ТӨРТ МЫҢ СТУДЕНТ ЖАТАҚХАНАМЕН ҚАМТЫЛАДЫ Избранное

Среда, 03 Ноябрь 2021 04:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1435 раз

Бүгінде Шымкентте 106 792 студент білім алуда. Оның 75 022-сі шаһардағы 8 жоғарғы оқу орнында оқиды. Сондай-ақ, 32 колледжде 31 770 студент бар.
Мегаполисте студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

206

 

Өйткені, 106 мыңнан астам шәкірттің шамамен 75 500-і Шымкентке көршілес аймақтар мен облыстардан келіп оқиды. Яғни, осынша студент жатақханаға орналасуы тиіс. Ал қазір қалада жұмыс істеп тұрған 22 жатақхана 7 175 студентті қабылдай алады. Демек, баспанаға мұқтаж студенттердің 9,5 пайызы ғана қамтылған.
Қазір қалада жалдамалы пәтердің бағасы шарықтап тұрғаны жасырын емес. Өйткені, күннен күнге дамып, көркейіп келе жатқан шаһарда өмір сүргісі келетіндер көп. Сұраныс болған соң бағаның қымбаттауы нарық заңдылығы. Сол сұранысты көбейтуге студенттердің де елеулі үлес қосып отырғанын жоғарыдағы цифрлардан байқадық. Егер жатақхана мәселесі толық шешілсе, пәтердің бағасы да сабасына түсер ме еді?!
Жатақхана – студент үшін тек баспана ғана емес, жастардың үлкен қалада тезірек әлеуметтеніп кетуіне жәрдем беретін бірден-бір орын. Әрі онда ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша үйірмелер, шығармашылық орталықтар мен спорт секциялары, түрлі клубтар жұмыс істейді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, мұнда шәкірттің сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастамасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жатақхана құрылысын қолға алуды жүктеген болатын. Содан бері елімізде бұл мәселеге баса назар аударылып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы арқылы жоғары оқу орындары мен жеке инвесторларға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Өз кезегінде ЖОО мен кәсіпкерлер өз қаржысына жаңадан ғимарат салады немесе бұрыннан бар ғимаратты жатақханаға лайықтап, реконструкциялауы да мүмкін.
Осы механизм арқылы ашылған жатақханаға орналасқан әр студент үшін оның иесіне «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан мемлекеттік тапсырыс аясында ақы төленеді. Студенттер үйі құрылыс арқылы іске қосылса, онда әр студент үшін бір жылға 122 айлық есептік көрсеткіш, ал егер бұл жатақхана реконструкциялау арқылы іске қосылса, онда 47 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. 2021 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2 917 теңге екенін ескерсек, жаңа жатақхана салған инвестор қабылдаған әр студенті үшін бюджеттен 355 874 теңге алады.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мәліметі бойынша, осындай механизм арқылы Шымкент қаласында 2023 жылдың соңына дейін 4 мыңнан астам студентті орналастыруға арналған 11 жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Атап айтқанда, биыл 1 474 орынды 4 жатақхана пайдалануға берілмек. Соның ішінде 1 100 студентті қабылдай алатын 3 жатақхана қыркүйек айында ашылды. Оның бірі «Рабат палас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шымкент қаласы Ж.Алдияров көшесіндегі 700 орынды жатақханасы болса, екіншісі – академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің 300 орынды жатақханасы. Ал үшіншісі ЖК «Каримбаевтың» 100 орынды студенттер үйі. Ал М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 374 орынды жатақханасы желтоқсан айында пайдалануға беріледі.
Басқарманың мәліметіне
сүйенсек, Шымкентте 2022 жылы 900 орынды 2 жатақхананы, ал 2023 жылы 1 650 орынды тағы 5 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған.