Версия для печати

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ХАЛҚЫ ЖАҢА ЕМХАНА САЛЫНУЫН ТАЛАП ЕТЕДІ Избранное

Пятница, 12 Ноябрь 2021 04:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1476 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Қызылжар шағынауданының халқы заманауи талаптарға сәйкес жаңа емхана салып беруді сұрайды. Олар қазіргі №9 қалалық емхананың халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндігі жетпейтінін алға тартады.

362

 

—Біздің Қызылжар шағын ауданында «Shubarsu Medikal Center» атты компания емхана салуды бастаған болатын. Бір топ адам емхана салынатын жердің бұрын стадион болғанын алға тартып, наразылық білдірген. Алайда, ол жердің стадион деген аты болмаса, талай жылдан бері қараусыз жатқанын білеміз. Осы күнге дейін ол жерде ешкім спортпен шұғылданып та жүрмеген. Шағын топтың арызына байланысты емхананың құрылысы уақытша тоқтатылды. Біз мұнымен келіспейміз. Бір топ адамның бүкіл халықтың атынан сөйлеуге қандай құқығы бар? Халыққа сапалы қызмет көрсететін, заманауи талаптарға сәйкес емхана ауадай қажет. Мұндағы тұрғындардың 90 пайызы емхананың салынуын қолдап отыр, – дейді Қызылжар шағынауданының тұрғыны Нұралы Зұлпыхаров.
Тұрғындардың айтуынша, қазіргі емхананың ғимараты тар болғандықтан қасындағы жеке тұрғын үйлерді жалға алып, дәрігерлер науқастарды сол жерде қабылдап отыр. Тұрғындар қаланың орталығына сабылып, кейде ақылы негізде емделуге мәжбүр болады екен.
—Ата-бабаларымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп текке айтпаған. Қазіргі пандемия жағдайында халыққа ең қажеттісі – сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет, – дейді осы шағынауданның тағы бір тұрғыны Елтаев Жақсылық ақсақал.
—Мынау №9 емхана сонау кеңестік кезеңде салынған, әбден тозығы жеткен. Оған тек Қызылжар шағынауданы емес, Жаңаталап, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Ынтымақ, Жиделі елді мекендері қарайды. Бас-аяғы 68 мыңнан астам адам бар. Жаңа емхананың салынуы — осыншама халықтың талабы. Көптің сөзін аяққа тастап, халықтың қалауына қарсы шығып, емхана құрылысын тоқтатқызып жүрген ат төбеліндей топтың әрекетін түсінбей дал болып отырмыз, – дейді ол.
Бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын жаңа емхана «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеке инвестордың қаржысына салына бастаған болатын. Бір топ азаматтың наразылығына байланысты қазір бұл іс Шымкент қалалық сотында қаралып жатыр. Тұрғындар емхананың құрылысы жалғасуын талап етіп, қарсы арыз да жазған. Сот оң шешім шығарса, инвестор емхананың құрылысын аяқтап, халық игілігіне беруге дайын.
—Жаңа емханамыз 3 қабатты болады. Ол бір ауысымда 500 адамды қабылдап, жалпы 50-60 мың халыққа қызмет көрсете алады. Онда барлық салалық маман-дәрігерлер жұмыс істейді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтардың да барлық түрлерін әкелеміз. Сондай-ақ, емхананың өз зертханасы да болады. Тұрғындар анализ тапсыру үшін басқа жаққа барып әуреленбейді. Сондай-ақ, күндізгі стационар мен инсульттан кейінгі оңалту орталығын ашуды да жоспарлап отырмыз, – дейді «Shubarsu Medikal Center» клиникасы Шымкент филиалы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зулифар Күлтаева.
Абай ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша, егер жаңа емхана салынар болса, қазіргі №9 емхана орналасқан 80 сотық жерге бірнеше спорт алаңы мен балалардың ойын алаңшалары салынады екен. Сондықтан, шағынаудан тұрғындарының сапалы ем алуға да, бұқаралық спортпен айналысуға да мүмкіндігі болады.