықтың вакцинаға деген күдігі де туындайды.
Қазіргі таңда әлем бойынша 20-дан астам елде балаларға 12 жастан бастап вакцина салынуда. Көршілес Өзбекстанда ерікті түрде 12 ден 18 жасқа дейінгі 280 мың жасөспірім егілген. АҚШ-та 5 жастан және Қытайда 3 жастан бастап вакцина салынуда.
Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы егу тегін және ерікті. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық іс-шаралар, оның ішінде екпе егілген адамның келісімімен ғана жүзеге асырылады. 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцинациялауға ата-анасының немесе олардың заңды өкілдерінің хабардар етілген жазбаша келісімімен ғана рұқсат етіледі.
Қазақстанда екпеден бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік жоқ.

Айгүл ТҰРЫМБЕТОВА,
Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
басшысының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.