Кітап оқитын Шымқала Избранное

Среда, 17 Ноябрь 2021 03:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 244 раз

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 8-шағынаудандағы жастар аллеясында «Кітап оқитын Шымқала» атты кітап алмасу іс-шарасы өтті.

370

 

Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі Абай атындағы орталық кітапханасының бастамасымен мұндай көшедегі кітап сөрелері қаланың бірнеше бұрышынан ашылды. Ең әуелі ауруханалар мен оңалту орталықтарында, Қаратау ауданының аумағында С.Бәйтереков ескерткіші мен №130 жалпы орта мектеп маңында ашылса, бір апта бұрын кітап сөресі Чернобыль апаты құрбандарына арналған гүлзарға орнатылған болатын.
Буккроссинг бұрышының ашылу салтанатына фантаст-жазушы С.Исақ, Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім меңгерушісі М.Омаров,
ардагер-ұстаз Г.Шерімбетова, «Рухани жаңғыру» орталығының меңгерушісі З.Оралбаева және №23 мектеп-лицейдің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Бастама қала тұрғындарына кітап оқу мәдениетін насихаттап, көркем әдебиеттерді қолжетімді ету және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында қолға алынған.
Жиын барысында шағынаудан тұрғыны Мария Пивуарова өзі оқыған кітаптарын сыйға тартты.
– Біздің шағынауданда бук-кроссинг бұрышы ашылғанына өте қуаныштымын. Қала тұрғыны ретінде өз үлесімді қосқым келді. Жеке кітап қорымнан
Пауло Коэльоның «Алхимик», Рейнбоу Рауэллдің «Верность» романдарын сыйға тарттым. Кітап сөресінің мектептің жанынан ашылғаны да оңтайлы шешім деп білемін, – дейді ол.
Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұманованың айтуынша, кез келген тұрғын сөредегі өзін қызықтырған кітапты оқуға алып, қайта орнына әкелсе болды. Сондай-ақ, үйіндегі оқылған әдебиеттерін буккроссинг бұрышына сыйға да қалдыра алады. Мұндай бұрыштарды орналастыру келер жылы да жалғасын таппақ.