Версия для печати

Батырға ескерткіш қалай қойылды? Избранное

Пятница, 02 Апрель 2021 03:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2657 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі еңселі ескерткіштердің бірі Сабыр Рақымовқа қойылған. «Жеңіс» саябағының кіреберісіндегі бұл ескерткіштің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 7 метр.

550

 

Сабыр Рақымовтың кім болғаны жайлы бүгінде іздегенге мағлұмат өте көп. Алайда мол деректің көлеңкесінде оны көп жыл бойына қазаққа бұйыртпау саясаты болғанын бүгінгі өскелең жас біле бермеуі мүмкін. Тағдырдың тәлкегімен ұлты басқа болып жазылып, өзге елдің батыры саналып келген
Сабыр Рақымовтың даңқты аты қазаққа 1972 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 27 жыл толуы қарсаңында қайтарылды. Бұл белгілі ғалым, ұлтжанды азамат Әсілхан Оспанұлының табандылығының арқасында қол жеткізілген жеңіс екені талассыз.
Себебі сол жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Жеңіс мерекесі қарсаңында жарияланған ғалымның «Қазығұрт қыраны» мақаласы ашық күндегі найзағайдай әсер еткені бар. Себебі, кеңестік идеологияның салтанат құрып тұрған шағы, «адресіміз – Кеңестік Одақ» деп жырлап жүрген қоғамда көрші мемлекеттің ұлт мақтанышы, ерлігін малданып жүрген қас батырын «біздің батыр» деу оңайға түспейтіні анық еді. Бірақ, мәселенің мәнісіне бойлай білетін, өз зерттеуін соңына дейін жеткізетін ғалымның мақаласы негізсіз әңгімеге құрылмағанын уақыт өте келе бәрі де мойындады.
Дәл осы мақала бір айдан соң «Лениншіл жас» газетінде де жарық көрді. Бір өңірдің емес, елдіктің мәселесі екені, ұлттың болашақ ұрпақ алдындағы парызындай болған бұл іске әрине бастапқыда мән бермегендер аз болмады.

551

– Бірде әкем балалық шағында бірге өскен досы Адамбек Нысанбаевтың үйінде қонақта болады. Ол кезде Адамбек Нысанбаев облысымыздың Ленин аудандық халық қазысы. Қонаққа келген достарына Адамбек аға «... генерал Сабыр Рақымовтың осы бiздiң ауылымыздың Қазығұрт бауырындағы Жаңабазар жерiндегi «Коммунизм» совхозы орналасқан ортадан екенiн бiлесiңдер ме?» дейді. Тың дерек әкемді қызықтырмай қоймайды. Досының жөн сілтеуімен генералдың туыстары деген азаматтардың барлығымен кездесіп, сұхбаттасады. Айтқан әңгімелерін қағазға түсіріп, қол қойдырып алады. Деректер осылай жинала берген. Бұл 1971 жыл болатын,- дейді Ә. Оспанұлының ұлы Бердалы Оспан.
Осылайша Әсілхан Оспан-
ұлы Сабыр Рақымовтың өзбекке жиен екенін, анасы Бәһәрайым Ташкент маңындағы Жүнiсабад деген жерде тұратын өзбек диқанының қызы болғанын анықтайды. Күйеуi қайтыс болған соң ағасы Рақымның үйіне көшіп кеткен Бәһәрайым ұлы Сабыр мектепке барғанда тегін Рақымов деп жазып жібергенге ұқсайды.
Батырдың Ұлы Отан соғысына Сабыр Рақымов боп аттануы осыдан.
Қас батырдың майдандағы ерлік істері аңызға бергісіз. Ал оның қазақ екенін дәлелдеп шығу да ғалым Әселхан Оспанұлына ерлікпен пара-пар еңбек болғаны рас. Ғалымның бұл еңбегіне батырдың жесірі Құралай Натұллаева да көзі тірісінде ризашылығын айтқаны ел есінде.
Осылайша бір өңірдің, бір мемлекеттің ғана емес, Орта Азия елдері арасында тұңғыш рет генерал-майор шенін алған азаматтың өміртарихы, әсіресе өмірбаяны қайта жазылады. Оның Қазығұрт ауданы Көкібел ауылының тумасы, ұлты қазақ екені тайға таңба басқандай айқындалады.
Соғыста 395 және гвардиялық 47, 37 атқыштар дивизияларының командирі, 4 рет «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталғаны, әскери қолбасшыларға ғана тән марапат ІІ дәрежелі Суворов, Кутузов ордендеріне де ие болғаны батырдың ерлік істерінің дәрежесін аңғартқандай.
1945 жылы 26 наурызда дивизияның командалық пунктiн жау минасы соққылауы салдарынан дивизия командирі ауыр жарақаттанып қаза табады. Генералдың ерлігі жайлы ізденген оқырманға ғаламторда мәлімет өте көп. Жоғарыда айтып өткеніміздей бәрі де ғалым Әсілхан Оспанұлының зерттеу мақаласына негізделген мәліметтер.
Оқырманға айтпақ болған мақсатымызға қайта оралсақ. Шымкенттегі еңселі ескерткіш қай жылы қойылды? Авторы кім?
Бұл орайда тағы да ғалым Әсілхан Оспанұлының қайсарлығы мен табандылығын тілге тиек етпеске болмайды. Себебі, Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеу барысында Өзбекстанда батырдың есімін дәріптеу, насихаттау жұмыстары жақсы жүргізілгеніне куә болғаны бар. Шаруашылықтарға батырдың есімін беру, мектептердің батыр атымен аталуы, көше атауларын айтпағанда Ташкенттің төрінде еңселі ескерткіштің орнатылуы көрші елдің «өз батырына» деген құрметінің айғағы екені даусыз. Алайда, С.Рақымовтың қазақ екені дәлелденген соң оның есімін Қазақстанда да ұлықтау көрші елден бір мысқал да төмен болмауға тиісті. Әсілхан Оспанұлы осы ойға мықтап бекінген сияқты. Осылайша Шымкенттегі әскери мектепке батырдың есімін беру, мектеп ауласына ескерткішін қоюға тағы да ғалым мұрындық болды. Бүгінде Қазақстанда
Сабыр Рақымов есімін иеленген нысандар аз емес. Жер жерде көше аттары да кездесіп жатады. Мұның бәрі де батырға деген құрметтің белгісі.
Әрине, бәрін де ғалым атамыз жасады демесек те, түрткі болғаны рас. Игі істің басына жақсы азаматтардың жиыла кетуі заңдылық. Талай жыл өзгенікі болып келіп, өзімізге қайтарылған батыр есімін ұлықтау ісіне шымкенттік қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері білек сыбана кірісті.
Бәлкім, осы істің жарасымды жалғасы болар 2012 жылы Шымкентте Сабыр Рақымовқа еңселі ескерткіш орнату үшін арнайы байқау жарияланады.
– «Жеңіс» саябағындағы ескерткіштің орнатылуына Әли Бектаев мұрындық болды. Көп ұзамай Сабыр Рақымов атындағы қайырымдылық қоры құрылды. Ескерткішке қаржы сол қордың есебінен бөлінді. Байқауға оншақты жоба ұсынылған екен. Сол жобалардың ішінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Иляев екеуміз жасаған жоба лайықты деп табылды. Ескерткішті біз мыспен қаптап жасадық. Батырдың бейнесі 4 метр 20 см. Тұғырымен қосқанда ескерткіш 7 метрді құрайды, - дейді мүсінші ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әбдуахат Мұратбаев.
Осыйлайша Шымкентте 2012 жылдың қазан айында Сабыр Рақымов ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды.
Дегенмен, сәйкестік пе, басқалай ма, кім білсін, Сабыр Рақымовқа Ташкент қаласының орталығынан 1981 жылы қойылған еңселі ескерткіш 2011 жылы орнынан алынып, басқа жаққа ауыстырылады. Тек, арада біраз жылдар өткен соң, (2018 жылы) Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ескерткішті қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдайды. Осылайша ол «Ескерткішті орнына қайтару тарихи әділдік болады» деді.
Батырдың аты өлмейтіні осы емес пе?!