Версия для печати

Жүсіпбек Аймауытов Шымкентте тұрған Избранное

Среда, 09 Июнь 2021 04:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 15775 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақтың атақты жазушысы «Қарт қожа», «Ақбілек» романдарының авторы, 1931 жылы Москвадағы түрмеде «халық жауы» атанып өлім жазасына кесілген Жүсіпбек Аймауытов 1926-1929 жылдары Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумның директоры болып қызмет атқарған. Бұл деректі бүгінгі жас ұрпақ білгені дұрыс деген оймен қолыма қалам алдым...

951

 

Қазақтың мақтанышына айналған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтың есімін білмейтін қазақ аз шығар. Соның бірегейі, жарық жұлдызды, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауидің тарихи мұражайы жайлы «Әзірет Сұлтан» атты ғылыми-танымды еңбек жазған Жүсіпбек
Аймауытов болатын.
Шымкент қаласында жазушы атында орта мектеп бар. Бұл жазушыға деген елдің құрметі. Қаладағы ғалымдар, тарихшылар, ақын-жазушылар, ұстаздар Жүсіпбекке көше аты берілгенде мақтаныш сезіміне бөленді. Біз соның куәсі болған едік.

952

 

Ххх
Бүгінгі Шымкент қаласы қатты өзгеріп кетті. Биік-биік зәулім үйлер салынған, өмірдің қуанышы.
«Адам керуен, бір кең сарай,
Келген адам жолаушы әлде қалай?!
Біреу туып, біреулер өліп жатыр
Оларға дейтін жоқ «Мұның қалай?!» - деген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңі ойға оралады.
Жүсіпбек те Шымкентке бір кездері келген жолаушы сияқты. Ол өзінің «Қысқаша өмірбаяным» деген естелігінде мына бір сөздерді жазыпты.
«...Мен сиыр жылының аяғында 1890 жылы Қызылтаудың бауырындағы Қараның адыры деген жерде Дандабай ауылында тусам керек. Руым Сүйіндік.
Сұлтанмахмұт Торайғыровпен сегізінші атадан, Мәшһүр Жүсіп Көбеевпен жетінші атадан қосыламын. Абай Құнанбайұлының өлеңдерімен бала күннен таныспын. Кітабы басылмай тұрғанда ел қыдырған жыршылардың аузынан бірталай өлеңдерін көшіріп алып жаттап едім.
Бұдан басқа Максим Горькидің, Мапасоннан, Джек Лондоннан, Тагордан аударған әңгімелерім бар. «Шаншарда» басылған 3-4 әңгімелерім бар. Осымен өзіңіз сұраған алты нәрсеге жауап бердім ғой деп ойлаймын...
Сәлеммен: Жүсіпбек Аймауытов.
1928 жыл. 3-қаңтар. Шымкент қаласы.

Ххх
Жүсіпбек Шымкент қаласында тұрғанда бауыры, қазақтың атақты ақыны Мәшһүр Жүсіптен хат алып тұрады. Сонда ақын былай депті:
–Жүсіпбек аманбысың, сау-саламат
Жігітсің жақсыға хат, жаманға жат.
Жалғыздық жарасқан-ды бір Құдайға,
Аман ба, Бектұр, Жайнақ екі азамат...

Ххх
Жазушының Бектұр мен Жайнақ деген екі баласы болыпты. Өзі 1931 жылы Мәскеуде «халық жауы» деген жаламен 41 жасында атылады.
...Шымкент қаласындағы Аймауытов көшесі қазіргі Тәукехан даңғылымен қиылысып жатыр.
Жалпы, көшеге есімі берілген азаматтарды мақтан тұтуымыз керек. Танымасақ таныстырып, тарихшы, қаламгер, зиялы қауым өкілдері ұдайы жастарға олар жайлы насихат айтып, есімдерін жаңғыртып отырғаны жөн.
Есіме 1996 жылдың 24-26 сәуір күндері орала береді. Өтіп жатқан күндердің көші кейін шегінбейді екен-ау. Алға қарай уақыт жылжи береді. Жылжи береді. Иә, 1996 жыл. Қаладағы Ж.Аймауытов атындағы орта мектептің директорының орынбасары Зәуре Ахметова үйге телефон шалып, тез келіп кетуімді сұранды. Мектепке бардым. Зәуренің бөлмесінде орта бойлы, қартаң адам отыр. Қарияның қолын алып сәлем бердім.
–Сіз іздеген Серік ініңіз осы жігіт болады? – деп Зәуре әлгі қарияға мені таныстырып жатыр. Қария орнынан ширақ көтеріліп:
–Аймауытов Бектұр
Жүсіпбекұлымын! – деді.
«–Аман ба, Бектұр-Жайнақ екі азамат!» – деп атақты ақын Мәшһүр Жүсіп Көбеев жырға қосқан Бектұр аға амансыз ба?- дедім мен.
Қария кісі көзіне толған жасын көрсеткісі келмей бетін бұрып әкетті.
–Бектұр атамыз Ресейдің Кемеров облысында тұрады. Жастық шағы осы Шымкент қаласында өтіпті. Алматыдан келді. Күтіп алдық. Қазір қаламыздағы жазушының атындағы көшені көрсетеміз. Түскі асты біздің үйден ішеміз. Мен Ахмет Байтұрсынов көшесінде тұрамын, - деп Зәуре алдағы жоспарды тәптіштеп түсіндіріп жатыр.
Байқағаным Бектұр қария Шымкентке келгеніне риза екендігі байқалады. Қуанып жүрді. Аймауытов атындағы көшені жаяу аралады. Біз ілесіп отырдық. Көше атауы жазылған тақтайшаларды үңіліп оқып қояды. Қария орысша, татарша, башқұрт тілдерінде еркін сөйлейді екен.
–Шымкент қаласының халқына, әкімдеріне, ғалымдарына, ел ақсақалдарына алғысым шексіз. Менің әкем Жүсіпбек Аймауытов қазақ халқының бел баласы. Ол қазақтың азаматы. Ақыры қазақ елі өз баласын ақтап алып, атына мектеп, көше бергізді. «Қазақ Ұлы халық!» деп әкем солай айтып отыратын. Солай жазды! – деді Бектұр қария.

Ххх
Зәуре Ахметованың үйінде қонақ болдық. Сол үйде отырып «Шымкент келбеті» газетінің Бас редакторы, белгілі қаламгер ағамыз Жұмамұрат Тұяқбаевқа, Әл-Фараби ауданының әкімі Оразкүл Асанғазиеваға телефон соғып, Бектұр Аймауытовтың Шымкентке келгені туралы хабарладым. Екеуі де қатты қуанды.
Түс ауа Бектұр қария Зәуреге қарап:
–Қызым, мен Серік баламның үйіне барамын. Екі күн. Оңаша әңгімем бар еді,-деді. Осылайша Бектұр қария үйіме келді. Балаларым Өскен, Болат, Ілияс, Шоқан, әйелім Нүрзайым Маханқызы жылы қарсы алып, шұрқыраса көрісіп жатыр. Оларға айтып қойғанмын ғой. Сондай асыл азаматтың тұяғы келе жатыр деп. Балажан, бауырмал Бектұр қария төрге жайғасып демін алды...

Ххх
–Мен Алматыға Қазақстанның Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты іздеп Ресейден келдім. Сол жақтағы Кемеров облысында тұрамын ғой. Алматыға келсем ол кісі шетелге сапарға шығып кетіпті. Мені «шақыртыпты» деген хабар жеткенде не сенерімді, не сенбесімді білмедім. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында болдым. Сол жерде Жүсіпбек Қорғасбеков пен Армиял Тастанбеков есімді жазушылар сен туралы айтты. Менің әкем туралы жазған мақалаңды табыс етті. «Шымкент қаласында көше аты беріліпті, мектеп бар» деп солардан естідім»- деді қария.
–Әкеңіздің ақталғанын қашан естідіңіз?
–Бұдан екі жыл бұрын. 1994 жылы. Праков деген қалада. 1975 жылы еңбек демалысына шықтым. Виктор деген ұлым, Нүрима деген қызым бар. Әйелім орыс.
1994 жылы Праков қаласында Нарбек Оқанов деген қазақ жігітімен танысып қалдым. Мен аты-жөнімді айттым. Ол маған әкем Жүсіпбек Аймауытовтың ақталғанын айтты. Мен құжаттарымды көрсеттім. Ол таң қалды. Мені өз қаражатымен Алматыға алып келді. Армиял Тастанбеков деген журналиспен таныстырды. Армиял мені Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрдің үйіне алып келді. Гүлнәр бар даусымен айқайлап жылап көрісті.
«Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жаздым. Сені Қазақстанға алдырамын. Бектұр-ау сен тірі екенсің ғой!» деп өксігін бас алмады. Мен қосылып жыладым, - дейді Бектұр қария.
Мына әңгімеден менің де көңілім босап кетті білем. Бір қарасам екеумізге қарап әйелім Нүрзайым да қосылсын...
Қария үйде екі күн қонақ болды. Журналист Дүйсен Шегебаев пен тарихшы Шәкен Орынбекұлын үйге шақырдым. Екеуі қариямен әңгімелесті.
–Әкем сері мінезді жігіт еді. Домбыра тартып ән салатын. Бес жасар інім Жайнаққа сурет салдыратын. Мінезі жұмсақ еді. «Психология» деген кітап жазды. Мұхтар Әуезовпен өте жақын дос болды.
Әкемнің бірінші әйелі Верадан Жайнақ екеуміз тудық. Екінші әйелінің аты Евгения болды. Одан бір қыз бар. Аты –Муза. Қазір Ақтөбеде тұрады деп естимін,- дейді Бектұр қария.
–Евгения орыс қызы ма? – деп сұрады Шәкен Орынбекұлы.
–Иә, әкем екеуі Ташкент қаласында танысып, қосылды. Евгенияның әке-шешесі Шымкент қаласында тұратын. Біз Шымкентке 1926 жылы көшіп келдік. 1929 жылы Қызылорда қаласына ауыстық. Мен соңғы рет 1930 жылы Шымкент қаласына келдім. Әкемді 1929 жылы Мәскеуге алып кетті. 1931 жылы «халық жауы» деп атты...
–Әкеңізді Қызылордада тұтқындады ғой... - деді Дүйсен.
–1929 жылы сәуірдің 10-күні түнде үйден алып кетті. Жайнақ пен Муза ұйықтап жатты. Әкем мені құшақтап тұрып: «Циалковскийдің, Абайдың кітаптарын терең оқы. Маған кейін түсіндіріп бересің» деді.
–Бұл соңғы сөзі ме еді?- деп сұрады Шәкен.
–Иә. Үйге үш адам келді. Әкем ұйықтап жатқан. Музаның шашын алақанымен сипалады. Жайнақтың маңдайынан иіскеледі. Менің бетімнен сүйді. Әкем өте мейірімді жан болатын.
Мен 1916 жылы Семей қаласында тудым. Қазір жасым 80-ге толады. 1930 жылы соңғы рет Шымкентке келген соң бірден Башқұртстанға кеттім. Фарида Кушимова деген әйел әкеммен жақсы таныс еді. Өзі башқұрт. «Саған Қазақстанда тұруға болмайды. Әкеңнің жаулары көп. Көбі қазақтың ақын-жазушылары. Олар сені аямайды. Өмірің қор болады. Сені Башқұртстанға әкетемін. Әкең ақталған соң ораласың. Партияның тәртібі қатал. Сенің әкең Алашорданың мүшесі екен» деп сол мені өзімен бірге пойызға отырғызып алып кетті. Он төрт жасар бала едім. Жазығым ешбір жоқ еді, - деп Бектұр Жүсіпбекұлы өткен өмірін зор тебіреніспен еске алды.

Ххх
Оразкүл Асанғазиева, Жұмамұрат Тұяқбаев, Қалима Күлпатшаевалар Бектұр қарияны Шымкенттің сыртындағы «Албасты сайға» алып барды. Бәрі бірге суретке түсті. Бұл қазақ елінің 80 жастағы қариясына көрсеткен құрметі болатын. Қарияны Алматыға пойызға шығарып салдық. Ол кісі жерден бір уыс топырақ алып, оны жанқалтасынан орамал алып түйді. Бізге қарап күлімсіреді. Бір уыс топырақты өзімен бірге ала кетті. Оның байлығы осы еді.
Кейін Алматыда қайтыс болып, жерленгенін теледидардан естідік. Соңғы кездесуіміз екен ғой...

Ххх
Жүсіпбек Аймауытов кім болған?
Оның қазақ зиялыларынан шоқтығы биік еді. Өз ұлтының махаббатына айналған, текті ұрпақтың көсемі еді. Алаш қайраткері, ақын, публицист, сатирик, драматург, қарасөздің шебері, аудармашы, философ болғанын оның еңбектері арқылы білуге болады.
Алаштың арыстаны Жүсіпбекті коммунистік жүйенің лидерлері арнайы Москваға апарып, сол жерде түрмеге қаматты. Жасы қырықтан асқан шағында қазақ зиялыларының ішінен тұңғыш «халық жауының» тізіміне кіргізіп, өлім жазасына кесті. Неге? Жүсіпбек Орта Азия елдері қаламгерлерінің ішіндегі Шолпан жұлдызы болатын. Жүсіпбек Москвада атылды. Сойқан қырғын тазарту партияның өз ішінен де коммунистердің арасынан 1937-1938 жылы басталды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет,
Құдайберген «халық жауы» деген жаламен атылды. Бірақ, Жүсіпбектің шығармашылығы биік болатын... Осындай азаматқа Шымкент қаласынан көше аты берілуіне біз мақтанамыз.
Жүсіпбек – қазақтың мақтанышы.
Орайы келгенде Жүсіпбек
Аймауытовтың шәкірті болған Керім Тіленшеұлы туралы айтпай кетуге болмайды. Ол кісі 1927 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында оқыған. Қорғасын зауытындағы газеттің редакторы болды.
Бірде сол кездегі қала басшысы Қуаныш Төлеметовтың кабинетіне кіріп Керім Тіленшеұлы:
–Аймауытовтың әруағын сыйлайық. Ол тұрған үйді бұздырмау керек,-депті. Қаһар Апатанов, Бақытжан Әшірбаев және Шәкен
Орынбекұлын ертіп апарып,
Жүсіпбек тұрған үйді көрсеткен. Бұрынғы педтехникумның әбден ескірген үйі екен. Керім Тіленшеұлы бұл мәселеден бұқара да сырт қалмасын деп телеарнадан да сөйлеп, Жүсіпбек Аймауытов тұрған үйдің апатты жағдайда екенін айта отырып, оны аман алып қалу, тарихи жәдігер ретінде сақта керектігін айтады.
–Төлеген Тәжібаев, Құрманбек Жандарбеков және мен оқығанда бізге Жүсіпбек ағай сабақ берген. Оның «Рабиға» атты пьесасын
Құрманбек пен Төлеген оқыды, - дейтін Керім Тіленшеұлы.
Шымкенттің оқу орындарына барып Керім Тіленшеұлы
Жүсіпбек Аймауытов туралы естеліктер айтатын. Төрегелді
Байтасов екеуміз Керім атаның үйінде болдық. Шымкент қаласында Жүсіпбек Аймауытов атына көше бергізуде Керім ағай белсенді болды.
Профессор Атауов, белгілі ғалым әдебиетшілер Әмір Мұсақұлов, Керімбек Сыздықов, Шәкен Орынбекұлы, профессор Серікбай Бершімбаевтар
Аймауытов еңбектерін өте жоғары бағалады.
Дегенмен, Аймауытов тұрған үйді сақтап қала алмадық.

Ххх
Түн...мамыр айы. Сұлу қала – Шымкент. Аймауытов көшесінің шамдары жарқырап тұр. Осындай қалада қолына қалам алып «Ақбілек» романын жазған орта бойлы, сұлуша жүзді өте білімді, европалық мәдениетті өзінің бойына жинаған жазушы жігіттің жымиған күлкісі елес беріп тұрғандай болады. Бектұр мен Жайнағын жанына ертіп «Қошқар ата» мен «Бақа көлді» жағалап
«Кең дала көресің ғой ана жақтан, Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар Әне сол анам еді мені тапқан! – деген Мағжан ақынның өлеңін ішінен күбірлеп айтып жүрген жазушы Жүсіпбек елес береді...
Бұлар Қазақтың ірілері, Абайдың інілері еді...

Серік ЖАНӘБІЛ,
жазушы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.