ЖЕЛТОҚСАН ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТАБАН ТІРЕР ТАРИХИ НЕГІЗІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС Избранное

Среда, 27 Октябрь 2021 03:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1152 раз

Ата-бабаларымыз «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді текке айтпаған шығар-ау. Күннің күнінде Қазақ елінің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төнсе, оған қарсы тұратын күштің қайнар көзі қайсы? Болашақтың қамын ойлайтын ел, Құдайдан үміті бар жұрт екеніміз рас болса, бұл сұрақ бізді әркез ойландыруы тиіс.

155

 

Мағжан ақын әйгілі «Батыр Баян» поэмасында Абылай ханның заманындағы геосаяси жағдайды бір шумақпен былай деп дәл сипаттайды:

«Алыстан орыс,қытай ауыр салмақ,
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.
Алдында ор, артында көр, жан-жағы жау
Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?!»

Арада ғасырлар өткенімен, сол «ауыр салмақ» әлі де еңсемізге төніп тұрғаны шындық. Қырым үшін болған қырқысты көзімен көріп, көрші елдің кейбір саясаткерлерінің қазақ жерінің тұтастығына қатысты айтқан сандырағын құлағымен естіп отырған соң әлгі «ауыр салмақ» қазіргі қазақ қоғамын да алаңдатып-ақ отыр. Ашып айтпағанымен, бұл жәйт биліктің де ұйқысын қашырыңқырап тұрғандай. Осының бәрін ойлағанда қайта айналып жоғарыдағы сұраққа тірелеміз: Тәуелсіздікті, мемлекеттілікті қорғап қалатын күштің қайнар көзі қайсы?
Иә, армияның іске қабілеттілігін арттыру, аэроғарыш және әскери өнеркәсіпті дамыту, сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытты сақтау, елдің ішкі бірлігін қорғау секілді қам-қарекеттің барлығы керек және әрқайсысы маңызды. Дегенмен, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ең басты шаруа – отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені, күші көп пен рухы мықты, иманы кәмілдің шайқасында түбі бір екіншісінің жеңіске жететінін тарих талай рет дәлелдеген. Кез келген идеология тиімді болып, нәтижесін беру үшін оның табан тірейтін берік тарихи негізі болуы тиіс.
Ақын Қадыр Мырза-Әлі айтқандай, «Біздің тарих, бұл да бір қалың тарих» екені ақиқат. Онда жас ұрпақты отаншыл етіп тәрбиелеуге септігін тигізетін қаһармандық оқиғалар өте көп. Мыңжылдықтар қойнауына кететін арыдағы терең тарихты қозғамаған күннің өзінде, халқымыздың берідегі жоңғар шапқыншылығы, Қоқан хандығының езгісі мен орыс отаршылдығына қарсы күресі қаһармандыққа толы емес пе?!
Біздің бабаларымыз азаттық үшін күрес жолында жанқияр ерліктің таңғажайып үлгісін сан мәрте көрсеткен (шағын мақалада оған мысал келтіріп отырсақ, негізгі айтпағымыздан ауытқып кетуіміз мүмкін). Яғни, адамзат баласының ең асыл құндылығы – Тәуелсіздік десек, қазақ халқының тарихы сол Тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық күреске толы. Биыл 35 жыл толып отырған Желтоқсан қозғалысы – сол күрестің шарықтау шыңы, ең жарқын көрінісі.
Неге дейсіз бе? Себебі, тоталитарлық биліктің қазақ халқына жасаған ешқашан кешірілмейтін қылмыстары орасан: ол – биыл 100 жыл толып отырған 1921-1922 жылдардағы алапат аштық және 1930-1932 жылдардағы қолдан жасалған голощекиндік геноцид; ол – қазақ даласында жасалған 3 дүркін қуғын-сүргін, ұлт зиялыларын қудалау, қыру; ол – тұтастай ұлттарды Қазақстанға күштеп депортациялау, Карлаг, АЛЖИР, Степлаг, Жезқазғанлаг, Озерлаг, Песчанлаг сияқты тамұқ түрмелерді қаптатып, адамдарға тозақ азабын шектіру...
Мәселен, бір ғана голощекиндік ашаршылықтан 2,2 млн., яғни, қазақтың 49 пайызы қырылған. Бұл – геноцид! Яғни, бір халықты әдейілеп қыру саясаты. Анасы баласын, баласы анасын көмусіз қалдырған, тіпті адам етін жеуге дейін барған мұндай сұмдықты халқымыз, тіпті, ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс хан, ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде де көрген емес. Айырмашылығы ол кезде халқымыз жаумен соғыста қаза тапса, ал мұнда бейбіт күнде отарлаушы басшысының әдейі жүргізген солақай саясатынан қынадай қырылды.
Кеңестік билік одан кейінгі уақытта да қазақ халқын аяған жоқ. Тың игеру жылдарында Қазақстанға 2 млн. аса славян халықтарын көшіріп, шын мәнінде қазақ даласын «бейбіт» жолмен отарлады. Бұл саясаттың ХХ ғасырдың басындағы патшалық Ресейдің қоныстандыру саясатынан айырмашылығы шамалы еді. Сонымен бірге қазақ халқын рухани отарлау, орыстандыру, қазақ мектептері мен балабақшаларын жабу үздіксіз жүргізіліп жатты. Семейде, қазақ даласының басқа да жерлерінде 500-ден аса ядролық жарылыс жасап, елімізді экологиялық апат аймағына айналдырып, ұлтымызды мүгедек етті. Еліміздің бүкіл саяси билігі, экономикалық билігі Мәскеудің қолында болды...
Енді ойланып көріңізші, бас-аяғы 70 жылдың ішінде осыншама езгі көрген халықтың еңсесі түсіп, рухы жаншылып, зұлымдыққа қарсы бас көтеретін дәрмені қалмауы тиіс емес пе? Жоқ, олай емес екен! 1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан жастар соны дәлелдеп берді. Олар ерлік пен намысқойлық дейтін асыл қасиет қазақ халқының қанына бітіп, сүйегіне дарығанын, бұл Ұлы халық ешқашан залымның алдында тізе бүгіп, жансауғалап қалмайтынын, оның жүрегіндегі азаттық рухының мәңгі жасайтынын көрсетті.
Сол намысқойлық пен ерлік, сол рух жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған КСРО дейтін империяның іргесін сөгіп, шаңырағын шайқалтты.
Міне, Тәуелсіздікті, мемлекеттілікті, аумақтық тұтастықты қорғайтын бұла күштің қайнар бастауы қайда жатқанын байқадыңыз ба? Ол бастау халықтың бойында, жүрегі мен санасында, қаны мен жанында жатыр. Тек сол алып күшті дұрыс арнаға бұрып, Отаншылдыққа баулитын қуатты идеологиямыз болса жеткілікті. Желтоқсан қаһармандарын дәріптеудің, оларды жас ұрпаққа өнеге етудің маңызы осында.
Отыз жылдың ішінде Желтоқсан қозғалысын ұлттық идеологиямыздың табан тірейтін тарихи негізіне айналдыра алмағанымыздың бір көрінісі – біздің бүгінгі қоғам желтоқсаншыларға аяушылықпен, оларды мүсіркей қарайтын сыңайлы. «Таяқ жеді, тепкінің астында қалды, денсаулығынан айрылды, оқудан қуылып, жұмыстан шықты, байғұстар-ай» дейтін сарындағы пікірлер мен көзқарастарды жиі байқап қаламыз. Иә, оның бәрі шындық әрі залымдар зұлымдық жасады, мұрсаты болса тағы да жасай береді. Мәселе сол зұлымдыққа қарсы шықандарға мүсіркей емес, мақтанышпен, қызығушылықпен қарайтын қоғам қалыптастыруда.
Енді Желтоқсан қозғалысын ұлттық идеологиямыздың табан тірейтін тарихи негізіне айналдыру үшін не істейіміз керек? Бұл тұрғыда, тез арада шешілуі тиіс екі мәселе бар. Оның біріншісі – Желтоқсанға саяси тұрғыда баға беру. Екіншісі, Желтоқсан қозғалысы іргелі, академиялық ғылыми зерттеудің нысанына айналуы тиіс.
Бірінші мәселеге қатысты айтар болсақ, біз бұл қозағылысты әлі күнге дейін «Желтоқсан оқиғасы» деп атап келеміз. Мұндай формулировка кеңес газеттері мен партия құжаттарында қалыптастырылды. Олар бұл «оқиғаны» «қазақ ұлтшылдығының көріністері» деп бағалады. Шындығында Желтоқсан қозғалысын «оқиға» деп қана бағалау қазақтың азаттық жолындағы шешуші әрекеттерінің бағасын кемітіп көрсетеді.
Оқиға демесек, енді не деп атауымыз керек? Ғылыми тұжырымдамаға сүйенсек, көтеріліс болу үшін оған қатысқандар жауға қарсы қолына қару алып күресуі тиіс. Ал, ереуіл – жұмысшылардың саяси себептерге байланысты ұйымдасқан түрде жұмысқа шықпауы, наразылық білдіруі. Әдетте, бұл екеуінің де бастамашылары, ұйымдастырушылары, саяси көсемдері болады. Сондықтан тарихшы-ғалымдар мен саясаттанушылар Желтоқсанды қозғалыс деп атаған дұрыс деген пікірде. Себебі, қозғалыс – халықтың жаппай наразылығы. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында республикадағы қоғамдық-саяси ахуалға қазақ халқы жаппай іштей наразы еді. Сол наразылық алаңға шыққан жастар арқылы көрініс тапты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп атап өтті. Бұл Желтоқсан қозғалысына саяси баға берудің басы болар деп ойлаймыз.
Екіншіден, Желтоқсандағы бір қозғалыстың баяны, саны, салмағы әртүрлі деректерде әрқилы жазылып келеді. Қала берді Желтоқсанның болғанын жоққа шығару, тарихи маңызын бұрмалап, әлсіретіп көрсету сияқты іс-әрекеттер де кездесіп қалады. Осы орайда, Мемлекет басшысы жоғарыда аталған мақаласында «Ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді» деп жазған болатын.
Айтайын дегеніміз, қазір қазақтың тарихы ұлттық көзқарас тұрғысынан жаңаша жазылып жатқанда, Желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысына байланысты әділетсіз бұрмаланған фактілер мен оқиғаларды қайта зерделеп, жіберілген қателіктер мен кемшіліктерді қайта қарап, түзету енгізіп, сонан соң оның нақты саяси-құқықтық статусын анықтап, тарихи бағасын беру қажет-ақ.
Әрине, бұл тақырыпты өз беттерінше зерттеп, мақалалар жазып жүрген тарихшы-ғалымдар бар. Бірақ іргелі монографиялық зерттеулер жоқтың қасы. Мұндай іргелі зерттеулер жүргізіліп, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін оған мемлекеттің өзі тапсырыс беруі керек. Яғни, тарихшылар мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана қаржы мәселесі де, арнаулы органдардың архивтерінен құпия мәліметтерді алу жағы да шешілген болар еді.
Біз өйту керек, бүйту керек деп жүргенде ЮНЕСКО 25 жылда бір шығаратын «Дүниежүзілік тарих» деп аталатын анықтамалықта: «КСРО-ның тоталитарлық жүйесіне тұңғыш рет қарсы шыққан демократиялық үрдістер Тбилиси мен Вильнюста бастау алған» деп жазып қойыпты. «Ештен кеш жақсы» дегендей, мемлекеттік тапсырыстың аясында іргелі ғылыми зерттеулер жүргізіп, Желтоқсанның ақиқатын әлемге ашып көрсету арқылы әлгі анықтамалыққа «Кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйеге тұңғыш демократиялық қарсылық 1986 жылы желтоқсанда Қазақ елінде, Алматы қаласында басталды» деп түзетіп жаздыруға күш салуға тиіспіз.

P.S.

Мағжан Жұмабаев абақтыда отырып жазған «Сағындым» дейтін отты өлеңінде «Маған атақ ұлтым үшін өлгенім» десе, Қайрат Рысқұлбеков «Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар» дейді. Екеуін де ажалға қасқайтып қарсы тұрғызған сол бір қайсар рух емес деп қалай айтасыз?!
Бұл – қазақтың рухы, бұл – азаттық рухы. Сол рухты шашпай-төкпей бүгінгі жас ұрпақтың бойына құйып берсек,
Қазақстанды ешбір жау ала алмайды. Елі үшін өлуге әзір ерлері бар жұртты қай жау тізе бүктіре алар дейсіз?!