ДЕПУТАТТАР ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ЖҰМЫСЫН ОҢ БАҒАЛАДЫ Избранное

Четверг, 02 Декабрь 2021 04:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 416 раз

Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он бірінші сессиясы өтті. Онда қала әкімі Мұрат Әйтенов 2021 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

661

 

—Шымкент қаласында биыл индустрияландыру бағытында жалпы құны 153 миллиард теңгені құрайтын 63 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған болса, 10 айда 63 миллиард теңгелік 33 жоба толығымен іске қосылды. Бұл жаңадан 1200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қалған жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы, есептік кезеңде қала экономикасына
325 миллиард инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға жоғары, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
М.Әйтеновтың айтуынша, жыл басында қала бюджетінің шығыс бөлігі 383 миллиард теңге деп жоспарланса, іс жүзінде 495 миллиард теңгеге дейін жетті. Демек, бір жылда 112 миллиард теңгеге ұлғайып отыр. Әкімнің сөзіне сүйенсек, бюджеттің 45 пайызы әлеуметтік бағытқа, тағы 25 пайызы даму жобаларына бағытталған.
Есеп беру кезінде шаһар басшысы білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамыту, мәдениет, спорт, қауіпсіздік пен құқық қорғау бағыттарында атқарылған жұмыстарды баяндап өтті.
Есептен соң халық қалаулыларының атынан депутат Рәшкүл Оспанәлиева пікір білдірді.
—Бұрындары қала бюджетінің 80-90 пайызына дейін республикалық бюджеттен келетін түсімдер құрайтын еді. Соңғы 3 жылда Шымкент қаласының бюджетіндегі жергілікті түсімдер 52 миллиардтан 160 миллиард теңгеге дейін көбейді. Карантиндік шектеулерге байланысты көптеген кәсіпкерлік нысандарының уақытша жабылғанына қарамастан биыл бір жылда қала бюджетіндегі жергілікті түсімдер 35 миллиард теңгеге артты. Біле білсеңіздер, бұл — өте үлкен жұмыс, тамаша нәтиже. Осының өзі Мұрат Дүйсенбекұлының басшылығымен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болып, қала экономикасының орнықты дамып келе жатқанының дәлелі, — деді ол.
Мәслихат депутаттары қала әкімінің жұмысын бірауыздан жоғары бағалады. Айта кетейік, сессия барысында күн тәртібіндегі өзге де мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.