«Вакцинаның денсаулыққа зиянды әсері жоқ» Избранное

Среда, 07 Апрель 2021 03:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1672 раз

Дүйсенбі күні Қазақстан бойынша 1809 адам вирус жұқтырған. Оның ішінде 30-ы Шымкент қаласының тұрғындары. Осыған орай біз Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс Бас эпидемиологы   Гүлмира ӘЛІМБАЕВАМЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

576

 

—Гүлмира Сейсенқызы, Шымкенттегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай қалай? Шахардың «сары» аймаққа өтуі нені білдіреді?

—Шымкенттегі эпидемиологиялық жағдай қолайсыз екенін ашып айтуымыз керек. Аурушаңдықтың өсу себебі не десеңіз, ол қала тұрғындарының карантиндік шараларды дұрыс орындамауымен байланысты. Соның салдарынан Шымкент қаласы «сары» аймаққа өтіп отыр.

577

—Короновирус инфекциясының белгілері бар пневмония Шымкентте тіркелді ме?

—Иә, өкінішке қарай, коронавирусты пневмония тіркеліп жатыр. Наурыз айының 31 күнгі деректер бойынша, қалада барлығы 199 жағдай тіркелген. Ал, 1 сәуір күні тіркелген жоқ. Бір айта кетерлігі, Шымкентте 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында осыған дейін пневмония анықталған жоқ.

—Бұл вирус қай топтағы адамдар үшін аса қауіпті?

—Қауіпті топқа мүгедектер, созылмалы ауруы бар адамдар, соның ішінде өкпе мен тыныс алу жолдарының созылмалы ауруы бар науқастар жатады. Оған қоса қанында қанты жоғары, қан қысымы жиі мазалайтын және артық салмағы бар адамдар да сақ болғаны жөн.

—Жұқтырып алған жағдайда бұл вирусқа балалардың ағзасы қалай төтеп береді?

—Балаларда короновирустың симптомсыз түрі кездескендіктен, ол салыстырмалы түрде жеңіл өтеді.

—Індеттің қайта өршуінің көктем келіп, күн жылынуымен байланысы бар ма?

—Індеттің өршуі жыл мезгілімен немесе ауа-райымен байланысты деп айта алмаймын. Бұл жерде барлық тұрғындар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес сақтанса, вирустың мұндай өршуі болмас еді. Алайда, азаматтар қоғамдық орындарда сақтық шараларын сақтамай отыр. Атап айтқанда, бетперделік режимді бұзатындар көп.

—Сақтану жолдары туралы айта кетсеңіз...

—Коронавирусты жұқтырып алмау үшін қолды жиі жуып, өңдеп тұру қажет. Антисептикалық құралдармен өңдеу уақыты кемінде 20 секунд болуы тиіс. Жуылмаған қолмен мұрын, көзді ұстамаған, қолды ауызға апармаған жөн. Қоғамдық орындарда міндетті түрде бетпердені тағыңыз. Өзге адамдармен арақашықтықты 1,5-2 метр етіп сақтаңыз.
Сондай-ақ, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз, мұрынды беторамалмен, ол болмаған жағдайда шынтақпен жабыңыз. Үйіңізде еден мен жиһаздарды күн сайын арнайы құралдарды қолдана отырып тазалап, жуып тұрыңыз. Есік тұтқаларын дезинфекциялық заттармен жиі сүртіңіз.
Киімдеріңізді, төсек-жаймаларыңызды 60-90 градус ыстық суда жуу ұнтағымен жуыңыз. Қоғамдық орындарға, көпшілік жиналатын жерлерге мейлінше бармауға тырысыңыз. Барған жағдайда бетперде тағыңыз.
Отбасыңыздағы 60 жастан асқан немесе созылмалы ауруы бар адамдардың денсаулығын бақылап жүріңіз. Ауру белгілері болған жағдайда дереу өз емханаңызға хабарласыңыз.

—Қалада вакцинациялау қалай жүріп жатыр?

—Шымкент қаласында вакциналау жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. «Гам –КОВИД-Вак» (Спутник V) вакцинасы екі компоненттен тұруына байлысты 21 күндік аралықпен екі кезеңде жүргізіледі. Бүгінгі таңда вируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері екпемен қамтылды. Атап айтқанда, жұқпалы аурулар ауруханасының, жедел жәрдем станциясының, бастапқы медико-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың қызметкерлері, фильтрдегі және вирус анықталған ошақтарда жұмыс істейтін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары вакцинацияланды.

—Вакцина не себепті 2 дозада салынады? Оны қабылдағаннан кейін неше күнде күшіне енеді?

—«СПУТНИК V» — Ресейдің академик Н.Ф.Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында өндірілген, жаңа «SARS-CoV-2» коронавирустық инфекциясының профилактикасына арналған біріктірілген векторлы вакцина.
Ол екі компонеттен тұрады. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Ал, екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организіміндегі антиденелер саны артады. Вакцина SARS - CoV-2 вирусы тудыратын коронавирустық инфекцияға қарсы гуморальды және жасушалық иммунитетті қалыптастырады. Вакцинаны қабылдағаннан кейін антидененің титрі 42 күнде 100 пайыз, толық тұрақтанады.

—Екпенің денсаулыққа қаупі туралы қауесет әңгімелер бар. Бұған байланысты не айтар едіңіз...

—Вакцина —коронавирусты инфекциядан сақтанудың жалғыз сенімді жолы. Оның денсаулыққа зиянды әсері жоқ. Ал, қауесет сөздердің ешқандай дәлелі жоқ. Әрине, күтілетін реакциялар бар. Бірақ, бұл уақытша белгілер және ол қалыпты болып саналады. Шымкент қаласы бойынша егуден кейінгі асқыну тіркелген жоқ. Иә, кейбір адамдарда аздаған жағымсыз әсерлер болды. Бірақ, сіреспе синдромы (судорожный синдром), анафилактикалық шок, қатты аллергиялық белгілер бірде бір адамда болған жоқ. Сондықтан дәрігермен кеңесе отырып вакцина қабылдаудан қорықпауға шақырамын.

—Әңгімеңізге рахмет!