Версия для печати

Денсаулық қымбат па, той-жиын ба? Избранное

Среда, 28 Июль 2021 03:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1800 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шілде айында шаһарда коронавирус қайта өршіді. Індеттің жылдам таралуынан сырқаттанған науқастар күн санап көбеюде. Осы ретте емдеу мекемелері мен халық денсаулығының күзетінде тұрған медицина мамандарының жұмыс кестесі қауырт режимге көшіп, жауапкершілік жүгі арта түсті. Солардың ішінде мобильді топтардың да жұмысы күшейтілді.

541

 

Мобильді топтар – жергілікті басқарушы орган өкілдерінен және белгілі бір аумаққа қарасты полиция қызметкерлерінен құралған арнайы жасақ. Олардың негізгі қызметі – республика, облыс, қала шеңберіндегі бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес карантиндік талаптардың орындалуын қадағалау және санитарлық ережелерді бұзған кәсіпкерлік нысан иелері мен жеке тұлғаларға тәртіптік шара көру туралы хаттамалар толтыру.
Шымкентте Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау ауданы әкімдігінде мобильді топтар құрылған. Қаратау ауданына қарасты осындай мобильді топпен кезекті рейдке шықтық.
Топ жетекшісі – Қаратау аудандық кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Гүлсина Бердібекова. Жұмыс уақыты аяқталған соң кешкі сағат сегізден өте мобильді топ мінген көлік Қаратау ауданы бойынша халыққа қызмет көрсететін бизнес нысандарын аралауға шықты. Алғашқы объект Назарбаев даңғылы бойындағы Qurma шайханасы. Сағат сегізге дейін келушілерге рұқсат берілгеніне қарамастан шайхана есігі ашық тұрды. Әкімші іштегі адамдар шайхана қызметкерлері деген уәж айтты. Мобильді топ жетекшісі бетпердесіз қызмет көрсетуге болмайтынын ескертіп, кешкі сегізден кейін өзімен бірге алып кетуге тапсырысты сырттан қабылдау керектігін түсіндірді.
Назарбаев даңғылында орналасқан тағы бір нысан – Diamond Plaza ойын-сауық орталығының жұмысы тексерілді. Жоғары қабатқа көтерілгенде балалар аттракционы әлі бүлдіршіндерді қабылдап жатыр, жанындағы дәмхана да ашық. Бұл кезде сағат тілі онды көрсетіп тұрған. Сауда орталықтарындағы ойын-сауық кешені Шымкент қаласы бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес кешкі беске дейін ғана жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан карантин режимін өрескел бұзғаны үшін аттракцион мен дәмхана қызметіне жауапты тұлғадан түсініктеме алынды. Енді ол азамат мемлекет пайдасына 83 мың теңге айыппұл төлейді. Бастапқы кезде қаулыға енгізілген жаңа өзгерістен бейхабар екендігін айтып, ақталғысы келген. Алайда Гүлсина Рахымбайқызы заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын есіне салып өтті. Сонымен бірге Diamond Plaza сауда үйіндегі пицца, бургер, суши пісіретін тамақтану орындарының иелеріне кешкі сегізден кейін ішке ешқандай клиентті қабылдауға болмайтынын қадап айтты.
Нұрсәт шағынауданындағы «The дым» кафесі санитарлық талаптарға бағынбағаны үшін екі рет қомақты көлемде айыппұл арқалапты. Көрілген әкімшілік шаралар нәтижесін берді ме, әйтеуір бұл жолғы тексеруде кафе есігі тарс жабық тұр.
–Қаратау ауданында санитарлық-эпидемиологиялық тұрақтылықты бақылау бойынша құрылған 10 мобильді топ бар. Олар карантин режимін қадағалау шеңберінде ауқымды іс-шаралар атқаруда. Қаңтар айынан осы күнге дейін 144 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ жыл басынан бері жеке және лауазымды тұлғаларға, кәсіпкерлерге 34 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Карантин талаптарын жиі бұзатын мекемелер қатарында «Royal Rose» мейрамханасын, «Екі жұлдыз», «Ұлы тау», «Атамекен» тойханаларын, «Жаңа ғасыр» кафесін атауға болады. Мәселен «Royal Rose» мейрамханасында 15 мәрте заңбұзушылық орын алды. Санитарлық ережеге бағынбағаны үшін сот шешімімен жеке кәсіпкерге 204 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, ғимарат бір айға жабылды. «Екі жұлдыз» бен «Атамекен» тойханаларының да қызметі бір айға тоқтатылған. Аумақтық әкімшілікте тойхана басқа да кәсіпкерлік нысандардың аздығына қарамастан Қаратау қаладағы аудандар ішінде айыппұл жөнінен бірінші орында келеді, -деді Гүлсина Рахымбайқызы.
Сағат түнгі он бірлер шамасында Нұртас шағынауданы Кеңжарық көшесіндегі Ақсарай демалыс орнына ат басын тіредік. Мобильді топ мүшесін клиенттің бірі деп ойлаған демалыс аймағының өкілі шешіле сөйлеп, жұмыс істеп жатқандарын, сәлден соң банкет болатынын айтқан. Алайда топ жетекшісі мен полиция қызметкерін көрген бойда есігін іштен іліп алып, ашпады. Мобильді топ қосымша күш шақыруға мәжбүр болды. Демалыс орнының әкімшісі есікті ашқанымен тексерушілермен сөз таластырып, қойған талаптарды орындамауға тырысты. Карантин режимін сақтамағаны үшін аталған нысанның жауапты өкілінен түсініктеме алынып, айыппұл салынды.
Мұнан соң мобильді топ «Дарын» спорт кешеніндегі қызып жатқан футбол ойынының үстінен түсті. Спортшыларға қызмет көрсетуші азамат Шымкент қаласы бас санитарлық дәрігерінің соңғы шығарған қаулысынан хабарсыз екенін жеткізді.
Шаһарда эпиджағдай өте күрделі. Денсаулық сақтау саласының соңғы мәліметінде тәулігіне бес жүзден астам адам вирус жұқтыруда. Өлім-жітім де жоқ емес. Бір Шымкенттің өзінде 1 тәулікте 15 науқас көз жұмған.
Әр науқастың өмірін сақтап қалуда медицина қызметкерлері тәулік бойы көз ілмей, демалыссыз еңбек етуде. Медицина мамандарына қолдан келгенше әрбіріміз көмегімізді аямауымыз керек. Біздің бар жәрдеміміз санитарлық талаптарды орындау, әлеуметтік қашықтықты сақтап, той-жиынды тоқтату және өзгелерді соған шақыру.