Версия для печати

ЖАСТАРҒА СЕРПІН БЕРГЕН ЕРЕКШЕ ЖОБА Избранное

Четверг, 02 Декабрь 2021 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1521 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Білімді, саналы, дарынды жастарға қолдау көрсетіп, ынталандыру мақсатында екі жыл бұрын «Елбасы медалі» бағдарламасы бастау алып, бүгінде өскелең ұрпақтың болашаққа дұрыс бағдар ұстануына ұйытқы болып отыр. Мәртебелі медальдың иегері атану үшін қойылатын талап та үлкен. Үміткер ең бастысы, саламатты өмір салтын ұстанып, өзін-өзі дамытуға ынталы болуы керек. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай жастарға серпін берген ерекше жобаның талаптары туралы аталған жобаның қатысушыларын әңгімеге тартып, сұрап білген едік.

656

 

– Бұл жоба жасы 14 пен 29 аралығындағы өр мақсатты Қазақстан жастарына арналған. Ондағы мақсат жастарды қоғам мен мемлекет өміріне белсенді қатысуға тарту болып табылады. Сонымен қатар, бағдарлама қатысушыларға өз қабілеттерін ашуға, өздерінің даму жоспарларын іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және қалыптастыруға көмектеседі, - дейді «Елбасы медалі» бағдарламасының Шымкент қаласы бойынша менеджері Жұлдыз Намаз.
Жұлдыз Алмазқызының айтуынша, «Елбасы медалі» бағдарламасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылып, бүгінде Елбасы академиясы қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып келеді.
– Бұл – ұлттық жоба. Әрбір мақсаты биік, талпынысы зор қазақстандық жас дербес, бәсекеге қабілетті, өзіне сенімді тұлға болып қалыптасып қана қоймай, өз уақытын бүгіннен бастап тиімді пайдалана отырып, болашағына білімі мен қабілеттерін жетілдіру арқылы инвестиция жасай алады, - дейді ол.
Осы орайда ол бағдарлама жас ерекшелігі бойынша сай келетін, тұратын жері мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан кез келген адам қатыса алатынын айтты. Бағдарлама бірінші кезекте қатысушының өзін-өзі жетілдіруін көздейді. Ол дегеніміз физикалық жағдайын жақсартып, дағдысын дамыта отырып, айналасындағы жандарға көмегін тигізу. Челлендж форматында ұйымдастырылған бағдарламаны іске асыру үшін еліміздің барлық облыстары мен қалаларында өңірлік ресурстық орталықтар мен тәлімгерлердің желісі құрылды. Бұл жобаның әрбір қатысушысына әдістемелік қолдау беру мақсатында жасалып отыр.
– Бағдарламаның артықшылықтарына келетін болсақ, біріншіден, қатысушыларға берілетін таңдау құқығы. Бекітілген 7 бағыт аясында кез келген саланы таңдап, өзін жетілдіру процесін бастай беруге болады. Екіншіден, бағдарлама қазіргі таңда ата-аналар үшін уайымға айналған баланың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі сұрақтарды күн тәртібінен алып тастайды. Челленджге қатысқан жастар виртуалды әлемнен табысқа жетелейтін ортаға көшеді. Мысалы, денсаулығына көбірек көңіл бөліп, кітап оқып, интеллектуалды және шығармашылық тұрғыда дамиды, - деп түсіндірді
Жұлдыз Намаз.
Ал, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Аян Бексұлтан «Елбасы медалі» жобасының белсенді қатысушысы. Аталған жобада Аян ғылым саласын таңдап, өзінің алғашқы жобасын дайындаған. Ол ғылыми жоба арқылы халықаралық ұйымдардың қолдауына ие болып, қаржылай грант ұтып алғанын айтады.

657


– Осы жоба аясында ғылымға деген алғашқы Start-Up бастадым деп айта аламын. Осы жазда жастар платформасының бірінші толқыны өткен болатын. Бұл жобаны қалаушы 4 азаматтың 3-еуі Елбасы медалінің қатысушылары болды. Осы жолда ғылымға жақын адамдармен танысып, аталған жобаны толықтай сәтті жасауға келістік, - дейді ол.
«Елбасы медалі» жобасының аясында Аян Мұхтарұлы UNICEF халықаралық ұйымының арнайы грантына да қол жеткізгенін айтады. Ол жобада танысқан замандастарымен бірге арнайы платформа құрып, онда жастарды кәсіпкерлік, жеке даму, SMM дағдыларын меңгеруге белгілі спикерлерді қонақ етіп шақырғанын жеткізді. Осылай топтан дараланған жас мектептің үздік оқушысы атанғанын да сұхбат барысында айтып қалды.
– Алты бағыт бойынша дами отырып, 2020-2021 жылдың үздік оқушысы атандым. Ғылым мен білімге етене араласып, мектеп әкімшілігінің көзіне ілініп,
700 оқушының ішінен мені таңдап, осындай атақты бергеніне қатты қуандым. Осы жоба арқылы тағы қол жеткізген кезекті жетістігімді айтқым келеді. Ол UNICEF-тің қолдауымен ашылған UNICUM волонтерлік мекемесіне, Шымкент қаласындағы Юнеско клубында, «New-F» волонтерлік мекемелеріне мүше болып қосылдым. UNICUM волонтерлік клубында жүріп «жылдың үздік волонтері» деген атаққа былтырғы жылы ие болдым. Айтпағым ҚР Тұңғыш Президенті ел басқарған тұста білім саласында көптеген ауқымды жобалар қабылданып, соның игілігін қазіргі білім алып жатқан жастар көріп отыр. Бізге қойылған міндет – білім алу. Осы мүмкіндікті пайдаланып, алдағы уақытта заман көшінен қалып қоймауымыз керек, - дейді ол.
Жобаның қатысушысы Дүрдана Бахадырқызы жоба арқылы грант жеңіп алған жастың бірі. Ол жобаның нәтижесі өмірін түбегейлі өзгерткенін жасырмады. Дүрдана жоба аясында кітап оқуды әдетке айналдырып, күніне 30-50 бет оқуды үйренгенін жеткізді.

658


– Түркістан қаласындағы А.Ясауи атындағы ХҚТУ 1 курс студентімін. Химия-биология мамандығының грант иегерімін. Елбасы жобасы республика деңгейінде өтіп жатқан жастар арасындағы интеллектуалды жарыс десем болады. Өйткені, бұл жоба арқылы әрбір жас қатысушы тек бір ғана емес, 6-7 бағыт аясында дарын мен дағдысын аша алады. Кітап оқу бағыты аясында сөздік қорын, ақыл-ойын сараптауға мүмкіндік алады. Ал, спорт бағыты бойынша салауатты өмір салтының негізі деген ұстанымды ұстана отырып, спортқа машықтанасың. Жастарды намысшыл, белсенді, білімді әрі салаутты, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу, сол жолға жастарды шақыра отырып, бірлесе жұмыс жасау әрбір азаматтың, жастар ұйымының басшыларының міндеті деп білемін. Өйткені, Елбасымыз «Бәсекеге қабілетті ел – қашанда бірінші орында жүре алады» деуінің өзі осыны аңғартады. Осындай тәрбие жолында мен Елбасы медалі жобасын ұсына аламын. Осы жоба арқылы маркетолог, спортшы, волонтер мамандарын шығара алатынымызға сенімім мол, - дейді Д. Құламқадирова.
Дүрдана аталған жобаның қола жүлдегері. Ол аталған бағдарламада бірнеше тапсырманы орындап, бойындағы ерекше қабылеттерінің оянғанын байқайды.
– Жобаға мектеп басшылығы ұсыну арқылы ғана емес, өзім жеке ізденісім бойынша да қатыстым. Әуелі, ең алғашқы баспалдақ қола медальға қатыстым. Біз бірінші болып қатыстық. Қиындықтар болды. Техникалық болсын, басқа да болсын түрлі дүниелер болды. Сондай қиындықтарға қарамастан менторлар мен координаторлар бізді алып шықты. Қазіргі таңда жастардың барлығында еріншектік деген қасиет басымырақ. Осы жобаның жастарға тигізер пайдасы сол еріншектіктен арылу. Кітап оқып салуым керек еді, спортпен айналысып жүргенімді салуым керек еді деп сіз өз бойыңыздағы еріншектікті жеңіп, еңбекке тәуелді боласыз. Тиімділігінің бірі осы. Осы жобаның нәтижесі менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Кітап оқуды әдетке айналдырып, күніне 30-50 бет оқуды үйрендім. Спорт саласында волейбол ойнауды меңгердім. Әдемі болуды, өз-өзімді ұстауды, әдемі сөйлеуді игердім. Мұның бәрі нәтиже. Барша қазақстандықтарды, Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен шын ниетіммен құттықтаймын. Егемендік бізге ата-бабамыздың қанымен, жүректегі намысымен келген. Сол үшінде біз жастар осы аманатта көзқарашығымыздай сақтап, атаның үмітін ақтап, ананың сенімін сақтап, еңбек етуіміз керек. Мақсатымызды айқындап, әлем мойындаған Қазақ елінің болашағын жарқын ету біздің міндетіміз деп білемін, - дейді ол.