МҰҒАЛІМ – МАМАНДЫҚТЫҢ ТӨРЕСІ Избранное

Пятница, 01 Октябрь 2021 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3857 раз

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «мұғалім – мектептің жаны» деп бекер баға бермеген. Ұстаздар күні қазан айының алғашқы жексенбісі болып бекітілгенімен, мұғалімге деген құрметіміз әрдайым биік тұратыны анық. Күздің мамыражай күндеріндегі шуақты мереке қарсаңында қызығы мен шыжығы қатар мамандық иелерінің жұмыс барысымен тағы бір мәрте жақын танысудың сәті түсті.

906

 

Мұғалімнен мектеп директорына дейін...

Ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, ғылым иесі ғалым да, мал бағып терін төккен шопан да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адамзат құрметпен бас иеді. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Жалпы қазіргі кезде білім беру саласы заманның ағымына қарай, ұрпақтың сана-сезімі мен таным-түсінігіне қарай бейімделіп, үздіксіз өзгеріп жатыр. Сәйкесінше, мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ал мектеп директорына жүктелген жауапкершілік тіпті орасан. Бұл сөзімізді қарапайым мұғалімнен мектеп директорына дейін көтерілген кейіпкеріміз қуаттай түсті.

907


– Бірінші мамандығым – музыка пәнінің мұғалімі. Жергілікті және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша екінші жоғары білімім бар. Еңбек жолым 2012 жылы шаһардағы №88 жалпы орта мектепте ұстаздықтан басталды. Ал кәсіби тұрғыдан шыңдалып, өсіп-жетілуіме Назарбаев зияткерлік мектебі үлкен әсер етті. Сол мектептегі әріптестеріммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, көптеген бағдарламаларды меңгеріп, бірнеше жобаларды жүзеге асыруды үйрендім. 2018 жылы №65 мектеп-гимназиясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысымды жалғастырдым. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп директоры болып қызмет атқарып келемін. Әлі жас болғандықтан, «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген қағиданы ұстанамын. Жалпы білім мекемемізде ұйымдастырылып жатқан оқу-тәрбие үдерістері басшылыққа алатын құжаттың негізінде жүзеге асады. Білім сапасын көтеруге мектеп ішінде ұйымдастырылып жатқан барлық бағыттағы жұмыстар тікелей әсер етеді. Біздің мектептегі жағдайымызды түзейтін де, мектеп қабырғасындағы озық жүйені де құрайтын да өзіміз, - дейді мектеп директоры Алмас Қайыпов.
«Жас келсе, іске» демекші, сұхбат барысында Алмас Серікұлының өз қарым-қабілеттерін барынша көрсетуге дайын екені байқалып тұрды. Жас болса да үлкен ұжымға сіңісіп, бүгінде әріптестерінің мақтанышына айналған директордың алға қойған мақсаты айқын, жоспары жүйелі. Қоғамға жан-жақты дамыған, креативті, мемлекетке өз үлесін қоса алатын жастар қажет. Ал, жастардың мінез-құлқы, қабілет-дарыны оқушы кезден қалыптасады. Біздің кейіпкеріміздің де ұстанымы осы.
– 2021-2022 жаңа оқу жылы білім сапасын көтеру жылы болып бекітілді. Осы жаңа оқу жылында ұйымдастырылып жатқан жұмыстарымыз тікелей білім сапасын көтеруге бағытталады. Осы бағытта біршама жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда кәсіби бағдар беру жұмысы да жанданып жатыр. Біздің мектептің бұл тұрғыда мүмкіндігі өте көп. Оқушыларымыздың халықаралық беделді оқу орнына түсуге мүмкіндіктері жоғары. Өткен оқу жылында 229 оқушы мектепті бітіріп, 17 оқушы Алтын белгі төсбелгісі иегері атанды. 18 оқушы үздік аттестатқа ие болды. 12 оқушымыз Түркия, Бельгия, АҚШ елдеріне оқуға түсті. Бұл да болса біздің мұғалімдеріміздің еңбегінің, төккен терінің нәтижесі. Негізгі білімнің іргетасы мектеп қабырғасында қаланады. «Жеті түрлі ілім мен білім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті – біздің ұжымның да басты ұстанымы, - дейді ол.

Білікті маман жұмыссыз қалмайды

Бүгінде мегаполисте 200-ден астам орта білім беретін мектеп бар. Онда 233 мың оқушы білім алады. Қалада білікті ұстаздарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Осыны ескерген қала басшылығы «HR-Process» жүйесін қолданысқа енгізу арқылы саладағы бірқатар өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге қол жеткізді.
Қолданысқа енгізілгеніне екі жылға жуықтаған жаңа жүйе арқылы бүгінге дейін 1500-ге жуық мұғалім мектепке жұмысқа орналасқан. Солардың бірі – Анель Амангелді. Ол А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп, М.Әуезов атындағы ОҚУ - да білімін жалғастырған. Магистратураны үздік дипломмен бітірген Анель Бауыржанқызы «HR-Process» жүйесі арқылы конкурсқа қатысып, нәтижесінде Д.Нұрпейісова атындағы №116 жалпы білім беретін орта мектебінің физика пәні мұғалімі болып жұмысқа қабылданыпты. Жас маман «таныссыз, ақшасыз» деген жұртшылықтың пікірінде қалыптасқан стереотип жойылғанын айтады.

908


– Заманауи мұғалім ең алдымен білікті әрі сауатты педагог болуы қажет. Шәкіртке тәрбие бере отырып, білім нәрімен сусындату ең маңызды дүниенің бірі. Еш нәрседен қорықпай, тек қана тәуекел етіп, өз пәніңізді жетік меңгеріп, оқушыға деген сүйіспеншіліктің болуы қажет. Бұл мамандықты таңдауыма – өз ұстазым себепші болды. Ұстазымның арқасында ең алғаш физика пәніне деген қызығушылығым оянды. Отбасымда әкем темір жол саласы бойынша қызмет істейді. Ал анам ұзақ жылдар биология пәні мұғалімі болып дәріс берді. Қазіргі таңда басқа салада жұмыс істеп жүр. Шымкентте парасыз жұмысқа тұруға болады. Оның дәлелі мен десем де болады. Ең бастысы – өз біліміңе сену. Ұстаз адами қасиеті мол, басқаға қайырын тигізуден шаршамайтын, өмірінің әр шақтарын қиып, ұрпағының ертеңіне жол ашатын, шуағы мол шапағат иесі, - дейді жас маман.

Мерекедегі мерейлі марапат

Бәрін айт та, бірін айт соңғы жылдары білім беру жүйесінде айтарлықтай алға жылжу байқалады. Соның бірі «Педагог мәртебесі» заңы қабылданды. Ұстаздарға құрмет мұнымен шектелмей, ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұстаздарға арналған республикалық, облыстық арнайы атақ пен төсбелгі белгіленіп, лайықты мамандарға табыстау қолға алынған. Шымшаһарда білім беруде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Шолпан Бегманова. Ұлағатты ұстаз 20 жылдан бері «Ақжар» атындағы №122 жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі болып қызмет етіп келеді. Ғұмырының 30 жылға жуық уақытын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ардақты ұстаз жуырда еліміздің бас ұстазының қолынан марапат алып, республикалық байқауда топ жарды.
– Негізі Қызылорда өңірінде туып, өскем. Орта және жоғары білімді сол жақта жүріп алдым. Алғашқы еңбек жолымды да сол қаладағы №253 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастадым. 2000 жылдары Шымкентке қоныс аудардық. Сол жылы «Ақжар» жалпы орта мектебінде жұмысымды жалғастырдым. Қарап отырсақ оның өзіне де 21 жыл өтіпті. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастарлеу арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол өз мектебін, өз пәнін, өз оқушыларын шексіз сүйетін адам. Ол өз ісінің шебері атану үшін әр істе жауапкершілікпен нақты, батыл қадамдарды жасап өзін дәлелдеуі керек. Нәтижесінде талай жеткіншектердің жүрегінде мәңгі ұстаз болып қалады, - дейді жылдың үздік мұғалімі.

909


Елдік пен ерлікті тоғыстыра білген қазақтың қайраткер қыздары қашанда аз болмаған. «Батырды ситуация жасайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, еселеп еңбек етіп, ардың туын биік ұстап жүрген жандар нағыз батыр. Шолпан Бегманова – мақсаты айқын, марапатқа мастанбай, нәтижелі жемісін жоғары қоятын ұлағатты тұлғаның бірі. Еңбек жолында қиындықтарға мойымай, мамандығына адал болған ұстаз саладағы жетістік пен жаңалықты қалт жібермей, барынша тәжірибе жинауға көңіл бөлуде. Еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ.
– Ұстаздық – әркімнің қолынан келмейтін, ерекше талантты қажет ететін, қиялға бай адамға ғана тән қасиет. Иә, адам тәрбиелеу қиын да қызықты жұмыс. Сондықтан да мұғалімнен шәкіртіне деген мейірімі мол, ниеті адал қамқоршы болуды талап етеді. Ұстаз өзінің шеберлігін күнбе-күн дамытып, әртүрлі кездейсоқ жайттарды алдын ала сезіп, болжап және оның оң нәтижесін табуға дайын болуы тиіс. Өз кәсібінің майталманы ғана осы мақсатқа рухани күш-жігерін, қуатын салу арқылы жететіні түсінікті, - дейді ол.
Ұстаздар мерекесінің қарсаңында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған мұғалімдерді, ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Сіздердің өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілейміз.