Азат елдің құны бөлек Избранное

Пятница, 12 Ноябрь 2021 03:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 369 раз

Намысшыл қазақ жастарының ызғарлы желтоқсанда империяның сұрқия саясатына қарсы шығып, Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тігуі Тәуелсіздік таңын жақындатты. Желтоқсаншылардың сол қаһарлы күндердегі қайсарлығы мен көзсіз ерлігі — бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Осындай желтоқсанның желіне тоңып, елі үшін ерлікке барған азаматтың бірі — Мұратбек Шекербеков.

353

 

«Желтоқсан көтерілісін Жезқазғанда естідім»

Мұратбек Шекербеков — 1986 жылы Алматыдан алыста жүрсе де, ел басына күн туғанда қол қусырып қалмаған өр мінезді азамат.
— 1985 жылы Кентаудағы тау-кен техникумын тәмамдап, жолдамамен Жезқазғандағы 67 шахтаға бұрғылаушы болып орналастым. Ол кезде қазіргідей емес, хабар газет-журналдар арқылы ғана тарайтын. Біз жұмыс істейтін кен орны қаладан біраз шалғайда еді. Бірінші басшыны қазақ жерінің, елінің тыныс-тіршілігінен хабарсыз өзге ұлт өкілінен тағайындамақ болғанын, оған Алматыдағы қазақ жастарының көтерілгенін Жезқазғанға демалысқа келгенде естідік. Шахтаға Кентаудан бірнеше жігіт келгенбіз. Бәріміз жиналып, Жезқазғандағы пединститутта оқитын шымкенттік қыздарға бардық. Олардан Алматыдағы оқиға жайлы біраз ақпар алдық. Жатақханадағы қазақ қыздарға біраз қысым көрсетіліпті. Таяққа жыққан оқиғалар бар. Алматыдағы жастарды күшпен тоқтатқанын да естідік. Кейінірек газеттерден қазақ жастарын кінәлаған түрлі мақалалар жарияланды. Қ.Рысқұлбеков сынды азаматтардың ұсталып, жауапқа тартылып жатқанын естіп, дәрменсіздік үшін ішіміз қайнап, кеудені ашу кернеді, - дейді ол.

354


Шахтаға қайта жұмысқа барса да елдегі орын алған оқиға намысшыл жігітті бей-жай қалдырмайды. Жұмыстан соң жатақханадағы қазақ жігіттерімен ақылдасып, 20 желтоқсан күні түнде жасырын шығып, Жезқазғанға қайта келіпті.
— Қазақ жастары жүрген жерлердің барлығында қадағалау күшейген. Ал, біздің жатақханада жөндеу жұмыстары жүріп жатқан болатын. Сол жерден бір ыдыс эмаль сырды алдым да, терезеден түсіп, Жезқазғанға беттедім. Қаланың орталығында «Космос» кинотеатры, ұсақ-түйек және тұрмыстық заттар дүкені болатын. Осы ғимараттардың сыртына «Смерть Колбину», «Да здравствует казахи!» деп жазып шықтым, - дейді Мұратбек Шекербеков.
Желтоқсаншының айтуынша, келесі күні-ақ оқу орындарының, шахтаның жатақханаларында тексеру жүріп, әлгі жазулардың иесі іздестіріліпті. Қасындағы бірге келген жерлестері бояу жұққан киімдерді жасырып, ешкім ешнәрсе көрмеген-білмеген болып бағыпты. Сонда да күдік М.Шекербековке түсіп, құзырлы органдар бір апта бойы соңынан аңдиды. Кейіннен шахтадағы достарын біртіндеп тергеуге алып кете бастайды.
— Тергеу күшейіп, жанымдағы достарымды да қинай бастаған соң, жаңа жылдың алдында шахтадағы соңғы ауысымнан кейін елге қайтамын деп шештім. Тергеуге шыдай алмаған достарымның бірі елге жиналып жүргенімді айтқан екен, мені шахтадан ұстап алып кетті. Тергеу изоляторында 3 тергеуші кезек-кезек үзіліссіз тергеді. Психологиялық қысым көрсетілді. Мен үшін ол іске қатысы жоқ достарымның тергеліп жатқанына шыдай алмадым. Сөйтіп, олардың еш қатысы жоқ екенін, босатуын өтініп, істі мойныма алдым, - дейді Мұратбек Жандарбекұлы.
М.Шекербеков 1987 жылдың сәуіріне дейін тергеу изоляторында болған. Сөйтіп, 14 сәуір күні Қазақ КСР қылмыстық кодексінің 60-бабымен айыпталып, екі жарым жылға бас бостандығынан айырылады.

«Бар ауыртпалық анама түсті»

Сот шешімі шыққан соң, М.Шекербеков Қарағанды облысы Қарағайлы елді мекеніндегі түзеу колониясына түседі.
— Түзеу колониясының түрмеден айырмашылығы, мұндаға жазасын өтеушілер жұмыс істеуші еді. Мен түскен колония көкөніске арналған тор қап тоқитын. Келген бойда сотталған бабымды сұрады. Алпысыншы бап екенін айтуым мұң екен, маған деген көзқарастары өзгеріп шыға келді. «Халық жауы», «бүлікші» деп, ешбір тәртіп бұзбасам да, араға уақыт салып, 15 күннен 3 рет айып изоляторына (ШИЗО) қамап тастады. Біршама уақыттан кейін Көкшетаудағы «Гранитный» елді мекеніндегі түзеу мекемесіне ауыстырды. Ондағы тігін цехында бушлат пен қолғап тіктік. Екі жыл 3 ай өткенде «сіздің ісіңізге қатысты қате үкім шығыпты, айыппұл салуымыз керек екен» деп, абақтыдан босатты, - деп кейіпкеріміз қапастағы қатал күндерді еске алды.
Бостандыққа шығып, Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданы Бөген совхозына елге оралады. Еңбек кітапшасындағы түзеу мекемесінің мөрін көрісімен-ақ, елдегі ешбір мекеме жұмысқа алмай, үш жылдай бос жүріпті.
— Әкем соғыс ардагері болатын. Майданда алған жарақатынан ерте қайтыс болған. Менің басымдағы істің ауыртпалығын анам Орынкүл көрді. Мен тергеу изоляторында жатқанда Жезқазғанға іздеп келіпті. Жатақханадағы достарым қорыққан болар, теріс айналып, анамды бөлмелеріне кіргізбей қойыпты. Сөйтіп, қыстың қақаған суығында анам қайда барарын білмей жүргенде, депортация жылдары саяси қуғынмен Жезқазғанда қоныстанған поляк әйелі үйіне қондырыпты. Тіптен, анам сот отырысына келгенде «Халық жауының шешесі» деп шашын жұлып, жұлқылағандар да болыпты. Мұның бәрін елге келіп естігенде, анамның мен үшін көрген қиындықтары жаныма батты. Анам менің елге келіп, бір мөрдің кесірінен жұмысқа орналаса алмай жүргенімді көріп, «бірнәрсеге ұрынып қалмасын» деді ме, дереу үйлендірді. Студент кезімде самбо, қазақ күресінен жарысқа қатысып, біраз алған жүлделерім болатын. 1991 жылға дейін осы спорт түрлерінен ауылдағы мектеп оқушыларын жаттықтырып, қолға түскен қара жұмысты істеп күнелттік, - дейді М.Шекербеков.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, Елбасы Н.Назарбаев «1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығын жариялаған соң, М.Шекербеков еңсесін тіктеп, қайта жұмыс істеудің жолын қарастырыпты. 1992 жылы Жезқазғандағы шахтаға барып, еңбек кітапшасын жаңадан толтырады. Сөйтіп, сол жылы Шымкентке көшіп келіп, қорғасын зауытына жұмысқа орналасыпты.
— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың әлеуметтік жағдайы күрт қиындап кетті де, бәріміз күнделікті тұрмыстың соңынан кеттік. 2000 жылы қаладағы ескі автовокзалда желтоқсаншы Сәбит Исабеков есімді азаматпен таныстым. Ол Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды іздестіріп жүргенін айтты. Кейіннен «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігіне мүше болып, тағдырлас жандармен таныстым. Сәбиттің көмегімен құжаттарымды жинап жүріп, 2002 жылы толық ақталдым, - дейді кейіпкеріміз.
Мұратбек Шекербеков бүгінде екі ұл, екі қыз өсіріп отырған ардақты әке. «Еліміздің тәуелсіздігі жолында құрбан болған жылдарым үшін өкінбеймін. Алайда, келер ұрпақ «Тәуелсіздік», «еркіндік» деген сөздерді тереңінен ұғынып өссе екен» дейді ол.