Версия для печати

Дінаралық татулық – мемлекеттің басты тірегі Избранное

Среда, 20 Октябрь 2021 04:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1572 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Дінаралық татулық – Қазақстанның баға жетпес қазынасы. Діндердің арасында тыныштықты сақтау мақсатында еліміздің күнтізбесінде жаңа даталы күн енгізілген. Ол – 18
қазан – Рухани келісім күні.

107

 

Қазақстан үшін бұл мерекенің мәні мен маңызы айрықша. Өйткені көпұлтты, көпконфессиялы мемлекетте діни татулықты сақтау, адамдардың бейбітшілікте, бірге өмір сүруі ең басты құндылықтың бірі саналады. Егер бұл құндылық сақталмаса, онда қай елде болса да тәртіпсіздік пен діни алауыздық орнайды. Ал оның соңы дау-жанжалға ұласауы бек мүмкін.
Сондықтан елімізде түрлі ұлт өкілдерінің арасында тілдік, әдет-ғұрыптық, салт-саналық мәселеде қандай толеранттылық, ауызбіршілік орнаса, діни тұрғыдан да өзара құрмет пен төзімділік салтанат құруы тиіс.
Ішкі бірлігі кеткен, ынтымағы жоғалған мемлекеттерде ешқашан саяси тұрақтылық орнамайды, экономикалық өрлеу атымен жоғалады. Оған тарихтың өзі куә. Бір кездері гүлденген, өркендеген талай елдер осы діни алауыздықтың кесірінен жік-жікке бөлініп, шайқастың өшпес отын тұтандырып, соңында қаншама адамдардың құрбан болуына, ғасырлар бойы мызғымай тұрған біртұтас мемлекеттердің іргесінің сөгілуіне, аумақтық тұтастығынан айрылып қалуына әкеп соқтырған. Сондықтан
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дінаралық татулықты мәңгіге орнықтыру мақсатында әлемдік және дәстүрлі діндер съезін дүние жүзі тарихында алғаш рет қазақ даласында ұйымдастырды. Елбасының бұлайша дін көшбасшыларының басын қосып, ізгілік пен достық рәуішті насихаттауы бекер емес-тін. Әлемге көз тіксек, соңғы кезде болып жатқан түрлі қақтығыстардың түп-негізінде осы діни бөлінушілік, алауыздық жатқанын көруге болады. Тіпті күні бүгінге дейін діни көзқарастарды екі тараптың теңдей қабылдамауының салдарынан, бір-біріне сыйластықпен қарай алмауының кесірінен тұтас ұлттар арасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан соғыс, жанжалдар жер бетінде көп. Олар тарихта ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқандықтан, планетамыздың тыныштық пен береке кеткен ең «ыстық нүктелеріне» айналып үлгерді. Оған мысалы ретінде Таяу Шығыс елдеріндегі, Үндістан мен Пәкістан арасындағы, Африка құрлығындағы төркіні діни алауыздықтан келіп шығатын қарулы шайқастарды атасақ, жетіп жатыр. Сонымен бірге кәрі құрлық Еуропада да халық дінге бөлініп, бірін-бірі аямай қырған. Бұған кешегі тарихтың беттерін оқи отырып көз жеткізуге болады. Сондықтан діни соғыс әлемнің төрт бұрышында да қай заман болсын орын алып отырған. Ендігі мақсат — адамзатты осындай қантөгістерге апармай, жер бетінде татулықтың тірегін орнату.
Кеңес Одағы тарағанда Батыстың саясаткерлері ұлттар мен ұлыстардың ортақ шаңырағы – Қазақстанның болашағына күдік-күмәнмен қарағаны жасырын емес. Әсілінде олар ұлтаралық және дінаралық қатынастардың бұзылып, соңы қырғынға ұласады деп сезіктенді. Алайда болмысынан толерантты, кеңпейіл қазақ халқы дархан мінезінің арқасында өзге ұлттарды бір шаңырақ астына сыйдырып, жақын туысындай сыйластық танытты. Сол игі қасиеттің нәтижесінде бүгінде кезінде әртүрлі тағдырмен жер ауып, Қазақстанға келген барша ұлт пен ұлыс өкілдері тіл, дін жағынан ешқандай қысымшылық көрместен, қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүруде.
Әрине, барлығын жай ғана халықтың бойындағы ізгі мінезіне сүйей салуға да болмас. Мемлекетте тұрақтылықты сақтау жолында осы күнге дейін қыруар іс тындырылды. Бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтау мақсатында әлі де талай жұмыстардың атқарылатыны анық.
Қалалық дін істері басқармасының мәліметі бойынша, Шымкентте бүгінгі таңда 11 діни конфессия жұмыс істеп келеді. Олардың құзыретінде 118 діни бірлестік немесе ғибадат орны бар. Соның 87-сі исламдық бағытта діни конфессияға тиесілі.
Дінаралық татулық еліміздің басты стратегиялық қағидаты болғандықтан, түрлі дін өкілдерін бір-бірімен жақындастыру мақсатындағы мұндай игі іс-шаралар кейін де жалғасын таба бермек.