Біз алаңға саналы түрде шықтық Избранное

Среда, 15 Декабрь 2021 04:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1116 раз

Тәуелсіздік таңын жақындатқан қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы күніндегі азаттық күресі — тарихи оқиға. Бодандық бұғауын бұзғысы келген қазақ жастарының қилы тағдыры қоғам қасіретімен үндесті. Шымкенттегі өнердің қарашаңырағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында қызмет етіп жүрген Серік Балхабеков, ҚР Мәдениет қайраткерлері Алтын Айнабалаева мен Қапиза Баимбетова — Желтоқсан оқиғасының куәгерлері. Бүгін өнердегі өр мінезді әртістеріміздің әңгімесін мақалама арқау етіп отырмын.

750

 

ҰСТАЗЫМЫЗ БІЗГЕ ҚОРҒАН БОЛДЫ

ҚР Мәдениет қайраткері Қапиза Баимбетова 1986 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркем сурет институтының 2 курс студенті еді.
— 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясының пленумында Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбин тағайындалғаны туралы хабар тарады. Біз бұл шешімге наразылығымызды білдіру үшін бейбіт шеруге шықтық. Алайда, біз ойлаған бейбіт шерудің соңы қанды көтеріліске айналарын сезбедік. Ішкі наразылығымызды білдіру мақсатында суретшілерге лозунг дайындау үшін бөлмедегі пердені шешіп бердім. Желтоқсан оқиғасынан кейін мені тергеуге алды, - дейді Қапиза Маханқызы.

Баимбетова Қапиза Маханқызы 2


Қапиза Баимбетованың айтуынша, 17 желтоқсан күні сабаққа бармай, таңертең қатарластарымен жатақхана алдына жиналыпты.
—Тобымызбен Виноградов,
Космонавт көшелерімен жоғарылай Сәтбаев көшесіне дейін бардық. Жол-жөнекей қатарымыз көбейіп, өзге де студенттер, жұмысшылар және орта жастағы әйелдер қосылды. Алаңға сағат 9-дан өте келдік. Біз алаңға жеткенде адам көп емес еді. Жанымда бір курста оқитын Гаухар Желеубаева, Жанна Жайлаубекова, Роза Шабденова есімді құрбыларым бар. Бірлесіп патриоттық әндерді орындай бастадық. Билік өкілдері трибунадан сөйлеп, жиналғандарды тарқатуға тырысты. Жиналған топтың оңайлықпен тарамайтынын білген Кеңес билігі жастарды алаңнан күштеп қууға кірісті. Әуелі, мұздай су шашып, әскерилер арамызды бұзды. Сол сәтте жанымдағы құрбыларымнан адасып, танымайтын топтың ортасында қалып қойдым, - дейді Желтоқсанның ызғарлы күнін еске алып.
Су шаша бастаған тұста қазақ жігіттері қыздарды ортаға алып қорғапты. Алайда, мұздай суға тоңып, ауыр соққыдан жараланған жастарды құқық қорғау органдары сүйреп әкете бастайды.
— Кім екенін білмеймін. Милиция сүйрелеп бара жатқанда бір қазақ жігіті жағамнан ұстап тартып алды да, шетке итеріп жіберді. Топтың арасынан шыққан бойда жатақханаға беттедім. Алаңға бірге шыққан құрбыларым да кешірек оралды. Аяусыз соққыға жығылып, жатақханаға жартылай жалаңаш келген қыздар да болды. Ертеңіне
18 желтоқсан күні сабақтан кейін құрбым Гаухар екеуміз алаңға тағы да бардық. Бірақ, алаңның алдында тұрған жасақ бізді ары қарай жібермеді, -дейді кейіпкеріміз.
Желтоқсан оқиғасына қатысқандар қудаланып, тергеуге алынған тұста Қапиза Маханқызы да 4 ай тергеуде болған. Тергеу кезінде қанша мәжбүрлесе де, ешкімнің атын айтпай, қатарластары үшін шыдамдылық танытқанын еске алды.
— 1986 жылдың желтоқсанынан келесі жылдың наурызына дейін созылған тергеу теперіштері санаға да, жанға да жара салды. Көтеріліске қатысқандар жаппай оқудан, жатақханадан шығарылып жатты. Біздің оқудан шығып қалмауымызға ұстазымыз, Қазақ КСР-нің Халық артисі Нұрмұхан Жантөриннің ықпалы тиді. Бізге араша түсіп, қорған болды. Ұстазымның көмегімен оқуымды аяқтадым. Бүгінде желтоқсаншылар тізімінде жоқпын, дегенмен басымдағы соққының ізі мен жүрегімдегі жара желтоқсанның айғағы болып қала бермек. Себебі, біз алаңға саналы түрде барып, қазақтың қайсар, рухы биік ел екенін көрсеттік, -дейді Қапиза Маханқызы.

КІШКЕНТАЙЛАРЫМ ҮШІН АЛАҢДАДЫМ

Театрымыздың белгілі актрисасы, ҚР Мәдениет қайраткері Алтын Айнабалаева да желтоқсанның ызғарлы күнінде алаңда өткен сәтін баяндап берді. Алматы мемлекеттік театр және көркем сурет институтының студенті Алтын Оспанқызы 16 желтоқсан күні Ыдырыс Ноғайбаевтың дәрісінен кеш шығып, ол күнгі жаңалықтан бейхабар болған.
— 17 желтоқсан күні сабаққа келсем, институтта ешкім жоқ. Аудиторияда бар болғаны 5-6 студент отырмыз. Не болғанын түсінбей отырғанымызда терезеден дауыс естілді. Қарасақ, топтағы достарымыз бізді алаңға шақырып тұр екен. Сыртқа шыққан соң, жағдайды түсіндірді. Өз елімізде, өз жерімізде өмір сүріп жүрсек те, қазақ тілінің өгейдің күйін кешетіні жаныма бататын. Мен де көкейімдегіні жеткізу үшін қатарластарыма еріп, бейбіт шеруге қосылдым. Екі күн қатарынан алаңда жүрдім. Алайда, шеруге шыққан жастардың ешбірі Үкімет өз халқына осынша жойқын күшпен қарсылық көрсетеді деп ойламады. Алаңдағы соққыға қарамастан, әр қазақтың баласы қасқайып қарсы тұруға бекінген еді, - дейді А.Айнабалаева.

Алтын апай


Оқиғадан кейін Алтын Оспанқызымен қатар жүрген құрбы-құрдастары жаппай тергеуге алынып, біразы жатақханадан, оқудан шығарылған.
— Достарымның тергеуде көрген қиындықтарын, кейбірінің сотталғанын көріп, мен өзімнің желтоқсанға қатысқанымды жасырып қалдым. Себебі, ол кезде екі кішкентайым бар еді. Балаларымның болашағы үшін қорықтым. Айтарлықтай ерлік көрсетіп, белсенді болмасам да, қазақтың қызы ретінде өз үнімді қостым. Дейтұрғанмен, қаншама замандастарымыз денсаулығын, өмірін, тағдырын құрбан еткен көтерілістің өзіне лайықты мәртебесін ала алмай отырғаны өкінішті. Себебі, олар Тәуелсіздікті жақындатқан алғашқы қарлығаштар деп білемін, - дейді А.Айнабалаева.

ЖАНАЙҚАЙЫМЫЗДЫ ЖЕТКІЗДІК

Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында вокалдан білім алып жүрген Серік Балхабеков 17 желтоқсанда шеруге шыққан замандастарына қосылып, алаңға барған.
— «Қазақ болсаң, алаңға шық!», «Азамат болсаң, алаңда бол!» деп ұрандатып, қаны бір қазақ жастары ұйымдасып, алаңға шықтық. Шеруге шыққан әр жас өзінің еліне, жеріне деген махаббатын алаңға шығып, ішкі жанайқайымен жеткізді. Жұдырықтай жұмыла білген қазақ азаматтары ел мүддесі мен болашақтың қамы үшін қайсарлық таныта білді. Түрлі жарақат алып жатсақ та, қатарынан екі күн алаңда жүрдік, -дейді Серік Тақтабайұлы.

Серік Балхабеков


Кейіпкеріміздің айтуынша, 18 желтоқсан күні қақтығыс арасында әскери жасақ бір топ жасты жатақханаға дейін қуып келіпті.
— Қарулы жасақ соңымызға түскен соң, жатақханаға қарай қаштық. Жан сауғалап, әрқайсысымыз бір бөлмеге тығылдық. Мені соңымнан қуып келген милиция орта жастағы қазақ жігіті екен. Мені көрді де: «Есікті ішінен іліп ал» деп, көрмеген кейіп танытып шығып кетті. Жасақ жатақхананың астаң-кестеңін шығарып, іздеп жатты. Алайда, сол азаматтың бірауыз сөзі мені тергеуден аман алып қалды. Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндері қазақ жастары үшін қасіретті болғанымен, халықтың бірлігін, ұлты үшін аянып қалмайтынын әлемге танытты, - дейді С.Балхабеков.

P.S.

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының актерлері алаңға шыққандарына еш өкінген емес. Олар әрдайым өнерімен, өр мінезімен кейінгі буынға үлгі көрсетіп, ел мәдениетінің дамуына үлес қосып жүр. Десек те, көкейдегі «Қудалаудан қорғанып, алған жарақаты мен көрген азабын жасырған, есімдері елге белгісіз куәгерлерімізге лайықты құрмет көрсетіліп, мәртебесі артса» деген тілектерін жасырмады. Иә, ел егемендігін жақындатып, арамызда елеусіз жүрген қаһармандарды тану және құрметтеу әрбіріміздің парызымыз!

Алтынай АЛИЕВА,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының
ақпарат және жарнама бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.