Вакцина салу: нені білу қажет? Избранное

Среда, 21 Апрель 2021 04:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1403 раз

Қазір бүкіл әлемде коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцина салдыру науқаны жүруде. Осыған орай тұрғындар арасында туындаған сұрақтар да жоқ емес. Сондай сауалдардың бірқатарына Шымкент қалалық №4 емхананың инфекционист дәрігері Меруерт ҚАРЫМСАҚОВА жауап береді.

656

 

1. Ұжымдық иммунитет деген не?

Коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитет – осы дертпен ауырған адамның ағзасында антиденелердің пайда болуы. КВИ қарсы ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін еліміздегі ересек адамдардың 60 пайызын вакцинациялаумен қамтамасыз ету керек. Бұл қоғамдағы вирус айналымын азайтады және вакцина ала алмайтын әлсіз топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Covid-19 вирусын жұқтырып, ауырған адамдарды бақылағанымызда осындай антиденелер 6 айға дейін сақталады екен. Әзірге осындай антидене пайда болған соң 6 айдың ішінде қайтып ауырды деген науқас бізде тіркелген жоқ. Дегенмен, бұл мәселе әлі де толық зерттеуді қажет етеді.

657

 

2. Коронавируспен ауырған соң вакцина салу қажет пе?

Иә, бұл індетпен ауырған соң 6 айдан кейін екпе салуға болады. Жоғарыда айтылғандай, антиденелер 6 айға дейін сақталады.

3. Вакцинаның бірінші компонентін салдырған соң екіншісін салу керек пе?

Иә, коронавирусқа қарсы вакцина екі бөліктен тұрады. Біріншісін салған соң екіншісі 21 күннен кейін салынады. Оны міндетті түрде салдыру керек.
Себебі, екі компонентін толық салмаса, адам ағзасында ковидке қарсы
иммунитет қалыптаспайды.

4. Адамның екпе алған соң үш күнде сақтану тәртібі қандай?

Кез келген вакцина салдырған адам міндетті түрде 3 күн мұқият күтінуі керек. Ине салған жері сәл ісініп, дене қызуы жоғарылап, сәл мазасыздануы мүмкін. Сол үшін 3 күннің ішінде суықтап қалмау керек, шомылуға болмайды. Жалпы, 21 күн бойы дәрігердің бақылауында болады, соның ішінде бастапқы 3 күн бойы екпе қабылдаған азамат мұқият күтінуі тиіс.

5. Қазір екпені кімдерге салуға болмайды? Оның көрсеткіштері қандай?

Қазіргі таңда жедел вирусты инфекциямен ауырып жатқан науқастарға, жүкті және емізулі әйелдерге салмаймыз. Осы үш санатқа қоса
созылмалы ауруы асқынып жатқан азаматтарға да вакцина салдыруға болмайды.

6. Ковидтің симптомсыз түрімен аурудың белгілері қандай, қалай емделеді?

Симптомсыз түрімен ауыру – бұл ковидке анализ алғанда оң нәтиже берген, бірақ, денесінде қызуы жоғарылау, денесі қақсау сияқты ешқандай белгісі жоқ адамдар. Оларды үйлерінде 14 күнге карантинге шектейміз. Симптомсыз болғандықтан, бекітілген емі жоқ, бірақ, қосымша дерттері болса, мысалы, қант диабеті, қан қысымы жоғары болса, қосымша антикоагулянт дәрілер тағайындаймыз. Ол ағзадағы қанды сұйылту үшін керек. Айта кету керек, бұл препараттар емханада тегін беріледі, оны науқастар 1 ай бойы қабылдайды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.