Риддерге гуманитарлық көмек аттанды Избранное

Пятница, 21 Май 2021 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2878 раз

Шығыс Қызықстан облысы Риддер қаласының маңындағы Лесхоз поселкесінде болған өрттен соң іле-шала Шымкент қаласында «Жастар ресурстық орталығы» мен «Қоғамдық келісім» мекемелері жанынан қайырымдылық штабтары құрылған болатын. «Риддер, біз біргеміз!» ұранымен зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде азық-түлік, басқа да керек-жарақ тиелген жүк көліктері жөнелтіліп, олардың алғашқы легі Шығыс Қазақстан облысына жетіп үлгерді.

850

 

Жуырда қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған қайырымдылық іс-шарасы аясында үшінші жүк көлігі Риддер қаласына аттанды. Ассамблея жанындағы түрлі диаспора өкілдері тарапынан жасақталған материалдық көмек көлемі – 11 млн теңге. 8 тоннадан астам жүк тиелген көлікте ұн, көкөніс пен жеміс-жидек, азық-түлік тауарлары, сусындар және шаруашылық бұйымдары мен төсек-орын жабдықтары бар.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қала әкімі атынан осынау игі бастамаға алғысын білдіріп, елдің бірлігі әрдайым осындай қиын сәттерде керек екенін жеткізді.
– Риддерде болған апат қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Әсіресе, алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласының тұрғындары көмек қолын созуға ұмтылды. Бірінші болып жастар ұран тастады. Қайырымдылыққа бір кісідей жұмылуға барша ағайынды үгіттеді. Халық төтеннен келген қайғылы оқиғаға қабырғасы қайысып, қолдан келгенше көмегін көрсетті. Енді, міне, тағы бір автокөлік жасақталып, өрттен жапа шеккен азаматтардың мұқтаждығын өтеуге жолға шыққалы тұр. Шымкент қаласынан осымен Шығыс Қазақстан облысына үшінші жүк көлігін жөнелтіп жатырмыз. Республика бойынша қайырымды істерге ұйытқы болуда үшінші мегаполис алда келеді. Бұл, әлбетте, қала тұрғындарының ынтымақ-бірлігі, азаматтық ұстанымы мен бауырмалдық сезімі жоғары екенін көрсетеді, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Игі істі ұйымдастыруға «Silkway» халықаралық университеті, өзбек, кәріс, шешен-ингуш, ұйғыр, неміс этномәдени бірлестіктері, қалалық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі мұрындық болды.
– «Апат айтып келмейді» демекші, Риддер қаласында орын алған қайғылы жағдай қазақстандықтардың баршасының жанына батты. Алайда қандай ауыр оқиға, қиындық болса да еліміз өзінің бірлігі мен ынтымағының, Алладан тілеген берекесінің арқасында сол жамандықты жойып, кедергілерден аман-есен өтіп келеді. Ел аман тұрғанда риддерліктер үшін бұл қиын күндер де артта қалады. Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздегі қайырымды істерді үйлестіруші міндетін атқару Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген болатын. Ассамблея өкілдері жыл сайын қоғамда қайырымдылықты көбейту мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Биыл Қазақстан тарихында өте маңызды даталы оқиғамен тұспа-тұс келіп тұр. Ол, әрине, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі. Еліміздің осынау ширек ғасырдан астам уақыт ішінде бағындырған мерейлі белестеріне орай республиканың түкпір-түкпірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыхалықтық «30 игі іс» қайырымдылық марафоны бастау алды. Риддерге жөнелтілген гуманитарлық көмек сол қайырымдылық істердің бір көрінісі, – деді Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының» төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Икрамжан Хашимжанов.
Айта кету керек, еліміздегі этнобірлестік өкілдерінің ұйымы қолға алып жатқан игі амалдардың кешенді іс-шарасы аясында Шымкент қаласында қайырымдылық мақсатта 4 ауқымды жобаны іске асыру жоспарлануда.