Қазіргі таңда Шымкенттегі денсаулық сақтау мекемелері штаттық жағдайда жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері қалада вирус жұқтырған 10 680 адам тіркелген. Оның 7915-і жазылып шықты. Ал соңғы тәулікте қалада вирус жұқтырудың 416 фактісі тіркелген. Бұл – антирекордтық көрсеткіш.
— Қазіргі уақытта қалада 2564 науқас емделуде. Олардың жартысы, яғни, 1346 адам стационарда, ал қалғандары үй жағдайында ем алуда. Шымкент емханаларындағы жалпы 211 мобильді топ үй карантиніндегі азаматтарға хабарласып, карантин талаптарын сақтау туралы ескертіледі, қадағаланады. Бір алаңдатарлығы, жүкті әйелдер арасында вирус жұқтыру фактісі көбеюде. Зерделеуіміз бойынша оларға вирус көбінесе көпшілік орындарға барған жақындарынан жұғуда. Сондықтан, баршаңызды сақтық шараларын ұстануға шақырамыз, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Брифингте, сонымен қоса, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов пен қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев карантинге байланысты шектеу шаралары мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді.