Версия для печати

Ержан ЖОЛДАСОВ, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЗҒАЛЫСЫН ҚАУІПСІЗ, ӨМІРІН ЖАЙЛЫ ЕТУ Избранное

Пятница, 11 Июнь 2021 03:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1975 раз
Оцените материал
(0 голосов)

–Ержан Жақсылықұлы, Шымкент қаласында өткен жылы өте ауқымды жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Биыл бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

—Шымкент қаласы республикалық мәртебеге ие болуына байланысты соңғы жылдары шаһардағы жол инфрақұрылымын дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Мәселен, биыл барлығы 128 нысанда жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның жалпы ұзындығы – 253 шақырым. Оның ішінде жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын 12 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілсе, қайта құру жұмыстары 8 шақырымдық 3 жолда жүргізілуде. Мұнан бөлек қазір 4 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның жалпы ұзындығы – 49 шақырым. Жалпы ұзындығы 138 шақырымды құрайтын 109 нысанда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

974

 

—Өткен жылы бір мезетте көптеген көшелерде құрылыс жүруіне байланысты кептеліс болып, тұрғындар арасында наразылық пен түсінбеушілік туындаған еді. Биыл бұл мәселе ескерілді ме?

—Өткен жылы қалада 25 магистралды көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Соған байланысты кептелістің біршама көбейгені рас. Бірақ, биыл 7 магистралды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның 2-еуі, атап айтқанда, Республика даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесі өткен жылдан өтпелі нысандар. Оған қоса биыл Б.Момышұлы, Ғ.Иляев, К.Цеткина, Ақназар хан секілді көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысы, аяқ жолдар мен ирригациялық жүйелер жаңартылуда. Биыл орташа жөндеу жүргізіліп жатқан осы 7 нысан мен күрделі жөндеуден өтіп жатқан 4 нысанның жұмыстары толығымен аяқталады. Бір сөзбен айтқанда, орталық көшелерде былтырғыдай көп жұмыс жоқ. Сондықтан кептеліс көп болмайды деп ойлаймыз.

975


Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қалалардың шетінде орналасқан елді мекендерді дамытуға баса назар аудару жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай биылдан бастап ішкі орам жолдары мен шалғай елді мекендердің көшелеріне басымдық беріп отырмыз. Құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары сол жерлерде көптеп жүргізілуде.
Бүгінгі таңда атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың бірі – шағалтас төсеу. Қазір жалпы ұзындығы 153 шақырымды құрайтын көшелерге шағалтас төселуде. Оның басым көпшілігі Қаратау ауданының еншісінде. Себебі, осы ауданда жаңадан қалыптасып келе жатқан елді мекендер мен шағынаудандар көп. Алайда мұның өзі аздық етіп отыр. Тұрғындардан «көшемізге тас төсеп берсеңіздер» деген өтініштер көптеп түсуде. Осыған орай біз құжаттарын әзірлеп, қосымша қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолдадық. Жақында қалалық мәслихаттың сессиясында ол мақұлданып, қосымша қаржы бөлінді. Осылайша биыл топырақ жолдардың мәселесі біршама шешімін таппақ.

—Қонаев-Рысқұлов қиылысындағы жолайрық пен Д.Қонаев даңғылының жалғасында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайы туралы айтып өтсеңіз...

—Жолайрықтың құрылысы 2020 жылы 15 қазанда басталғаны белгілі. Бірінші кезеңдегі жұмыстар аяқталып, қазір екінші кезең жалғасуда. Өткен айда барлық инжинерлік-коммуникациялық желілер көшірілді. Қазір Д.Қонаев даңғылы мен Бәйдібек би көшелерінде тоннель қазылып, бетоннан тіреуіш қабырғалар құйылуда. Оған қоса 48 сваи қағылып, оған тоннельдің 24 балкасы орнатылуда. Жақында Т.Рысқұлов көшесінің де бір қапталы уақтылы жабылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Жолайрықты «Базис-А» корпорациясы салып жатыр. Бұл компанияның осындай күрделі нысандардың құрылысын жүргізу бойынша мол тәжірибесі бар. Оның үстіне қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысандағы жұмыстарды жеке бақылауына алған. Апта сайын құрылыстың басына барып, жұмыс барысымен танысып, сапаның тиісті деңгейде болуын қадағалап келеді.
Айта кетейік, жоба бойынша бұл нысан 36 айда салынуы тиіс. Бірақ, жолайрықтың қаланың орталығында орналасқанын ескере отырып, тұрғындарға қолайсыздықты барынша азайту үшін жұмыстар күндіз-түні жүріп жатыр. Д.Қонаев даңғылындағы тоннелді биыл 1 қазанға дейін, ал, Т.Рысқұлов көшесіндегі айналма жолды 1 қарашаға дейін ашу жоспарланып отыр. Жалпы, жолайрықтың құрылысын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Ал, Д.Қонаев даңғылының жалғасына келетін болсақ, бұл жұмыстар 5 кезеңге жоспарланған. Бірінші кезеңде Ескі қалашық маңындағы жұмыстарды «Отау құрылыс» компаниясы жүргізіп жатыр. Өткен айдан бері ескі қалашықтағы жолдың жабылғанын тұрғындар жақсы біледі. Екінші кезеңде ескі автовокзалдың маңында ұзындығы 600 метрлік тоннель салынады. Қазір онда қазу және инжинерлік-коммуникациялық желілерді көшіру жұмыстары жүруде. Бұл құрылыс аумағында кейбір коммерциялық нысандар орналасқан. Оның жерін мемлекет мұқтаждығына алу үшін қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге бүгінде үшінші кезеңнің жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Ол В.Терешкова көшесінен басталып, темір жолдың астынан өтіп кетеді. Қазір ол жерде де бетоннан тіреуіш қабырғалар құйылуда. Шілде айында Ресейден ұзындығы 45 метрлік үлкен балкалар келуі керек. Сол кезде теміржолдың астынан тоннель салынады. Төртінші кезеңде Бадам өзені арқылы өтетін көпір дайын тұр. Ал, бесінші кезең ары қарай айналма жолға ұласып кетеді. Д.Қонаев даңғылының құрылысы аяқталған кезде бұл нысан қалада кептелістің азаюына зор септігін тигізері сөзсіз.

—Былтыр Ж.Адырбеков көшесінің бір бөлігі кеңейтілді. Осы жұмыс 2021 жылы жалғасады делінген еді. Әзірге ол жерде құрылыс жұмыстары басталмаған сияқты...

—Иә, Ж.Адырбеков көшесінің қалған бөлігі де кеңейтіледі деп жоспарланғаны рас. Алайда, біз бұл жобаны әзірге тоқтатып, қайта қарауға жолдадық. Мұның негізгі 2 түрлі себебі бар. Біріншіден, жолайрықтың құрылысына байланысты көлік ағыны Дулати, Қазыбек би және Ж.Адырбеков көшелеріне қарай бағытталуда. Егер Д.Қонаев даңғылын ашпай тұрып, бұл 3 көшенің біреуін жабар болсақ кептеліс мәселесін шешу мүмкін емес. Екіншіден, Ж.Адырбеков көшесін кеңейту үшін бірқатар коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлерді мемлекет қажеттілігіне алып, бұзуға тура келеді. Бұл қаншалықты тиімді? Міне, осы сұрақтың жауабын жан-жақты зерттеп, қайта қарау үшін жобаны уақытша тоқтата тұру жөнінде шешім қабылданды.

—Бәйдібек би даңғылы қаладан Бозарық, Тұран мен Шымкент ситиге қарай шығатын жалғыз жол болып тұр. Қазірдің өзінде дендросаябақтың, зообақтың тұсында жиі кептеліс болады. Болашақта жоғарыда аталған шағын аудандарда халық саны көбейе берері анық. Қ.Төлеметов көшесінен Тұран мен Шымкент-ситиге қарай шығатын балама жолдар керек екені көрініп тұр. Қаланың Бас жоспарында мұндай жолдар қарастырылған ба? Болса қай тұстан, қашан салынатынын айта аласыз ба?

—Қазір С.Бәйтереков көшесі кең болып келеді де Қ.Төлеметов көшесіне жеткенде аяқталып қалады. Ары қарай Қайтпас шағын ауданына кіретін Ы.Алтынсарин атындағы жіңішке көше бар. Бүгінде сол Ы.Алтынсарин көшесін кеңейтіп, қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Көшенің бір қапталындағы нысандар бұзылып, ол 4 жолақты магистралды жолға айналады. Сөйтіп, С.Бәйтереков көшесінен келген көліктер тіп-тіке Қайтпас шағын ауданын кесіп өтіп, ары қарай қырға көтеріліп кетеді. Ол жақта Тұран шағын ауданының дайын жолдары тұр. Яғни, А-2 тас жолы мен Тұран шағын ауданынан басталып С.Бәйтереков, Ж.Адырбеков көшелері арқылы қаланың орталығына дейін жетіп, Төле би көшесіне дейін баруға болады. Осылайша, бұл – Бәйдібек би көшесіне балама жол болады.

—Шаһарда жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін қандай жоба-жоспарлар бар?

—Жоба-жоспарлар өте көп. Әзірге үшеуін айтайын: Біріншісі, Д.Қонаев –Т.Рысқұлов қиылысындағы жолайрықтың құрылысы аяталған соң, бәлкім осы жылдың соңына қарай Бәйдібек би мен Ұ.Арғынбеков көшелерінің қиылысында екінші жолайрықтың құрылысы басталады. Бірақ, бұл жерде жол толық жабылмайды, тек бір жағын ғана жауып істеу көзделіп отыр.
Екіншісі, Қ.Қазиев көшесінің жалғасы салынады. Қазір бұл көше Ұ.Арғынбеков көшесінің тұсынан аяқталады. Енді жасалып жатқан жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес, оны Қ.Төлеметов көшесіне дейін ұзарту көзделген.
Үшінші жоба Т.Өтегенов көшесіне қатысты. Бұл да кең, магистралды жол болғанымен, Қ.Төлеметов көшесіне барып аяқталып қалады. Жобаға сәйкес оның жалғасын салып, Ақжайық шағын ауданының ортасымен кесіп, Асар шағын ауданына дейін жеткізу көзделген. Сонда Т.Рысқұлов көшесінен бастап Т.Өтегенов көшесімен жүріп отырып, Асарға жетіп, одан әрі кең жолдармен А-2 тас жолына дейін төтелеп шығып кетуге мүмкіндік туады. Осының бәрі де қалада кептелістің азаюы үшін, қала тұрғындарының өмірі қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар.
Жол құрылысында ең басты мәселе сапа екені белгілі. Бүгінде қалада жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бақылауында. Бұл жол сапасына тәуелсіз сараптама жүргізетін бірегей құрылым. Шымкент қаласының әкімдігі осы орталықпен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделілік танытып, жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөліп, сапаны барынша қатаң қадағалап келеді.

—Әңгімеңізге рахмет!