ӘР ҮШІНШІ ТҰРҒЫН – БІЛІМ САЛАСЫНДА Избранное

Пятница, 02 Июль 2021 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1704 раз

Орташа есеппен алғанда мегаполис тұрғындарының әрбір үшіншісі білім беру саласында тәрбиеленуде. Олар мектептер мен колледждерде оқып жүр. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында осылай деді.

366

 

Шыңғыс Жұмабекұлының айтуынша, білім беру саласына 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша 135 млрд теңге қаралған. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 84 млрд теңгеге артық.
– Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халық алдындағы есебінде қаланың дамуының 5 негізгі бағытын атап көрсеткен болатын. Соның ең бастысы – адами капиталды дамыту. Осы бағытта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ішкі саясат және дін басқармалары жұмыс атқаруда. Өздеріңіз байқағандай, бес бағыттың алғашқы бағыты – адами капиталды дамыту бағытына баса назар аударылуда, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда қалада 760 білім беру мекемесі бар, онда 341 814 білім алушы тәрбиеленіп жүр. Білім саласының қаланың әлеуметтік өміріндегі орны осыдан байқалады. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттен қаржы қаралып, 7 798 оқушы жазғы сауықтырумен қамтамасыз етілуде.
– «Мектепке жол» акциясы аясында жаңа оқу жылы қарсаңында 55 мыңнан астам оқушы мектепке қажет заттармен қамтамасыз етіледі. Ал қаладағы 3-6 жасар балалар бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне деген сұраныс толық қамтамасыз етілген, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Спикердің айтуынша, биыл 175 мекеме ғимаратын ағымдағы жөндеу үшін 330 млн 600 мың теңге қаралып, жөндеу жұмыстары басталуда. Ал білім беру мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстарына 74 млн 300 мың теңге қаралған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.