ШЫМКЕНТТІҢ ЭКОНОМИКАСЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРІЛЕДІ Избранное

Среда, 24 Ноябрь 2021 04:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 271 раз

2025 жылға дейін жалпы құны 2.6 триллион
теңгенің 300 инвестициялық жобасы жүзеге аспақ

Соңғы жылдары Шымкент қаласының экономикасы тың серпін, жаңаша қарқынмен дами бастады. Бұған оның «республикалық маңызға ие дербес қала» мәртебесіне ие болуы әсер еткені анық. Сондай-ақ, қаланың географиялық орналасуы, нақтырақ айтқанда, оның үлкен нарықтарға жақын болуы шаһар экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Шымкенттің 500 шақырымдық радиусында 30 миллион халық өмір сүреді. Ал, 1 мың шақырымдық радиуста 7 шет мемлекеттің астанасы мен 70 миллион тұтынушысы бар үлкен нарық орналасқан. Егер 2 мың шақырымдық радиусты алып қарайтын болсақ, онда 3 миллиард адамдық алпауыт нарыққа шығуға болады. Бұл Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін көрсететін дерек.

609

 

Бұл туралы өткен аптада Шымкентте өткен YPO форумында шаһардың инвестициялық тартымдылығын таныстырған қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев айтты.
–Шымкенттің осындай тиімді географиялық орналасуы, оған қоса жақсы транспорттық инфрақұрылымның болуы қаладағы кәсіпорындарға үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр. Біздің қаладан көршілес нарықтарға тек тауарларды ғана емес, қызмет түрлерін де экспорттауға болады, – дейді Айбек Берікұлы.
Оның айтуынша, бүгінде шымкенттік 35 компания 15 шет мемлекетке тауарларын экспорттауда. Әкімдік алдағы 5 жылда экспорттаушы кәсіпорындардың санын 2 есе көбейтіп, экспорт географиясын 25 елге жеткізуді, сол арқылы сыртқы нарыққа жөнелтілетін тауар көлемін 1.5 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының экспорт көлемін 1.5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасымен үндесіп жатқан мақсат. Біз бүгін осы мақсатқа қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы органдардың қандай шараларды қолға алғанын әңгімелейміз.
Әрине, кез келген экономиканың дамуы оған құйылатын инвестицияға байланысты. Ал, мол капиталға ие ірі инвесторлар кез келген елге немесе өңірге, кез келген салаға тәуекел етіп қаржы құя бермейді. Олар инвестициялық жобаның тиімділігіне әбден көз жеткізіп, құйған қаржысының артығымен қайтарына сенімді болса ғана оң шешім қабылдайды. Демек, атқарушы органдардың міндеті – қалада инвесторлар үшін барынша қолайлы климат қалыптастыру.
Ресми деректерге жүгінсек, Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының экономикасына 2.6 триллион теңге инвестиция құйылған. Әсіресе, соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш едәуір өсіп келеді. Мәселен, биылғы жылдың 10 айында негізгі капиталға тартылған тікелей инвестиця мөлшері 325 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1.4 есеге жоғары. Бір жылда 40 пайыздық өсімге қол жеткізу дегеніңіз шынында ғажап жетістік. Жыл соңына дейін инвестиция мөлшері 400 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Әрі бұл қаржының 60 пайызы жеке және шетелдік инвесторлардың үлесіне тиесілі.
Бүгінде Шымкент қаласының экономикасы республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда біршама деверсификацияланған және оны дамушы экономикалардың қатарына жатқызуға болады. Қаланың жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп, 20 пайызын сауда және 17 пайызын құрылыс саласы құрайды. Ал, шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік ішкі өнімдегі үлесі шамамен 30 пайызға тең.
—Қала экономикасының локомативтерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жылдан жылға артып келеді. Биыл оның мөлшері 710 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Мұндай өсімді қамтамасыз етуге қаладағы 4 өнеркәсіптік аймақ ықпал етуде. Олар: 2 индустриалды аймақ пен 1 арнайы экономикалық аймақ және 1 транспорттық-логистикалық аймақ. Бұл аймақтардың жалпы аумағы 743 гектарды құрайды. Алайда, бұлардың барлығы қазір толып қалған. Онда жаңа кәсіпорын салатын жер жоқ, – дейді А.Сәттібаев. – Сондықтан бүгінде біз жаңа индустриалды аймақтар ашуды қолға алдық. Мәселен, 306 гектар алқапты алып жатқан «Жұлдыз» индустриалды аймағының инфрақұрылымы жыл соңына дейін мемлекеттің есебінен салынып бітеді. Қазірдің өзінде осы аймақта кәсіпорын ашуды жоспарлап отырған 25 инвестор бар. Олардың 10-ы өз кәсіпорындарының құрылысын бастап жіберген.
Айта кетейік, жақында өткен бағалауда Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтар бүкіл республикадағы өнеркәсіптік кешендердің арасында ең тиімді әрі қайтарымы мол жобалар ретінде мойындалды. Себебі, бұл аймақтарда инфрақұрылым желісін тартуға мемлекеттік бюджеттен жұмсалған әр 1 теңгеге 16 теңгеден жеке инвестиция тартылған.
Қала экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады деп жоспарланған екінші бір жоба – «Стандарт» индустриалды аймағы. Бұл – Қазақстандағы ресми тіркелген алғашқы жекеменшік индустриалды аймақ. Белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов қаладағы ескі қорғасын зауытының орнына 77 миллиард теңге инвестиция құюға келісім берген. Бұл қаржыға ескі зауыттың аймағы өндірстік қалдықтардан тазартылып, орнына барлық қажетті инфрақұрылым тартылады.
«Стандарт» индустриалды аймағының өзгелерінен басты айырмашылығы мұнда тек қана инфрақұрылым желілері ғана емес, сондай-ақ, өндістік ғимараттар да салынады. Яғни, шағын немесе орта кәсіпорын ашқысы келген кәсіпкер осында келіп өзіне қажетті ғимаратты жалға алады да қажетті құрал-жабдықтары мен қондырғыларын орнатып, ештеңеге алаңдамай жұмысын бастай береді.
Түсінген адамға осының өзі жаңадан бизнес бастағысы келгендер үшін үлкен қолдау. Алайда, мемлекеттің қолдауы мұнымен шектелмейді. Жақында Шымкентте «Іскер қала» атты бірегей бағдарлама қабылданған. Бұл бағдарламаның аясында «Стандарт» индустриалды аймағында кәсіпорын ашқан компанияның өндірістік ғимаратты жалға алу ақысы субсидияланады. Нақтырақ айтсақ, бірінші жылы жалға алу ақысының 75 пайызы, екінші жылы 50 пайызы, ал, үшінші жылы 25 пайызы өтеледі. Және оларға жылдық үстемақысы 2 пайыздан аспайтын жалпы соммасы 50 миллион теңгеге дейінгі жеңілдетілген несие беріледі.
—Шымкент қаласы ауыл шаруашылығына бейімделген негізгі өңірлердің ортасында орналасқан. Олар Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстары. Қала берді Шымкенттің іргесінде Өзбекстан шекарасы жатыр. Яғни, осы өңірлерде өсірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін Шымкентте терең өңдеп, қосылған құны жоғары тауарға айналдырып, ары қарай республиканың өзге өңірлеріне жөнелтуге, Ресей мен Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік бар. Осынау әлеуетті ескере отырып біз «Бозарық» агроиндустриалды аймағын ашып отырмыз. Бұл инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Әрине, Шымкент қаласының экономикасының дамуын өнеркәсіптен өзге салалардың көрсеткіштеріне қарап та байқауға болады. Айталық, қалада шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 87 мыңнан асқан болса, соның 72 600-і белсенді жұмыс істеп тұр. Онда 170 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған.
Постковидтік кезеңде бизнестің бірқатар қиындықтарға тап болғанын ескере отырып әкімдік «Іскер қала» атты өңірлік бағдарлама қабылдағанын айттық. Бұл бағдарлама негізгі 3 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт бойынша «Стандарт» индустриалды аймағы секілді дайын өндірістік парктер құрып, ол жерде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсету жоспарланған. Екінші бағыт агроөнеркәсіп кешені бойынша кластер қалыптастыруды көздейді. Үшінші бағытқа сәйкес, дайын бизнес кейстер мен франшиза бойынша жұмыс істегісі келетін бизнесмендерге жер телімі мен қаржыландыру тетіктерін ұсыну арқылы қалада сауда және қызмет көрсету орындарын көбейту жоспарланған. Осы шаралардың нәтижесінде алдағы 5 жылда шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік ішкі өнімдегі үлесін қазіргі 30 пайыздан 35 пайызға дейін өседі.
Қала экономикасының тағы бір локомативі ретінде құрылыс индустриясын айтуға болады. Себебі, халық санының жедел көбеюіне және урбанизация деңгейінің жоғары болуына байланысты Шымкентте баспанаға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Сәйкесінше, биылдың өзінде қалада 1 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. 2023 жылдың соңына дейін мегаполисте тағы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады.
—Шымкенттің құрылыс индустриясына кіргісі келетін инвесторларға жер телімдері ешқандай кедергілерсіз бөлінеді. Қазірдің өзінде 25 ірі компания қаламызда өз жобаларын жүзеге асыруда. Бұл құрылыс компанияларына ғана емес, сондай-ақ, сүйемелдеуші салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге де зор мүмкіндік дер едім. Алдағы жылдары құрылыс материалдарының өндірісі, қызмет көрсету мен сауда ерекше қарқынмен дамиды, – деді А.Сәттібаев.
Жалпы, Шымкентте 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Оған жалпы соммасы 2.6 триллион теңгені құрайтын және экономиканың барлық салаларын қамтитын 300 жоба енгізілген. Айбек Берікұлының айтуынша, күн сайын қала әкімдігінде инвестициялық штабтың отырысы өтіп, осы жобалардың дайындық және жүзеге асу барысы талқыланады. Сондай-ақ, бұл штабта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың да проблемалары қаралып, олар дер кезінде шешіліп отырады екен. Себебі, барлық атқарушы және уәкілетті органдардың басшылары осы штабтың құрамына енген.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылында Шымкент қаласының экономикасына 2.6 триллион теңге инвестиция тартылған болса, ендігі жерде тап сонша қаржы бар-жоғы 5 жылдың ішінде құйылмақ. Бұл шаһар экономикасын дамудың жаңа деңгейіне көтеріп, салық базасын кеңейтуге, жұмыссыздықты азайтып, халықтың тұрмысын жақсарта түсуге мүмкіндік береді.