«Бір аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» Избранное

Среда, 17 Ноябрь 2021 03:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 280 раз

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қазақтың тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай шымкенттік «17» жастар театры «Ыбырай» драма-оммажын сахналады. Қойылым тұсаукесеріне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, пьеса авторы, драматург Мадина Омарова және зиялы қауым өкілдері қатысты.

372

 

Драматург М.Омарованың айтуынша, пьеса жастар театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Рүстем Әуелбековтің ұсынысымен жазылған.
– Ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай театр директорынан пьеса жазуға ұсыныс түскенде біраз ізденуге тура келді. Себебі,
Ы.Алтынсарин ағартушылық қырынан бөлек ғалым, этнограф, фольклоршы болған. ХІХ ғасырдың соңында қазақ даласында миссионерлердің ықпалы күшейіп тұрған тұста қоғамдағы қысымға қарамай, мектеп ашып, оқулық жазуының өзі үлкен ерлік. Ыбырай
Алтынсарин қоғамдағы кереғар әрекетпен ашық күреспесе де жең ішінде жұдырығы түюлі болған. Ол кезде Ресей империясы қазақ даласында мектеп ашып, мұғалімдер жіберіп, отаршылдық, шоқындыру саясатын жүргізіп отырды. Осыны дер кезінде ұққан ағартушы татар, орыс тіліндегі оқулықтардан бас тартып, қазақ балаларына кітап жазды. Біз осылайша Ыбырайдың ағартушылық қырын ашуға тырыстық, – дейді драматург.
Ал қоюшы режиссер
Фархадбек Қанафин «17» жастар театрымен екінші рет шығармашылық байланыс орнатып отыр. Бұған дейін башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана» туындысын сахналаған.
– Оммаж – тарихи тұлғаға арналған арнайы еңбек. Бұл қойылым Ыбырай
Алтынсарыұлының 180 жылдығына арналып отырғандықтан, драма-оммаж деп алдық. Спектакль арқылы көрерменді ХІХ ғасырға жетелеп, қазақ даласына
Ы.Алтынсариннің ілім-білімді қандай еңбекпен әкелгенін, оның миссионерлермен күресін көрсетуге күш салдық. Жастар театры өскелең ұрпаққа, өз замандастарына ой салар дүниелер ұсынып келеді. Мұндай игі істің жүзеге асуына қолдау білдіріп отырған «Кемел болашақ» қорының еңбегін атап өткен жөн, – дейді Ф. Қанафин.
Оқиға миссионерлердің қазақ даласында мектеп ашып, онда қазақтан шыққан білімді азаматтарды пайдалана отырып, мақсатты түрде шоқындыру саясатын жүргізуінен бастау алды. Ал бұл кезде жас Ыбырай қазақ балаларының сауатын ашсам, өз ұлтының күні болар ұрпақ тәрбиелесем деп, ауыл азаматтарының басын қосады. Ал астыртын
Ресей империясының ықпалымен әрекет етіп, Н.Ильминскиймен етене жақын араласып жүрген Ыбырайдың досы Жәнібек ел ішінде кереғар ой тастап, Ыбырайды қаралайды. Алайда, Ыбырай империя тарапынан көрсетілген қысымға, досының сатқындығына қарамастан күндіз-түні қазақ балаларына оқулық жазумен болады. Ыбырайдың балалардың сауатын татар тілінде ашпай,
қазақ тілінде оқытуы миссионерлердің күдігін күшейтіп, мектепті өртеп жіберуге дейін әкеледі.
Зерттеуші, ағартушы Ыбырайдың рөлін сомдаған М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің 4-курс студенті Диас Әлиханұлы тұлғаны сомдау үшін көп ізденгенін айтады.
– Ыбырай Алтынсаринді сомдау үшін ағартушының шығармаларын оқып, өмір жолымен қайта танысып шықтым. Оның оқулық жазғанда мысал әңгімелерді менталитетімізге икемдеп, балаларға ұғынықты тілде жеткізуінің өзі ол заманда үлкен еңбекті, табандылықты қажет еткен. Ал рөлді сомдау барысында ағартушының отбасындағы, яғни жарымен арасындағы атмосфераны жеткізу қиындық туғызды, – дейді Диас Әлиханұлы.
Қойылым премьерасы аншлагпен өтті. Ыбырайдың татар тіліндегі оқулықтан бас тартып, қазақтың болмысына сай кітап жазуы, білім тарату жолындағы күресі көрермендерге ой салды.
Айта кетейік, «17» жастар театры 2018 жылы Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының ішінен студия болып құрылып, 2019 жылы жеке театр ретінде жұмысын бастаған. Репертуарында онға жуық спектаклі бар театр енді «Ыбырай» драма-оммажын республиканың түкпір-түкпірінде сахналауды жоспарлап отыр.