Шарықта, жас қыраным, ақ жол саған! Избранное

Среда, 26 Май 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2809 раз

25 мамыр – мектеп бітірушілер есінде мәңгі сақталатын, тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін, еліміз үшін айтулы күн. Осы күні Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында да соңғы қоңырау соғылды. Айта кетейік, 1991 жылы ашылған білім ұясының биылғы мерейтойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен және қазақ халқының тұңғыш педагогі Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

866

 

– 2020-2021 оқу жылы біздің мектебіміз үшін өте табысты болды. Оқушыларымыз қашықтан және штаттық режимде білім алды. Соған қарамастан халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстарда мектептің атын шығарып, алған білімін көрсете білді. Биыл 129 түлек үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Оның 17-сі «Алтын белгіге», 18-і үздік аттестатқа үміткер. Мектеп тарихында жалпы 176 оқушы «Алтын белгіге» үміткер, 146 оқушы халықаралық дәрежедегі сайыстардың жеңімпазы, 115 оқушы республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы, онымен қоса спорт және өнер саласындағы жетістіктеріміз де жетерлік, - деп мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Алмас Қайыпов оқу жылының сәтті аяқталуымен оқушылар мен ата-аналарды құттықтады.
Алмас Серікұлының айтуынша, мектептің іргетасы 1991 жылы қаланып, 602 оқушымен жұмысын бастаған. Қазіргі таңда 3548 оқушы білім алып жатыр. Білім ордасында ең алғашқы ұстаздардың саны – 30 болса, қазір 242 ұстаз еңбек етуде.

870


Тебіреніске толы сәтке Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, тәуелсіздіктің 30 жылдығында мектеп бітірген бақытты түлектерге сәттілік тілеп, ақжолтай айтты.
–Шымкент қаласында биыл 9535 түлек орта мектепті аяқтап жатыр. Оқушы, ата-ана, ұстаз үшін өте тебіреністі сәт. «Осы оқу ұясын аяқтаған соң қандай маман болады, қоғамдағы орны қандай болады» деген сұрақ бәрімізді алаңдатады. Алтынсарин мектебі – ерекше мектеп. Ұлт ұстазының атын иемденіп тұрғанын айтпағанның өзінде, бұл мектеп тәуелсіздігіміздің құрдасы. Осыдан 30 жыл бұрын іргетасы қаланған. Биылғы түлектердің мектеп бітірген жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген ерекше жыл. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1990 жылдары Шымкентте 70 мектеп, 72 мың оқушысы болған. Қазір 186 мектеп, 226 мың оқушы оқиды. 30 жылдың ішінде мектептеріміздің саны да, сапасы да артып отыр.
Шымкент қаласы соңғы 30 жылда білім саласы айтулы жетістіктерге жетті. Білім ордалары көбейген сайын елдің кемел келешегіне сенеміз. Сандарды сөйлеткенде қарапайым болып естілуі мүмкін. Бірақ, оның артында осы мектептің ұстаздарының үлкен еңбегі жатыр. Бүгінгі соңғы қоңырау салтанатты сәтінде биылғы түлектердің бәріне сәттілік тілеп, қалаған мамандықтарына оқуға түсіп, мықты маман болуына тілектеспін, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Шаһар басшысының бірінші орынбасары үздік мектеп бітірушілерді «Жас лингвист», «Жас өнертапқыш», «Спорт майталманы», «Мектеп көшбасшысы», «Сахна саңлағы», «Мектеп жұлдызы» сияқты номинацияларымен марапаттады.
Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ермек Аманжолов та бітіруші түлектерге ақ тілегін жаудырып, мектептің қоғамдық өміріне белсенді араласып, қамқорлық танытқан бірқатар ата-аналарға алғыс хат табыстады.
Толқып әрі тебіренген түлектер «Ұстазым менің – қамқорым менің» деп сызылта ән салды. Әуезді әнге «Мектеп вальсін» биледі.
Соңғы қоңырауды соғу құрметі мектеп мақтанышы, оқу озаты, республикалық пән олимпиадасының жүлдегері, 11 А сынып түлегі Тәңірхан Қайнар мен гимнастикадан халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, спорт шебері, 11 Б сынып түлегі Арайлым Нұрділдәға берілді.
Айта кетейік, биылғы оқу жылын шымкенттік білім ұялары жоғары жетістікпен аяқтады. Елбасы медалін иеленген 131 оқушы, 56 республикалық, 2 халықаралық ғылыми жарыстан озып шыққан оқушылар бар.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.