13 инфекциялық стационар жабылды Избранное

Пятница, 17 Сентябрь 2021 04:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 242 раз

Шаһардың бас дәрігері Бақытжан Позиловтың мәлімдеуінше, қалада коронавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады. 16 қыркүйектегі статистика бойынша мегаполисте 122 адамнан КВИ анықталған. Бұған дейін қаладағы тәуліктік норма 450-500-дің шамасында болатын.

766

 

– Жаһанды жайлаған індетпен күрестің ең тиімді де дұрыс жолы – оған қарсы жаппай екпе салдыру, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Бұл – әлем мойындаған шешім, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шегелеп айтып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі алдында қыркүйек айына дейін еліміздің 10 миллион азаматын індетке қарсы вакциналау жоспары қойылған болатын. Бүгінде ел тұрғындарының 60 пайызы екпе салдырды. Қаламызда вакцинациялау көрсеткіші 86 пайыздан асты.
Шымшаһарда бүгінде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау бойынша 40-тан астам бекет жұмыс істеп тұр. Шаhардағы барлық емханада ковидке қарсы вакциналау одан әрі жалғасын табуда. Екпе алу бекеттері сенбі-жексенбі күндері сағат 08:00-20:00 аралығында жұмыс істейді. Вакциналар жеткілікті. Мақсатымыз – тұрғындарды 100 пайыз вакцинациялау, - дейді
Б.Позилов.
Қазіргі таңда COVID-19 індетімен тіркелгендер саны азайып келеді. Шымшаһар бойынша тұрақты түрде жалпы 4350 инфекциялық, карантиндік және реанимациялық төсек-орын ұйымдастырылған. Коронавирустық инфекцияның әртүрлі сценарийіне байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Дегенмен Шымкентте індетке шалдыққандар күн сайын азайып келеді. Соның дәлелі қаладағы провизорлық стационарлардағы төсек-орындардың 50 пайыздан астамы босады. Нақтырақ айтқанда, 4 350 төсек орыннан 2 397-і қысқарған.
– Бүгінге дейін қалада 25 инфекциялық стационар жұмыс істеді. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты бұл емдеу орталықтарының 13-і жабылды. Медициналық мекемелер қазір қалыпты жұмыс режиміне көшуде. Яғни, науқастар жоспарлы түрде бұрынғыдай ем қабылдай алады. Қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығында 1 953 орын бар. Төсек орын толымдығы 36 пайызды құрайды,- деді Б.Позилов.
Шымкент ковидке қарсы вакцинациялау бойынша 86, 8 % көрсеткішпен 2-орында тұр. Соңғы тәулікте қалада 6839 адам вакцина алды (I компонент-4721, II компонент-2118). Егу науқаны басталғалы барлығы 472 655 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 390 480 адам вакцинаның екі компонентін қабылдады. Дәрігерлеріміздің тынымсыз еңбегі мен вакцинациялаудың нәтижесінде эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Шаһардың бас дәрігері вакцинациялауда әлі де халық арасында алыпқашпа әңгімелер бар екенін жасырмады. Өз кезегінде Бақытжан Жолдасбекұлы оқушыларға қатысты вакцина туралы қауесетке сенбеуге шақырды.
– Күз келіп, оқушылар мектепке оралды. Десе де, ата-ана көңілі күпті. Өйткені, іргедегі індет кәріге де, жасқа да қарап жатқан жоқ. Қазіргі уақытта мектептерде ковидке қарсы вакцина салдырып жатыр деп шу шығарған бір топ ата-анаға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Елімізде 18 жастан асқан адамдарға екпе салынып жатқанын айта кетейін. Балалар вакцинасы туралы нақты бір шешім қабылданған жоқ. Бірақ оқушылар арасында індетті жұқтыру дерегі бар. Бұл балалар ауырмайды деген сөз емес. Жалпы, тұрғындардан арандатуға ермеуге шақырамын. Жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ұмытпаған жөн, - дейді ол.
«Бірінші байлық – денсаулық» екендігін бүгінде адамзат баласы жақсы түсінеді. Адамның алтынға айырбастамас құндылығы саналатын саулықтың қадірін ауырмай тұрып білгенге не жетсін? Індетке қатысты қауіп әлі де сейілген жоқ, арқаны кеңге салуға болмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы кезекті жолдауында: «Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтуда. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек» деген болатын. Бұл ретте ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегеніміз дұрыс болар.