«Жомарт жүрек» – жақсылыққа жетелейді Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1537 раз

Шымкентте туған жерін түлетуге атсалысып, әл-ауқаты әлсіз топтарға көмек қолын созып, шарапат шуағын шашып жүрген бір топ азаматқа құрмет көрсетілді. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «Жомарт жүрек» сыйлығының қалалық кезеңінің лауреаттарын марапаттады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған жоба жеңімпаздарына салтанатты түрде алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

857

 

– Бүгінгі басқосу Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, шымкенттіктер мақтан ететін жомарт жүректі азаматтарға арналады. Қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру – жомарттықтың белгісі. Ондай іс тек жомарт жандардың қолынан келері анық. Жақсы іске жанашыр ізгі ниетті, ақ тілеулі ел азаматтары әлеуметтік жағдайы төмен жандардың жанынан үнемі табылып келеді, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Биыл дәстүрлі байқаудың аудандық кезеңіне төрт ауданнан 33 азамат ұсынылған. Оның ішінде 20-сы түрлі номинациялардың иегерлері атанды. Ал қалалық кезеңнің қорытынды марапаттау сәтінде 5 азамат құрметке бөленді. «Жыл ұйымы» номинациясына «БалТекстиль» ЖШС лайық деп танылды. Коронавируспен күресте қайырымдылық көмек көрсеткені үшін «БалТекстиль» ЖШС-нің бас директоры, кәсіпкер Талғат Исхахов қала әкімінің алғыс хатына ие болды. Кілем фабрикасы өз өнімдерімен ғана танымал емес, компания аймақтың әлеуметтік шараларын қолдауға белсенді қатысады. Пандемиямен күресте аталған кәсіпорын 5 миллион теңге қаржылай көмек бөліпті.
Ал «Жылдың үздік қамқоршысы» сыйлығын қалалық волонтерлік штабтың тұрақты еріктісі Жазира Асан иеленді. Ерікті «meyirim.kz» қайырымдылық қоғамдық қоры арқылы волонтерлар қозғалысымен бірге балалар үйіне, әлеуметтік осал азаматтарға азық-түлік себетін таратуға көмек көрсетті. «Жыл тұлғасы» ретінде кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Айжан Наимбекова танылды. Ал кәсіпкер Серік Төлбасовты «Жыл меценаты» деп тапты. Кәсіпкер Байкен Әшірбаев «Туған өлке» номинациясында жеңімпаз атанды.