Версия для печати

Жасөспірімдер екпе алып жатыр Избранное

Среда, 24 Ноябрь 2021 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1262 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте Pfizer вакцинасы жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге тегін әрі қолжетімді. Қалада бір аптада коронавирусқа қарсы америкалық Comirnaty (Pfizer) екпесі 1300-ге жуық адамға салынды. Оның 982-і жасөспірім, 155-і жүкті әйел және бала емізетін 120 ана алды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді. Қаланың бас дәрігері екпе алғандардан ешқандай да қарсы көрсетілім анықталмағанын айтты. Осыған орай біз медициналық мекемелер мен білім беру ұйымдарында вакциналау жұмыстарына қатысып қайтқан болатынбыз.

607

 

«Медикер 4K» медициналық орталығында орналасқан екпе егу пунктіне Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясы мен Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушылары ата-аналарымен бірге вакциналауға келді. Орталықта дәрігерлер алдымен жасөспірімдердің денсаулығын тексеріп, ата-анасының немесе қамқоршысының жазбаша келісімімен екпе жүргізді. Медицина орталығының бас дәрігері Айна Тасболатованың айтуынша, емханада вакцина алуға жататын жасөсіпірімдер, жүкті және бала емізетін аналар саны 2300-ден асады.
– Балаларды екпес бұрын ата-анасы немесе қамқоршысының жазбаша келісімі алынады. Одан соң, терапевт-дәрігер жеткіншектердің денсаулығын тексереді. Дене қызуын, сатурациясын өлшейді. Ауру белгілері байқалмаса, жасөпірімдердің мәліметін электронды үкімет порталына енгіземіз. Егер вакциналау кері қайтарылмаса, оған салынады. 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің бәріне ковидке қарсы вакцина жаппай салынады деген пікір жаңсақ, - дейді А.Тасболатова.
Шымкентте емханалармен қатар білім беру ұйымдарының егу пункттерінде жасөспірімдерді коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынды жүріп жатыр. КВИ-ге қарсы екпе егу жұмыстары М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназиясында да өтті. Қалалық №14 емдеу орталығының дәрігерлері мектепте жасөспірімдерге екпе салды.
Мектеп директоры Айнұр Сахованың айтуынша, аталған білім ұясында 12 мен 17 жас аралығында 883 оқушы оқиды. Оның ішінде Комирнати (Pfizer өндіруші) вакцинасын салдыруға 100-ге жуық ата-ана келісім берген. Қала тұрғыны Гүлжан Нұрлыханқызы мектептегі екпе егу пунктіне екі баласына вакцина салдыруға келген. Ұлы Дарын Абдраман 10-сыныпта оқыса, қызы Сабира Абдраман 9-сыныптың оқушысы.
– Көктемде жаппай вакциналау басталғанда, жұбайыммен алғашқылардың бірі болып екпе қабылдадық. Бүгін балаларыма вакцина салдыруға арнайы өзім еріп келдім. Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы вакцинаның пайдалы екенін айтып жатыр. Мектептегі медбике де бізге екпе алудың тиімді екенін түсіндірді. Сондықтан ұлым мен қызыма вакцина саламыз деп шештік. Бұған дейін созылмалы немесе жұқпалы аурулармен ауырмаған. Туғаннан бастап барлық екпені уақытында салдырып келдік. Соның арқасында балаларым ауырмады деп ойлаймын. Әркім саналы түрде шешім қабылдайды. Біз үшін ұл-қызымның саулығы маңызды. Қазір олардың жағдайы жақсы, - дейді Гүлжан Ташманова.
Ал №14 емдеу орталығының СӨС дәрігері Әлия Бекболқызы түске дейін мектепте 30-дан астам оқушыға екпенің бірінші компоненті салынғанын мәлімдеді. Барлық жасөспірімнің жағдайы бақылауға алынған. Алғашқы 30 минутта күту залында дәрігерлердің бақылауында болса, 3 күн мектептің медбикесі екпе алған оқушылардың денсаулығын қадағалап отыратынын жеткізді.
Айта кетейік, қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сәйкес, бүгінде шаһарда коронавирустық инфекцияға қарсы «Pfizer-BioNTech» (Комирнати) вакцинасымен 96437 тиісті контингентті вакцинациялау жоспарлануда. Олардың ішінде 15-40 апта аралығындағы жүкті әйелдер (8740 әйел) мен 12-17 жастағы жасөспірімдер (87697 бала) бар.