Версия для печати

Алланың сауапты іске жақсылығы мол

Среда, 14 Апрель 2021 04:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3411 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қасиетті Рамазан айының бірінші күні Шымкент қаласының 6 мешітінде әлеуметтік жағдайы төмен мың отбасыға бір реттік ауызашар себеті таратылды. Аталмыш іс-шара ресми түрде қалалық орталық мешіт – Ақмешітте ұйымдастырылды. Ауызашарға қажетті азық-түлік жиынтығында макарон, күріш, пісте май секілді бір отбасын апталық азықпен қамтамасыз етуге керек тағам түрлері бар. Игі бастаманы қалалық әкімдік және ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігі бірлесіп қолға алған.

625

 

–Мүбарак айда сауап іс жасағандардың жақсылығы Алладан екі еселеп қайтады. Сондықтан осы керемет сәтті пайдаланып адамдарға қамқорлық көрсетуді алдымызға мақсат тұттық. Енді әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға күн сайын тізім бойынша қаладағы Байғұт баба, Қаттани, Сайрам жами, Біләл, Нұртөбе және Ақмешіт мешіттерінде ауызашар себеттері көмек ретінде берілетін болады. Осылайша Ораза айында шаһардағы жағдайы төмен жалпы саны 16 мың отбасыға жәрдем есебінде азық-түлік тегін таратылады. Бұдан бөлек тұрмысы нашар отбасыларға қалалық орталық мешіті жанындағы асханадан күн сайын кешке ауызашар уақытында өзімен бірге алып кетуге ыстық тамақ үлестіріледі, –деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов.
Орталық мешіттің найб-имамы Қазыбек Сарыбаевтің айтуынша санитарлық талапты орындау мақсатында ауызашардың орнына азық-түлік таратылып жатыр. Пандемиядан бұрын шаһардағы 40 мешітте күн сайын ораза ұстаған жандарға кешкі уақытта дастархан жайылатын.
–Шымкент қаласының Абай ауданында тұрамын. Жалғызбасты, көпбалалы анамын. Жағдайы төмен азаматтарға көмек қолын созған жандарға алғысым шексіз. Жыл сайын Рамазан айында мешіттерден әлеуметтік көмектер алып тұрамыз. Қайырлы айда жасаған қайырымдылық істерге Алла сауабын молынан жазсын деп тілеймін, - дейді ауызашар себетін алып, балаларымен мәз-мейрам шаттыққа кенелген ана Индира Махатаева.