СОЙҚАННЫҢ САЛДАРЫ Избранное

Пятница, 12 Ноябрь 2021 03:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1155 раз

«экспроприациялағандарды экспроприациялау» болатын

«Саяси қуғын-сүргін» деген кезде әрбір көңілі ашық саналы азаматтың ойына ең алдымен қуғын көрген қазақ зиялылары мен Алаш ардақтылары ойға оралары анық. Дегенмен, қызыл қырғынның орағы кез келген деңгейдегі және әлеуметтік топтағы бас көтерген қазақ азаматтарын баудай қырып отырған. Өйткені, большевиктік режимнің негізгі көксегені ол «экспроприациялағандарды экспроприациялау» және ұлттық шет аймақтарды большевиктік орталыққа сөзсіз бағындыру еді. Большевиктік репрессия машинасы нақ осы мақсатқа қызмет жасады. Осындай бір репрессияға түскен ауыл мен оның азаматтары қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы ХХ ғасырдың басында колхоз болып ұйымдасқан ауыл тұрғындары екен.

356

 

НКВД ісінің №150 революцияға қарсы ұйым мүшесі деп айып тағылған ауыл тұрғыны Бекбай Баймұратов
1896 жылы Өзбек КСР-інің Нарын ауданының Пайтокси қыстағында өмірге келген. Тұтқындалған кезде Түлкібас ауданының Сарыбұлақ ауылдық Кеңесінің Октябрь колхозында қатардағы колхозшы болып еңбек еткен. Әлеуметтік шығу тегі – диқаншылықпен айналысқан бай деп көрсетіледі. Дегенмен, «Тұтқынның анкетасы» деп аталатын құжаттағы мәлімет бойынша оның әкесі арбакеш болып, саудамен айналысқан. Шаруашылығында 20-25 қой, 2 түйесі болғандығы жазылған. Осындай шаруашылығы бар Бекбай тұтқындалған жылы
28 жаста болған. Жұбайының аты – Жұбаш, баласы Ислам – 8 жаста, қыздары Қалбибі – 5 жаста, Қалдықыз – 3 жаста, Замыш – 1 жаста ғана болған екен.
Бекбай Баймұратов коммунистік партия қатарында болмаған. Түлкібас ауданы, Ванновка селосындағы НКВД бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты Шестериковтың 15.10.1937 жылы берген тұтқындау анықтамасында ол революцияға қарсы ұлтшылдар тобында болғандығына байланысты партияға кіру алдында кандидаттығынан шығарылған. Сондай-ақ, колхозшылармен болған жанжал үшін 1937 жылы 1 жылға еңбекпен түзеу жазасы кесіліп, сотталған. Шестериковтың анықтамалық көрсетуі бойынша Б.Баймұратов колхоз жұмысына барынша кедергі келтірген делінген. Сондықтан, оған РСФСР-дың Қылмыстық кодексінің 58-ІІ бабы бойынша айып тағылып, 1937 жылдың 15-ші қазанында тұтқындалған.
Осы тағылған айыптар бойынша НКВД-ның 1937 жылғы 4 қарашада Ванновка елді мекенінде өткізген жиналысында 58-ІІ, 58-7 баптары бойынша жаза қолдану туралы қаулы қабылданған.
Бұған негіз болған «Айыптау қорытындысы» атты құжатта Баймұратовқа Түлкібас ауданының НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) тағылған айыптарды талдап көрер болсақ, ол құжатта облыстың жер аумағында мақсаты кеңес өкіметін құлату, Қазақстанның КСРО құрамынан қарулы күрес арқылы бөліп алып шығу және ол жерде «қазақ буржуазиялық мемлекетін» құру болып табылған республикадағы «ұлтшыл, террористік-көтерілісшіл және шпиондық-диверсиялық» ұйымның ашылмай қалған бөлімшесі – «контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымының» әшкере болғандығы көрсетілген. Бір мүшесі Бекбай Баймұратовқа да осы «контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымы» Түлкібас ауданы өңірінің ауылшаруашылық саласында шпиондық-диверсиялық жұмыс жүргізген деп ауыр айып тағылған. НКВД-ның Түлкібас ауданы бөлімінің басшысы, аға лейтенант Шестериковтың онымен де тынбай, «контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымы» деп айып тағылып отырған тұлғалардың алашордашылар, байлар, молдалар және басқа да кеңестік үкіметке қарсы «элементтерді» төменгі, ауылдық деңгейдегі болса да басшылық қызметтерге тартқандығын, контрреволюциялық топтардың мүшелерін кеңестік биліктің құрамына енгізуге әрекет жасады, сөйтіп жергілікті билікті басып алуға және колхоз құрылысына қарсы әрекет жасады деген жалған айыптарды үйіп-төккен.
Алайда, айыптаулардың жалған емес екенін дәлелдеу мақсатында «Айыптау қорытындысы» деп аталған құжатқа «контрреволюциялық топ» мүшелерінің барлығының «қылмысты мойындауы туралы берген түсініктері» біршама толық беруге тырысқандықтары, өздерінің қанқұйлы істерін шындыққа жанасымды сияқты сөздермен, құжаттармен негіздеуге ұмтылыстары байқалады. Мысалы, Өтепбергенов деген азамат өзінің «контрреволюциялық топ құрамына 1936 жылы кіріп, колхоздағы байлардың аман-есен қалуы үшін жұмыс істей бастағаны, осы үшін Баймұратовпен бірге бөгде «элемент» - саудагер Джугашевке айналыс жасап, пайда табуы үшін 1000 рубль бергендіктері, «Октябрь» колхозының бастығы бола тұра Баймұратов колхоз малын сақтауға көңіл бөлмей, мал басының тең жартысын жұқпалы аурумен ауыртқандығын» көрсетеді. Айыпталушы Баймұратов Бекбайдың өзі кәмпескеге түскен қайын атасын жасырғандығын, ауданға белгілі алашордашы Кестаубаевқа анықтама бергендігін, 173 гектар жердегі мақталықтың 16-18 гектарын қуратып тастағандығын мойындайды.
Ал, Жұбай Айтбаев деген айыпталушы өзі берген куәлігінде «Октябрь» колхозының халқы арасында кеңестік құрылысқа қарсы наразылықты күшейту үшін колхозшылардан 5-25 рубль аралығында ақша жинағандығын, сөйтіп ол ақшаны өзі иемденіп кеткендігін, 1931 жылы колхозға жинаған малды талан-тараж еткенін айтады.
Осындай жалған айыптаулардың негізінде Б.Баймұратов ату жазасына, ал, контрреволюциялық топтың мүшелері деп осы бір іс бойынша айыпталған Ізтілеу Ермеков, Утеш Сейдалиев, Жұбай Сейдалиев, Барамбай Ешанов, Абдылбек Өтебергенов, Жорабай Әлімбеов деген азаматтардың әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын арқалап кете барған.
Ал, 1937 жылдың 29 қарашасында НКВД лейтананты Борисов басқарған «үштіктің» Баймұратов Бекбайға шығарған ату жазасы орындалып, ол туралы арнайы «Акт» жасалған.
Айыптаудың жалғандығын №150 іс бойынша істі болған ауыл кедейлері, партия мүшелерінің, партия нұсқаушыларының «үштіктің» шешіміне бірнеше рет берген «қарсылық хаттарынан» көруімізге де болады.
Еңбек, соғыс ардагері, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Тұрар Ыбырайұлының 2002 жылдың тамызында жазып берген естелік әңгімесі осы жағдаятқа сәуле түсірді. Тұрар Ыбырайұлы Бекбай Баймұратұлының алғашында Сарыбұлақ ауылы Октябрь колхозы болмай тұрып, Ақжар селосын ұйымдастырып, сол уақыттағы талапқа сай селоға лайықты жол салдырғанын, тауарларды ауданнан, Шымкент қаласынан, Қарабұлақ селосынан ат, өгізарба, түйелермен тасығандығын, көрші елді мекендерден дүкендер ашқанын айта келіп, Амансай, Талап, Жаңа Тұрмыс, Түйе тос елді мекендерді азық-түлік, қант, шай, тұзбен қамтамасыз еткізгендігін мысалға келтіреді. Аптал азамат жаңадан ұйымдасқан Октябрь колхозының бастығы Нақышбек Сүгірбековке колхоз ұйымдастыру кезінде кездескен кедергілерді жоюға көптеген жәрдемін тигізген. Ал, 1935 жылдың басында колхоз төрағасы ретінде колхоздың шаруашылық-экономикалық жағдайын түзеу үшін елді мекеннен мектеп, ауыл совет, медпункт аштырған. Ол үшін Сарыбұлақ ауылында Қаратау сілемдеріндегі көл-бұлақтардың суы Октябрь, Қызыл арық колхоздарының 500-600 гектар жерін суландыруға келетін, кейіннен біртіндеп азайғаннан кейін өзен бойларындағы көл-бұлақтарды бөгетіп, Ақжар, Қарабастау, Бектұрмас, Жауғаш арықтарын қаздырып өзен бойларын суландырған. Сол жылдарда мақта, дақыл ектіріп, әр гектардан 15-20 центнер мақта алуға қол жеткізген. Судың кемуіне байланысты пайдаланылмай тек орны қалған каналды Күні бүгінге дейін «Бекбай салдырған» канал деп аталады, - деп Баймұратов
Бекбайдың халыққа сіңірген еңбегінің ұрпақтан ұрпаққа жеткенін жылылықпен сөз етеді. «Ауылда орталау Октябрь атындағы мектеп болды. Сол мектептің 7 класын сонда тауысты. Ақжар селосында ауданда бірінші рет ауа телефоны болды. Бұл 1940 жылға дейін істеді. Бұл аудан орталығымен байланысты болатын. Біздің Сарыбұлақ ауданында туып, басқа шаруашылықтарда жұмыс істеген ағалар мен әкелердің еңбегін ұрпаққа айту парызымыз, - дейді.
Тұрар Ыбырайұлының мәліметіне сүйенсек,
1. Әлімбеков Шертай – бірінші болыс болған.
2. Кетаубаев Жұмабек - мұғалім, мектеп директоры, Манкент селосында Абай мектебін салдырған. Оны басқарғаннан кейін Балықшы селосынан Балықшы мектебін салдырған.
3. Қыстаубаев Жұмабек – оқу бөлімінің бастығы, Орталық партия ұйымында нұсқаушы, бөлім бастығы, трамвай пресс бастығы, түсті металлургия орынбасары болып істеген.
4. Ермеков Ізтілеу – мұғалім, Антоновка детдомы мен Балықшыда мұғалім
болған.
5. Өтеш Сейдуалиев – мұғалім, райкомда нұсқаушы болды.
6. Жұбан Сейдуалиев – колхозшы, партия ұйымының хатшысы.
7. Өтепберген Әбілдабек – есепші.
8. Сәдібеков Кәрімбек – мұғалім, мектеп директоры.
9. Есжанов Боранбай – қоймашы.
10. Әлімбеков Жорабай – Чапаев аулындағы колхоздың төрағасы.
11. Баймұратов Бекбай – колхоз бастығы.
Осы жоғарыдағы азаматтар халық жауы деп, 37-38-ші жылдарда ұсталып, тек Жұмабек Қыстаубаев 8 айдан кейін ақталып, бұрынғы Алматы қаласындағы жұмысына орналасып, 1941-1945 жылдары соғысқа қатысып, 1946 жылы оралды. Ал, Ізтілеу Ермеков, Боранбай Есжанов, Әбілдабек Өтепбергенов, Кәрібек Шәнтікерімов кесілген үкімдерін өтеп, елге келіп, 1986 жылдары бақилыққа кетті. Ал, қалған бес кісі сол жақта дүниеден өтті. Бұлардың барлығы да 1955-1960 жылдары ақталды.
2021 жылы Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ХХ ғасырдың 30-шы жылдары «саяси құғын-сүргінге» ұшыраған жандардың ақталу жұмыстарын күшейтуге республикамыздың түкпір-түкпірінде орналасқан архивтерді мүмкіндігінше қайта қарап, ақталмаған азаматтар бойынша бір қатар жұмыстарды ұйымдастырып, осы үдеріске барынша зиялы және ғылым саласындағы қызметкерлерді тартуды тапсырды. Сондай-ақ шындыққа қол жеткізіп, ұрпақтарының алдында мемлекет деңгейде ақталу жұмыстарын жандандырып және сол жылдары қылмыстары жоқ екенін дәлелдеп, халық алдына өзінің еңбегімен, іс-әрекетімен сол ауыл тұрғындарының ой-өрісіне, экономикалық және әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастырып, бір қатар жетістіктерге жеткені туралы зерттеу мақсаты тұр.
Қазақ халқының сол кезеңдері билікке қарсыласпай, оның саясатына көніп, қоғамның заңдармен өмір сүріп жатқаны, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеп кетсе де, өзінің кішкене шаруасымен жан баққандары белгілі еді. Өз жерінде ғасырлап келген ата-дәстүрмен жалғасып, малын жайып, азын-аулық жер телімінде егінін егіп жүрген қарапайым халықты, кеңес үкіметіне қарсы «идеологиялық қөзқарастармен» халық арасында «контрреволюциялық ұғымдарды» таратып жүр деп айыпталғаны да өте ауыр жағдай. «Халық жауы» аталған азаматтардың ұрпағына жылдар бойы психологиялық қысым жасалды.
Тәуелсіздіктің нышаны – қазақ халықтың кеңес идеологиясынан бостандық алу және 30 жылда елдің ойы өз дәстүрімен әдеп-ғұрпына біртіндеп қайта оралуы, өз геосаяси бағыттарын айқындау, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды іске асырып, өзі ешкімнің айдаусыз дами алатынын да әлемге дәлелдеді. Ал, халқына адал қызмет етіп, елін өркендетуге бар ынта-жігерін салып келген қазақ азаматтарының таза және адал ісі мен сөзі ақталып, мәңгі қазақ тарихында қалуы тиіс.

Г. ЖАНЫСБЕКОВА
т.ғ.к., доцент, М.Әуезов атындағы ОҚУ, «Рухани жаңғыру және Қазақстан халқы
Ассамблеясы» орталығының басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.