ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ВАКЦИНА ЕГУ БАСТАЛДЫ Избранное

Среда, 17 Ноябрь 2021 03:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1288 раз

15 қарашада үшінші мегаполистегі мектептер мен медициналық ұйымдарда жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге Pfizer вакцинасын егу басталды. Бұл ретте қалаға COVID-19-ға қарсы америкалық Comirnaty (Pfizer) екпесінің 46 800 дана мөлшеріндегі алғашқы партиясы жеткізілген. Екпе егу пунктеріндегі жағдаймен танысып, вакцинаның бірінші компонентін алғандардың пікірін тыңдап қайттық.

381

 

Шымкентте алғаш болып ковидке қарсы екпені Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназияның оқушылары алды. Мектеп-гимназияның директоры Роза Жаңабаева «Бұған жасөспірімдердің ата-аналары келісім беріп отыр. Біздегі мұғалімдер құрамы да толық дерлік екпе салдырған. Тек осылай ғана дәстүрлі оқу форматын жалғастыруға мүмкіндік барын түсінеміз», – дейді.

Қалалық №13 емханада орналасқан егу пунктінде ерікті түрде вакцина алуға келгендер бар екен. Бірі ұлын әкелсе, енді бірі 5 айлық сәбиімен келген. Олар індетке қарсы иммунитетті қалыптастыру маңызды дегенді алға тартады. Емхана бас дәрігерінің орынбасары Наталья Камалова алғашқы күні екпенің I компонентін 12 оқушы қабылдағанын мәлімдеді.
– Емханада 500-ден астам жүкті әйел тіркелген. Былтыр балалар мен жүкті әйелдердің де арасында ауырғандар көп болды. Бірақ ол кезде, өкінішке қарай, дерттің алдын алатын вакцина болмады. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жүкті әйелдер мен ата-аналар өз еріктерімен балаларын алып келіпті. Алғашқы күні 12 оқушыға вакцина салынды. Вакцинаның бір дозасы 6 оқушыға жетеді. Барлық талаптар сақталған, – дейді Н.Алексеевна.
Емхананың жұқпалы аурулар дәрігері Феруза Рахманова бала емізетін аналарға 42 күн өткен соң, ал жүкті әйелдерге 16 және 37 апта аралығында аталған вакцинаны салуға рұқсат етілетінін айтады. Инфекционист дәрігер алдымен ана мен баланың жағдайын тексеріп, сосын екпе егу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
– Вакцина салу кезінде өнімді шығарған компанияның әдістемелік нұсқаулықтары мен денсаулық сақтау министрлігінің қаулыларында көрсетілген талаптар ескеріледі. Балаларға зияны жоқ екені зерттеу барысында айтылған. Екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған вакциналардың алғашқысы. COVID-19-ға қарсы Pfizer екпесінің тиімділігін анықтау кезінде оның вирустан 95 пайыз қорғайтыны белгілі болды, – дейді Феруза Әлімханқызы.
Аталған емханада қала тұрғыны Карина Раймқұлова 5 айлық сәбиімен келіп, вакцинаның алғашқы компонентін салдырды. 25 жастағы ана бұл қадамға өз еркімен барғанын айтады.
– Қаламызға Pfizer вакцинасының келгенін күттім. Жүктілік кезінен бастап осы екпені аламын деген ой болды. Өйткені жолдасымыз екеуіміз індетті жұқтырып, қатты ауырдық. Маған қиын болды. Жазылып шыққан соң екпе салдыру керегін түсіндім. Қазір дәрігер бақылауындамын. Кері әсері байқалмады. Көңіл-күйім жақсы, – деді ол.
Екпе алуға келгендердің арасында жасөспірім де бар. Ол Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының 6 сынып оқушысы Нұрислам Таңатар. Емханаға анасымен келген Нұрислам – үйдің үлкені. Сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданады. Салауатты өмір салтын ұстанатын жеткіншек анасының келісімімен екпе қабылдауға келіпті. Ал анасы Гүлнәр Байғұтова – жалпы тәжірибелі дәрігер. Ұлының бұл ұсынысын құптаған. Өзі де екпенің тиімділігін айтып, баласына екпе алуға кеңес беріпті.
– Індеттің қауіптілігін дәрігер болған соң күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз. Өзім науқастармен етене жұмыс істегендіктен, балаларымның денсаулығына алаңдаймын. Бұл шешімге саналы түрде келдік. Ешбір ата-ана баласын жамандыққа қимайды. Ұлдарымның ауырығанын қаламаймын. Қазір күз мезгілінде дерт қозып, тұмауратқан жасөспірімдер көп. Ал екпе сол аурудың алдын алудың жалғыз жолы деп білемін, – дейді Г.Байғұтова.
Қаладағы мектептерде вакцина салу үшін 140 егу бекеті ұйымдастырылған. Абай ауданында орналасқан №23 мектеп-гимназияда 12 және 17 жас аралығындағы 2156 оқушы бар. Мұнда профилактикалық жұмыстарға барлық жағдай жасалған. Екпе егетін медицина мамандары арнайы оқудан өткен. Мектеп директоры Жанар Тойлыбаева мектептегі екпе егу бекетінің жұмысы жайлы айтып берді.
– Қалалық №13 емхана мамандарымен бірге Pfizer вакцинасын егу жұмыстарын бастадық. Екпе келмей тұрып мектептегі ата-аналарға хабарлама жолданып, ескертілді. Ата-аналарға түсіндіру жұмыстары толық жүргізілді. 29 ата-ана өздерінің балаларына екпе егуге келісімін берді. Кеше 12 оқушы вакцина алды. Дәрігерлер барлығынн қадағалайды. Емханадан арнайы медицина қызметкерлері жұмылдырылған. Оқушыларға екпе салу ата-анасы немесе қамқоршысының рұқсатымен жүргізілуде. Оқушылар немесе олардың ата-аналарына мәжбүрлеуге жол берілмейді, – деді мектеп директоры.
Айта кетейік, елімізге Pfizer вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілген. Қазіргі кезде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстарында Pfizer вакцинасын егу жұмысы басталды.
2021 жылғы 16 қарашадағы мәлімет бойынша, Қазақстанда вакцинаның І компонентін жалпы 8 556 638 адам салдырса, II компонентін 7 840 876 тұрғын алған. Елімізде ревакцинацияны биыл 22 қарашадан бастау жоспарланып отыр. Бұған дейін қандай вакцина салдырғанына қарамастан, екінші компонентті алған сәтінен 6-9 ай өткен азаматтар қайта вакцина салдыра алады.
Екпе тұрғындарға қаладағы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда, ал жасөспірімдерге білім беру ұйымдарында ата-анасының немесе оның заңды өкілдерінің ерікті келісімімен салынады. Жүкті әйелдерді, бала емізетін аналарды және балаларды вакцинациялау аумақтық емханаларда жүргізілетін болады.