Версия для печати

АЛТЫННАН ДА БАҒАЛЫ ҚАРАТАУДЫҢ «КҮМІС ДОМБЫРАСЫ» Избранное

Пятница, 08 Октябрь 2021 03:56 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1747 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Үшінші мегаполисте Тәуелсіздіктің 30 жылдығы кең ауқымда аталып өтіп жатыр. Әсіресе жастар үшін биыл ерекше жыл болды. Жуырда шаһардағы төрт ауданда қалалық жастар ресурстық орталығының бөлімшелері ашылса, бұл аптада жас ақындарға кезек жеткендей. Жас өнер иелері сөз додасында сайысты. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде азаттықты арқау еткен аламан айтыс өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен дүбірлі сөз додасына жас та болса талантымен танылып жүрген кіл жүйріктер жиналды.

932

 

Шымшаһар төрінде өткен «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты жас ақындар арасындағы өнер додасының екінші күні республикалық «Күміс домбыра» айтысымен жалғасты. Айтыста сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан айтыскерлерге сәттілік тіледі.
– Айтыс өнерінің шыңы саналып жүрген «Алтын домбыраны» білесіздер. Мәдениет министрлігі бас болып, бүкіл ел-жұрт жабылып өткізетін сөз сайыс бар. «Алтын домбыраға» тіс қаққан айтыскерлер қатысады. Сол үрдістің ізімен, болашақ «алтындомбырашы» айтыскерлерді дайындау үшін Шымкентте алғаш рет «Күміс домбыра» айтысын ұйымдастырып отырмыз. Оған Ұлы даланың төрт тарабынан жас айтыскерлер қатысуда. Азаттықтың ақ таңы атқалы айтыс өнері ұлттық мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде кеңінен насихатталып келеді. Осы орайда киелі өнердің дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл айтыс Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жеткен жетістіктерін насихаттау, жас ақындардың ішкі мүмкіндіктерін ашып, шабыттарына қанат бітіру мақсатында өтіп жатқанын да айтып өткім келеді, - деді ол.
Аламан айтысты белгілі айтыскер, Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов тізгіндеді. Талай айтыста қанжығасы майланған, кешегі өткен Әселхан апамыздың шәкірттері Маржан Есжанова мен Кәрима Оралова, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, Сыр сүлейлерінің тұяғы, «Алтын домбыраның» үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов пен белгілі журналист, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан қазылар алқасы құрамынан табылды.
Сөз додасында еліміздің әр өңірінен жиналған 16 ақын бақ сынады. Он алты ақын отыз жылдық мерейлі тойымызды орамды ой, сүбелі сөзімен сипаттап, майдан қыл суырғандай жырлады. Жас ақындар тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының күресін тақырыпқа арқау етті. Тыңдаушының құлақ құрышын қандырған сөз бәсекесінде сегіз жұп маңызды айтыстың парызын түсініп, нағыз айтыстың қас үлгісін көрсетті.
Айтыстың бірінші айналымында 8 жұп шықты. Іріктеуде көп ұпай жинаған, әділқазылар лайық деп тапқан алты ақын екінші сынға жолдама алды. Ал ақтық айналымда үш жұп айтысты.
Түркістандық Мейіржан Жақып тәуелсіздік тілімен, дінімен құнды екенін жырына арқау етсе, қарсыласы шығыстан келген Айшолпан Төлеутай «Азаттықтың қадірін қайдан білсін, қазақтықтың қадірін білмейтіндер» деп жыр толғады. Алматылық Бекжан Базарбек пен шымкенттік
Нұрғали Әнапия арасындағы айтыс та өзара тартысты өтті. Соңғы жұпқа шыққан ақын Арыстың баласы Көкшетаудың атынан өнер көрсеткен Нұрмахан Жақыпбек пен Сыр елінің ақыны Бексұлтан Орынбасаров айтыстың әрін кіргізіп, жұртшылықты бір желпіндіріп тастады.
Суырып салып ой қозғаған жүйріктер додасы көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген айтыскер ақындарға үлкен шабыт берді. Қос ақынға да жұрт риза болды. Өнерлеріне тәнті болған жас ақындарға көрермен қошеметін аямады.

931


Марапаттау рәсімінде сөз алған Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов айтыскерлерді жеңістерімен құттықтап, сәттілік тіледі.
Тәуелсіздік тағылымын жастардың санасына сіңіру, азат еліміздің жарқын жетістіктерін кеңінен дәріптеу, рухани бай мұрамызды, қасиетті Отанымызды жырға қосуды мұрат еткен айтыс қорытындысында алматылық Бекжан Базарбек Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айым Асылбекқызы Әселхан Қалыбекова атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Үшінші орынды Түркістан облысының намысын қорғаған Мейіржан Жақып пен шымкенттік Нұрғали Әнапия өзара бөлісті. Ал екінші орын қызылордалық Бексұлтан Орынбасаровқа бұйырды. Шығыс Қазақстан облысының атынан өнер көрсеткен семейлік ару Айшолпан Төлеутай бірінші орынды қанжығасына байлады.
Ақмолалық ақын Нұрмахан Жақыпбек барлық сында бағы жанды. Ақтық айналымға шықты. Нәтижесінде республикалық «Күміс домбыра» айтысының бас жүлдесіне ие болды. Жеңімпазға күмістен жасалған домбыра және 500 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Сонымен қатар, барлық жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар берілді.