Версия для печати

Баланың балалығында әкенің даналығы бар Избранное

Среда, 10 Ноябрь 2021 04:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1902 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте VІ республикалық әкелер форумы өтті

Шымкент қаласында «Әкеге қарап ұл өсер» атты VІ республикалық әкелер форумы өтті. Отбасы институтын нығайту және ер адамдардың отбасындағы рөлі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған форумның ашылуында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан сөз сөйлеп, жиынның маңызын атап өтті.

329

 

—Бүгінде қоғам ауқымды трансформацияны басынан өткізуде. Осылай жедел өзгеріп жатқан қоғамдағы ер азаматтардың орны мен рөлі, оның мойнындағы міндеттер қандай? ХХІ ғасыр жағдайында жақсы әкеге қандай талаптар қойылады? Бүгінгі форум, міне, осы мәселелерді ашық талқылауымен маңызды деп ойлаймын, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы. – Сонымен бүгінгі әкелердің ең маңызды миссиясы қандай? Менің ойымша қазіргі әкенің басты міндеті – әйелдері бақытты ету. Себебі, әйел бақытты болса, бала да, отбасы да бақытты болады. Тіпті, әйел бақытты болса, әлем бақытты десек те артық айтқандық емес. Шыңғыс Жұмабекұлы Гэри Чепменнің «Махаббаттың 5 тілі» атты кітабын ағылшыншадан қазақ тіліне аудартып жатқанын айтты.
—Бұл кітапта автор отбасы бақытты болуы үшін мынадай 5 тәсілді қолдануды ұсынады. Олар: жақсы сөз айту, уақытты мазмұнды өткізу, сыйлық беру, бір-біріне адал қызмет ету және физикалық қарым-қатынас. Бүгінгі ер азаматтар осы бес мәселеге мұқият болса, жары мен балаларын бақытты ете алады деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде елімізде отбасы институтының нығаюына ықпал етеді, – деді Ш.Жұмабекұлы.
Сонымен қатар, алқалы жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров, БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сейсемәлиев сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған форумға республиканың барлық қалалары мен облыстарынан делегаттар қатысты. Атап айтқанда, отбасылық саясатқа жауапты орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық ұйымдардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының және ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың өкілдері әкелер институтын дамыту мәселесін бірлесіп талқылады.
Форум барысында Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының жетекші сарапшысы Айнұр Бақытжанова «Еркектердің рөлі, олардың отбасы өміріне атсалысу деңгейі және Қазақстандағы балалардың тәрбиесі» атты кешенді ұлттық зерттеудің нәтижесімен таныстырды.
—Қазақстанда отбасы институтының әлсіреуіне халықтың әлеуметтік жағдайы да әсер етуде. Мәселен, біздің орталық жүргізген зерттеуге қатысушылардың 31 пайызы тұрмыстық техника мен жиһаз сатып алуға, тағы 20 пайызы сапалы азық-түлік алуға табысы жеткіліксіз екенін айтты. Ал, респонденттердің 34 пайызы тұрып жатқан баспанасының өз меншігінде еместігін алға тартқан, — деді Айнұр Айбынқызы.

330


Мұнан кейін қатысушылар аталған зерттеудің қортындыларын талқылады. Оған «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышев, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесі» төрайымы Нәзипа Шанай, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте және өзгелер қатысты.
Форум аясында «БАҚ пен блогерлердің Қазақстандағы отбасы институтының қалыптасуына ықпалы», «Отбасы және дін», «Мектептер жанындағы әкелер кеңестерін дамыту», «Отбасы тәрбиесіндегі әке рөлін арттыру», «Ерекше балалардың ерекше әкелері», «Балалардың спорттық тәрбиесі» және «Бала тәрбиесіндегі кітаптардың рөлі» атты панелдік сессиялар өтті.
Мәселен, «БАҚ пен блогерлердің Қазақстандағы отбасы институтының қалыптасуына ықпалы» атты сессияда белгілі журналист Ерболат Мұхамеджан интернет кеңістігінде отбасы құндылықтарын насихаттайтын, үлгілі отбасыларды елге танытатын және балаларға арналған қазақтілді контент өте аз екенін айтты.
—Біз қаласақ та, қаламасақ та балалардың тәрбиесіне интернет қатты әсер етіп жатыр. Бірақ, интернетте балаларға зиянды ақпараттар өте көп. Өкінішке қарай, мемлекет әлі күнге телеарналарға басымдық беріп, интернет кеңістікке қажетінше назар аудармай отыр. Соның салдарынан отбасы институтын насихаттайтын, үлгілі отбасыларды елге танытатын және балаларға арналған қазақтілді контент өте аз. Сондықтан осы тақырыптағы контенттерге мемлекеттік тапсырысты көбейту қажет. Әрі оны тек телеарналарға ғана емес, интернет ресурстарға да бөлген жөн. Бір ғана «Балапан» телеарнасы жеткіліксіз. Менің ойымша, оған бәсекелес болатын балалар телеарналарын ашатын уақыт жетті, – деді Ерболат Мұхамеджан.
Айта кетейік, бұл тақырыпты талқылауға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров, журналист, медиасарапшы Максим Рожин, БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілі Юлия Лысенкова, белгілі блогер Батыржан Ибрагим және «Әкелер одағы» бірлестігі Алматы қалалық филиалының жетекшісі, продюсер Әлихан Мұсатов қатысты.
Ал, «Отбасы және дін» атты панелдік сессияға қатысушылар отбасы құндылықтарын насихаттаудағы діннің рөлі мен маңызы, жасөспірімдерді деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқыға салды.
—Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарым-қатынас жасағандарың» деген хадисі бар. Сондай-ақ, Алла елшісі «Ешбір әке баласына көркем тәрбиеден артық мұра қалдыра алмайды» деп айтқан. Осының бәрі Ислам дінінің отбасына ерекше назар аударатын, үйдегі әкенің рөлін айқындап, оның мойнына зор жауапкершілік жүктейтінін көрсетеді. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отбасы институтын нығайтуды өз қызметінің аса маңызды бағыты ретінде қарастырады, – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб-мүфти Ершат Оңғар.
Оның айтуынша, ҚМДБ отбасы құндылықтарын ілгерілетуге арналған жұмысын 7 бағыт бойынша жүргізуде. Соның ішінде ең маңыздыларының бірі мұсылман қауымын ақпараттандыру және қоғаммен байланыс орнату.
—Діни басқармаға қарасты 21 сайт жұмыс істеп тұр. Биыл «Munara TV» атты діни-танымдық телеарна іске қосылды. Бұл заманауи технологияларды қолдана отырып, отбасы институты үшін маңызды ақпараттарды көпшілікке жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біз үгіт-насихат барысында, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру кезінде де отбасы институтын нығайтуға мән береміз, – деді Ершат Ағыбайұлы.
Сессия барысында
ЮНПФА-ның ұлттық бағдарламалар үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова және
Нұр-Сұлтан қаласындағы Діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары Жандәулет Сүлейменов сөз сөйлеп, тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салды.
«Мектептер жанындағы әкелер кеңестерін дамыту» тақырыбындағы панелдік сессияда «Сеніммен болашақ» республикалық қоғамдық ата-аналар бірлестігінің жетекшісі Ғалымбек Бермағанбетов мектепте ата-аналар жиналысымен қатар, әкелер жиналысын өз алдына бөлек өткізу қажет деген пікір айтты. Себебі, біздің қоғамда бала тәрбиесімен көбіне әйел адамдар айналысады да, әкелер осынау маңызды шаруадан шет қалып жатады. Ата-аналар жиналысына көбіне аналардың келетіні соның айғағы.
—Мектепте ата-аналар жиналысын өткізсек, көбіне аналар келеді. Содан кейін оқушының әкесіне хабарласып неге жиналысқа өзі келмейтінін сұрадық. Көпшілігінің айтатыны «әйел адамдардың арасында қалай отырамын» дегенге саяды. Сондықтан біз әкелер жиналысын өткізе бастадық. Бұл өз нәтижесін берері сөзсіз. Өйткені, қанша жерден жігерлі, мықты болғанымен, әйел адам әкенің тәрбиесін бере алмайды. Әкесімен сөйлесіп, сырласып, достасып, оның қолдауын сезініп өскен бала өз-өзіне сенімді әрі табысты болады. Халқымыз «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген сөзді текке айтпаған, – деді Ғалымбек Темірбекұлы.
Сессия барысында Тараз қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының жанындағы «Әкелер кеңесі» төрағасының орынбасары, кәсіпкер Бауыржан Елжанов сөз алып, аталған лицейлердің ата-аналармен, соның ішінде әкелермен жұмыс істеу тәжірибесін өзге мектептерге де үлгі ету қажеттігін айтты.
—Білім-инновация лицейінде менің 1 қыз, 1 ұлым оқиды. Шынын айтқанда, бұл білім ошағы менің перзенттерімді ғана емес, өзімді де тәрбиелеп жатыр десем артық айтқандық емес. Лицейде директордың ата-аналармен байланыс жөніндегі орынбасары бар. Соның нәтижесінде ата-аналар апта сайын бас қосып, бір-бірімен араласып тұрады. Мәдени-спорттық шараларда және сұхбаттасу кештерінде біз өз баламызды, олардың достарын, сыныптастарын және олардың ата-аналарын таныдық. Бұл балалармен жақсы байланыс орнатуға, олардың арман-мақсаттары мен қалауларын білуге мүмкіндік берді, – деді Бауыржан Жексенбайұлы.
Панелдік сессия барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова сөз сөйлеп, отандық білім жүйесіндегі тәрбие беруді жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Форумның соңында барлық делегаттарға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Алғыс хаттары табыс етілді.