Версия для печати

Көненің соңы жаңаның басы, куәсі жылдың мыңдаған Избранное

Среда, 23 Июнь 2021 03:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1344 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттің республикадағы маңызы бар үшінші қала атанғанына – 3 жыл! Қала күні мерекесіне орай, Шымкент қаласы әкімдігі мен мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы шымкенттіктер үшін көптеген тосын сый дайындады. Әл Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Мегаполиске квест-саяхатынан» басталған іс-шаралар легі бір аптаға жалғасты. Көпшілік кітапханалар жүйесінің №15 филиалында «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» әдеби сағаты, №16 филиалында «Шырайлы шаһар – Шымкент» кітап көрмесі, Әл-Фараби кітапханасында ҚР Жазушылар одағының мүшелерінің қатысуымен «Ұлы даланың жеті қыры және ұлттық әдебиет» дөңгелек үстелі кітапсүйер көпшілік үшін рухани азық болғаны сөзсіз.

250

 

Дәстүр шашу

«Shymqala» этноауылындағы ерекше іс-шаралар өз алдына бөлек әңгіме. Көне шаһарымыздың бай тарихы, бүгінгі келбеті мен даму жолы, мәдениетінен сыр шертетін «Shymqala - дәстүр шашу» мерекелік іс-шарасында қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетіліп, ұлттық ойындар ойнатылды. Этноауыл аспанында қазақы құндылықтар асқақтады.
«Қайта оралды қазағымның бүгін дәстүрлері-ай!» деп әдет ғұрып және салт дәстүр орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қыз ұзату салты жаңаша бағыт, ұлттық ұстаныммен қайта жаңғырды.
Лэд экранда (геодезиялық шатырда) тарих, дәстүр, қолөнер бағытында «Қыз Жібек», «Көшпенділер» сияқты танымдық деректі кинофильмдер көрсетілді.
«Жеті қазына» балаларға арналған интеллектуалды квест ойыны ұйымдастырылып, «Тоғызқұмалақ, «Асық», «Ләңгі» ойынынан «Shymqala» этноауылының чемпионаты өтті. Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының «Тоғызқұмалақ» секциясының маманы Роза Бектұрсынова балаларға тоғызқұмалақ ойынынан, «Асық ату» спортынан аға жаттықтырушы Ердос Абдимуратов келушілермен асық ойындарынан жарыс өткізді.

251


«Дәстүр шеру» қойылымында «Ұрын келу», «Бастаңғы», жастардың дәстүрлі сауығы, жастар арасында «Алтыбақан» ойын сауық кеші мен «Ақсүйек» ежелгі этно ойыны ерекше қызығушылық туғызды. Шара барысында бүлдіршіндердің тұсауы кесілді.

Qala Camp Revibe

Шымкенттегі теңдесі жоқ фестиваль. Дендросаябақта екі күн бойы тұрғындарға позитивті энергия мен жақсы көңіл-күй сыйлады. Көптеген шығармашылық шеберлік сағаттарын ең тәжірибелі спикерлер жүргізді. Әсерлі қойылым, жалынды әуен, иммерсивті спектакль, арнайы музыка, физикалық, шығармашылық және рухани шарықтаудың куәсі болдық.
Ал Орталық саябақтағы «Сәлем, соседи!» қалалық мәдени пикнигінде барлық отбасы мүшелеріне арналған ауқымды музыкалық бағдарлама, ерекше трансформациялар, спорттық жарыстар мен қызықты шаралар, ашық аспан астындағы кинотеатр, таза ауада үстел ойындары, суретшілер плэнері, дәмді тағам да болды. Түркістан сарайында өткен «Мерекеңмен, Шымқала!» гала-концерті де әдемі әуен, төгілген би, ерекше қойылымдарымен қала тұрғындарын мерекелік көңіл-күйге бөледі. Ал салтанатты іс-шараның ең бір есте қаларлық сәті – Шымкент қаласына еңбегі сіңген елеулі адамдарға шаһардың «Құрметті азаматы» төсбелгісінің табысталуы болды.
Марапат алғандардың қатарында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхан Омаров, зейнеткер, еңбек ардагері Савит Рүстемов, ОҚМПУ профессоры Сағынғали Әбубәкіров, ардагер ұстаз Қанымша Түлембаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров, Ж. Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының актері Мұхан Шакиров, т. б. сияқты 20 азамат бар.

252


19 маусымда «Қаратау» ұлт аспаптар ансамблі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қала күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған Сәкен Майғазиев басшылық ететін Шымкент қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған қазақ оркестрінің тамаша концерті өтті. Оркестрге Қазақстанға танымал дирижер Жалғасбек Бегіндіков жетекшілік етті. Қазақ даласының қоңыр үнін, тарихы мен болмысын аспаптардың құдыретімен тербейтін сырлы саз, күмбірлеген күй сол жерде болды. Әуелеген әндер көрермен көңілін көтеріп, оркестр ұжымы зор қошеметке ие болды.
Қалалық театрлардың ұжымы да тосын сыйдан құр алақан болмады. Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры «Махаббат формуласы» сазды лирикалық кешін, Қуыршақ және жасөспірімдер театры «Қошқар ата» аңызы мен «Рахмет, саған, дәрігер» ересектерге арналған қойылымын, Әзіл-сықақ және сатира театры «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясы мен «Шымкент кеші көңілді» атты сазды-думанды қойылымын, Өзбек драма театры «Тановор» арт этно фольклор қойылымы мен «Қайсарлар» комедиясын, Опера және балет театры «Домалақ ана» операсын тарту етті.
Шымкент – ерекше қала. Ерекше жаратылған аймақ. Олай болатын себебі, бәлкім, Шымқала тіршілігінің тым ертеден бастау алып, тарихының да тым тереңде жатқандығынан болар. Кез келген шымкенттік іскер. Кез келген шымкенттік қағылез. Қандай істің болмасын көзін тауып қандай тірлікті болсын дөңгелетіп алып кетуге икемді әрі шебер. Біздің тұрғындарда «жоқ» деген, «болмайды» деген ұғым жоқ. Өйткені, біз бәріміз – оптимистпіз. Мұның астарында қонақжайлық қасиетімізден бөлек қай-қайсымыздың болсын жүрегімізде жылылық, бойымызда бауырмалдық қасиет қосыла жүреді. Кез келген жан үшін Шымкент көктегі күн секілді жердегі ыстық мекен. Сондықтан Шымкенттің тіршілігі қашан да өзгеге өнеге, көпке үлгі.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.