Мұндағы мақсат – қыс мезгіліндегі инертті материалдар қорын, арнайы техникалардың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтау. Бұған қоса қыста туындауы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою пысықталды.
– Қыс айларында қалада жалпы ұзындығы 1040 шақырымды құрайтын 315 көшеде қар тазаланады. 32 бағытта коммуналды-техникалық қызметтің 684 техникасы және 1901 маман жұмыс істейді. Жауапты мамандарға қар жауып тұрғанда ұзын жолдарды бөліп-бөліп тазалау арқылы уақытты ұтымды пайдалану жөнінде тапсырма берілді. Қазіргі таңда 5 мың тоннадан аса тұз, 22 мың текше метр құм дайын. Инертті материалдар қорын толықтыру жұмыстары жалғасуда, – деді қала әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, коммуналды қызметтен бөлек, қалалық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің 15 техникасы мен жеке құрамдағы 105 қызметкері, апаттар медицинасы орталығы филиалының 4 техникасы мен 11 маманы, «Қазселденқорғау» мекемесінің 10 техникасы мен 11 адамы қыс мезгіліне дайын.
Ал, ауа райы нашарлаған жағдайда Шымкент қаласының полиция департаменті Шымкент–Алматы, Шымкент–Ташкент және Шымкент–Қызылорда секілді 3 бағытта автомобиль қозғалысын тоқтату бойынша жұмыс жүргізеді. Қажет болған жағдайда 123 жиналу-эвакуация пункті көмекке дайын.