Версия для печати

ҚАЗАН АУЗЫ ЖОҒАРЫ... Избранное

Пятница, 17 Сентябрь 2021 04:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1621 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Күзде бірнеше коммуналды нысанның құрылысы аяқталады

Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары табиғи газ, ауыз су және жылу құбырлары нысандарының жұмысын күнделікті қадағалап отыр. Бұған БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз туры барысында көз жеткіздік.

764

 

Инфрақұрылым нысандарының ішіндегі маңыздысының бірі – автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГТС–3). Жауапты мамандар осы стансаны іске қосу арқылы Шымкенттің табиғи газға деген сұранысы толық қамтылады деп сенім артып отыр. Жаңа нысанның қуаттылығы – сағатына 250 мың текше метр газ. Ал қазір қолданыстағы АГТС–1 және АГТС–4 арқылы 180 мың текше метр көгілдір отын берілуде. Осылайша үшінші мегаполистің көгілдір отынға қажеттілігін өтеу үшін жетпей тұрған 70 мың текше метр толық қамтылмақ.
Қазіргі таңда бұл инженерлік нысанда сығымдау жұмыстары жүруде.

– Сынақ жұмыстарының 98 пайызы аяқталды. Енді 4 учаскеде жұмыс атқарылуда. Мамандар газ құбырларына су жіберіп, оның қысымын 125 атмостфераға дейін арттырады. Бұл – құбырларды тексеру үшін қажет. Барлық жұмыс қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тікелей бақылауында. Әр жұма сайын құрылыс барысында жиналыс болып, мәселе талқыланып отырады, – дейді қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков.
Құрылысы 2020 жылдың қаңтар айында басталған бұл стансаға табиғи газ «Бейнеу-Бозой» магистральді желісінен жеткізіледі. Одан кейін Ынтымақ және Бозарық бағытындағы екі құбырмен қалаға тарайды. Мердігер мекеме «StroyGazCompany» ЖШС директорының техникалық жабдықтар бойынша орынбасары Иман Каримовтың айтуынша, нысан құрылымы аса күрделі.
– Табиғи газ магистральді құбырмен аса жоғары қысыммен тасымалданады. Біздің стансаға келген соң газ алдымен сүзгі блогынан өтіп, тазартылады. Одан кейін жылытылып, сығымы инфрақұрылымға қауіпсіз саналатын 12 атмосфераға дейін төмендетіледі. Ең соңғы жұмыс – табиғи газ әу баста иіссіз болады. Сондықтан бір жерден ақау шықса, оны тез анықтау үшін табиғи газға ААБ блогында арнайы иіс беріледі, – деді Иман Шөкенұлы.

762


АГТС–3 нысанының құрылысын биылғы қазан айының соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Тек тұрғын үйлер емес, әлеуметтік, кәсіпкерлік және өндірістік нысандар да сапалы және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етіліп, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған тағы бір нысан – Ынтымақ су құбыры. Бұл инфрақұрылым желісі Шымкенттің солтүстік-батыс аймағын тіршілік нәрімен сапалы қамту мақсатында қолға алынған. Басқарма мамандары жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асатын құбыр тарту жұмысын жеңілдету үшін үш учаскеге бөлініп, үш мердігер мекеме атқарып жатқанын айтты.
– Магистральді құбырды тарту жұмысы биыл басталды. Диаметрі 1000 мм құбыр суды Көмешбұлақтың бастауынан алады. Мердігер нысанды жылдың соңында емес, қазан айында аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігіндегі тұрғындарға жеткізілетін судың қысымы жоғарылап, сапасы артады. Ал 2023 жылы, Алла бұйыртса, Шымкент ауыз сумен толық қамтылады деген жоспарлаймыз, – деді басқарма басшысы Боранбай Нығметұлы.
Бұл магистралды су құбырының құрылысы аяқталса, Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Батыс, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Көкбұлақ сияқты тұрғын алаптары сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта қала тұрғындарына таза су жеткізу мақсатында 3 магистралды су құбырымен қоса 11 ішкі орамдық жүйе құрылысы жүруде. Биыл барлығы 9 елді мекенде құрылыс аяқталып, Тұран, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан, Асар-2, Ақтас, Жаңаталап және Сәуле шағынаудандары сапалы ауыз сумен қамтылады.
Жаздың соңында Бозарық қосалқы электр станциясы пайдалануға берілгені туралы жазғанбыз. Ол нысаннан бес қосалқы станция электр қуатын алып, абоненттерге таратады. Соның бірі – «1–М–1» қосалқы станциясының құрылысы аяқталып, техникалық сынақ жүруде.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқарма басшысының орынбасары Абай Ашаев қосалқы станциясы сынақтан өтіп, іске қосылғанда қаланың 5 бірдей елді мекені сапалы қуат көзіне қосылып, Асар-2, Солтүстік саяжай, Қайнарбұлақ, Достық, Қайтпас-2 шағынаудандарындағы 60 мыңға жуық тұрғын жарықпен қамтылатынын мәлімдеді.
Қосалқы станция заман талабына сай, жабық жағдайда салынған. Мұнда Қазақстанда шығарылған трансформаторлар орнатылған, желілердің ұзындығы – 5,2 шақырым.
Басқарма басшылары өткізген пресс-тур барысында, сонымен қоса, қаланың солтүстік аймағын қамтитын коллекторлық кәріз құбыры мен жылу құбырларының құрылыс барысы да таныстырылды. Жалпы ұзындығы 6 шақырымға жуық жылу құбыры Ерімбетов көшесінің бойынан өтуде. Ол желі осыдан бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген Нұрсәт шағынауданындағы жаңа жылу қазандығына барып жалғанады. Осылайша мамандар жаңа қазандықтың артық қуатын қаланың орталық бөлігінің нысандарын жылытуға да пайдалануды көздеп отыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.