Африкалық жайын, мархабат!

Среда, 14 Апрель 2021 03:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1039 раз

Ауыл шаруашылығымен бірге балық шаруашылығы да Шымкент қаласында қарқынды дами бастады. Балық өсіруді қолға алған кәсіпкердің бірі «Алина» шаруа қожалығының басшысы Дильшат Рахымжанов. Ол бұл кәсіппен біраз жылдан бері айналысып келеді.

616

 

–Жеке кәсіпкерлікті мал бағудан бастадық. Келе-келе балық шаруашылығын да қосымша меңгердік. Қазір уылдырық, тауарлы балық өндіріп жергілікті сауда нүктелеріне, дәмханаларға және Ресейге экспортқа жөнелтудеміз. Балықтың африкалық жайын, ақ амур, сазан, дөңмаңдай тағы басқа түрлерін өсіреміз. Бұл жобаны жүзеге асыруға жеке қаражат есебінен 120 миллион теңге жұмсадық. Балықты қыстың күндері әрқайсысы 7 текше метрлік 120 қауызда, жазда 7 мың текше метрлік тоғанда бағамыз. Негізінен балық шаруашылығы Шардарада жақсы дамыған. Шымкент қаласында да бұл кәсіпті өркендетуге жағдайлар жасалуда. Африкалық жайын өте пайдалы балық. Оның еті мәрмәр ет түріне жатады. Азық ретінде шабақ береміз. 6 айда салмағы 2 келіге жетеді. 26-28 цельсий жылылықта өсіреміз. Бұл балық ауруға өте төзімді келеді. Өзіміздің балық ыстайтын цехымыз бар. Үш фирмалық дүкен ашу жоспарымызда бар. Оған мемлекет тарапынан «1000 сауда нүктесі» бағдарламасы аясында жер учаскелерін алуды көздеп отырмыз. Шаруашылығымызды кеңейту мақсатында Қазығұрт ауданынан тағы бір су қоймасын алдық. Шымкенттіктер африкалық жайынға енді үйреніп жатыр. Балықтың бұл түрі қалада аса өте қоймайтындықтан тауарымызды көбінесе Ресейге жөнелтеміз. Солтүстіктегі көрші ел африкалық жайын немесе лақаның етін аса қатты ұнатады. Африкалық лақа өзінің кәдімгі өзенде өсетін тұқымдасына қарағанда майсыз әрі дәрумені көп. Балықты шабақ кезінен бастап өзіміз өсіреміз. Балық шаруашылығымен айналысуға ниеті бар азаматтарға африкалық жайынның шабақтарын сатуға дайынбыз. Бастапқыда біз де осы балықтың тұқымын Өзбекстаннан сатып алдық. Бизнеске енді кіріскен азаматтар кәсіпті 1 қауыздан бастауларына болады. Жалпы балық шаруашылығы өзін-өзі 3-5 жылда ақтайды. Ал біз дайын балықтың келісін 800 теңгеден сатамыз. Африкалық жайыннан котлет те жасауға, ет түрінде де асып жеуге болады, -деді Д.Рахымжанов.

618


Кәсіпкердің айтуынша елімізде балық етін тұтыну көрсеткіші жан басына шаққанда өте төмен деңгейде. Мәселен бұл стандарт бір адамға 4,5 келіден келсе, Қазақстанда ол 0,5 келі шамасында ғана. Сондықтан Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған арнайы бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама балық өсіруші шаруашылықтардың шығынын өтеуге субсидия бөлуді қарастырады. Осы орайда кәсіпкер Д.Рахымжанов субсидия берілетін балықтар тізіміне африкалық жайынды да кіргізу жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығына министрлігіне ұсыныс жолдаған.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандарының мәліметінше шаһарда «Алинадан» бөлек өндірістік қуаттылығы жылына 600 тонна тұқы тұқымдас балықты құрайтын «Айнакөл» шаруа қожалығы да бар. Сонымен қатар, биыл балық шаруашылығына байланысты қосымша 2 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бүгінгі таңда Абай ауданы Жаңаталап тұрғын алабы Бадам өзенінің маңында және Еңбекші ауданы Маятас тұрғын алабында кәсіпкерлердің бастауымен жеке су бассейндерін қазу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл сондай-ақ құны 480 млн. теңге тұратын, қуаттылығы жылына 80 тоннаны құрайтын тұқы (карп) тұқымдас балықтар мен олардың будандарын өндіретін ЖК «Нұрлан» шаруашылығы іске қосылады. Кәсіпкер бүгінгі күні қажетті құрал-жабдықтарды лизингке алу үшін келісімшарттар жасасып қойған.
Басқарма өкілдері осы бағытқа орай аудандарда мемлекеттік қолдаулар туралы семинарлар өткенін баяндады. Соның нәтижесінде субсидиялық төлемдер арқылы теңіз балықтарын өсіруге және бұл салаға инвестиция салуға көптеген кәсіпкер ниет білдірді. Теңіз балықтарының ішінде ең тиімді түрі албырт және бекіре болып саналады.

617


Экономистердің есебінше өндірістік бағытта жылына 5 тонна балық өсіру үшін кәсіпкердің қалтасында кемі 100 млн. теңге қаражат болуы қажет. Мұндай жобаның пайдаға шығу мерзімі орта есеппен 4 жылды құрайды. Қазіргі таңда Жаңаталап тұрғын алабындағы Бадам өзенінің маңында орналасқан ЖК «Мурат» балық шаруашылығын қолға алмақ. Ол үшін су айдындарын пайдалануға немесе жаңа қауыздар салуға экономикалық есептер жүргізді. Жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы «Ақсанат инжиниринг» ЖШС-нің технологиясын қолданбақ ниетте.
Акваөсіру яғни балық шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруды көздейтін субсидиялау қағидаларына сәйкес мемлекет тарапынан 1 келі балық азығына төмендегідей субсидия бөлу қарастырылған. Атап айтқанда албырт (лосось) тұқымдас балықтар мен олардың будандарына (сёмга, горбуша, кета, нельма, нерка, кижуч, чавыча, кумжа, сиг, омуль, голец, хариус, таймень, ленок) 270 теңгеден, бекіре (осетр) тұқымдас балықтар мен олардың будандары үшін (осётр, стерлядь, севрюга, белуга, шип. ) 285 теңгеден және тұқы (карп) тұқымдас балықтар мен олардың будандарына (карп,карась, сазан, голавль, линь, верхогляд, лещ, язь) 105 теңгеден субсидия төленеді екен.
Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша Шымкент қаласына шикі балық негізінен шет аумақтардан келеді. Осыған сәйкес қазіргі таңда мегаполисте балық сататын 20 дүкен мен бөлшек сауда орындары жұмыс істейді. Оларда күн сайын орта есеппен 3 тоннадай балық сатылады.