Версия для печати

Тікелей байланыс жұмысты жүйелендіреді Избранное

Среда, 31 Март 2021 03:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2185 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әл-Фараби ауданы Шымкенттің орталық ауданы саналады. Қаладағы көп қабатты үйлері көп шағынаудандар, маңызды әкімшілік, білім беру, тарихи және мәдени ірі нысандар осы ауданда орналасқан. Дегенмен, 2014 жылы қала маңындағы аудандардан 40-тан астам елдімекен Шымкент аумағына қосылған соң Текесу тұрғын алабы, 195 және 276-орам сынды елдімекендер Әл-Фараби ауданына берілді. Мегаполистегі 4 ауданның ішінен көлемі бойынша шағын саналғанымен, халық саны жағынан алдыңғы қатарда саналатын ауданның тыныс-тіршілігі қандай? Бүгін осы жөнінде әңгімелесек.

508

 

Әл-Фараби ауданының аумағы 14 830 гектарды құрайды. Халық саны – 219 652 адам. Ауданда 73 өндірістік мекеме және кәсіпорын, 44 мемлекеттік мекеме және ұйым жұмыс істейді, 672 көп қабатты және 15 170 жеке үй орналасқан. Жалпы 15 шағынаудан қарайды. Олар – Түркістан, Көркем, Береке, Сәуле, Шағын Самал, Спорт, Наурыз, Отырар, Ескі қала, Химфарм, Ақжайық, Қарасу, Самал-1 және 2 шағынаудандары мен Текесу елдімекені.

– Осы елдімекендердің тұрғындарымен жұмыс істеуге келсек, 2020 жылы аудан әкімі мен орынбасарларының жеке онлайн қабылдауында 95 азамат болды. Ал негізінен, былтырғы пандемияға байланысты тұрғындардың талап-тілектері, өтініштері инстаграм және фейсбук әлеуметтік желілері арқылы қабылданды. Жалпы 982 сұрақ келіп түсіп, 614 шағым орындалды, 283-не қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 85 шағым құзырлы мекемеге жолданды, – дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Құдайберген Қалдықараев.

511


Айта кету керек, Әл-Фараби – тұрғындармен жұмыс істеп, әлеуметтік желіде байланыс орнатқан белсенді ауданның бірі. Аудан әкімдігін күні кешеге дейін басқарған Ғабит Мәуленқұловтың жетекшілігімен аптасына 3 рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 17:00-де тұрғындармен тікелей эфир өткізіліп тұрған. Бұл – «Антикор live» жобасы аясында қолға алынған жұмыс. «Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындармен байланыс орнату жөніндегі тапсырмасы орындалуда» дейді аудан әкімдігінің өкілдері. Шымкент қаласындағы аудандар арасында тұрғындарды онлайн қабылдау ең алдымен осы Әл-Фараби ауданында басталған.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Құдайберген Мақұлбекұлының айтуынша, мұндай онлайн эфирлердің бірқатар артықшылығы бар. Мысалы, халықпен тікелей сөйлесу арқылы мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптасады әрі пандемия кезіндегі карантин талаптары сақталады. Желі арқылы түскен сұрақтардың барлығы әкімдік бақылауында болып, орындалуы қадағаланады.
– Қажеттілік болса, сол мәселе туындаған жерге барып, тұрғындармен жүздесеміз. Кейде қалалық басқармалардың басшылары да қатысып, ортақ шешім қабылданады. Ал атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімдігінің аккаунтында посттар жарияланып, ақпарат таратылады. Бұл, бір жағынан қазіргі заман талабы болса, екінші жағынан халыққа сапалы қызмет көрсетудегі біздің міндетіміз, – дейді
Құдайберген Мақұлбекұлы.
Аудандағы жаңалықтың бірі – 2020 жылы шағынаудандардың біразының атаулары заңдастырылып, енді бірқатарына жаңа атау берілді. Мысалы, бұрынғы Забадам елдімекені – Көркем, ал Бадам тұрғын алабы енді Береке шағынауданы деп аталады. Аудан бойынша атауы жоқ және хаттамамен расталған көшелер мен шағынаудандардың атауын заңдастыру үшін 9 шағынаудан, атауы жоқ 15 көше және атауы моральды тұрғыда ескірген 30 көше 2019 жылы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына ұсынылған. 2020 жылы республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алып, Шымкент қаласы мәслихатының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 816 №72/672-6с шешімі шықты.

Бұған қоса шалғай аудандарды абаттандырып, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, көпшілік орындарды ашу секілді жұмыстар атқарылуда. Мысалы, жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов аудан әкімдігінің өкілдерімен бірге Әл-Фараби ауданын аралады. Шалғай елдімекендеріне барып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мұндағы мақсат – жұмыс тек орталықта емес, сол шеткері аумақтарда да жүріп жатқанын көрсету. Нақты айтқанда, Сәуле шағынауданы маңындағы 207, 195-орамдарда 2020 жылы жол салынды, жаяу жүргіншілер жолы төселді. Су мен жарық желілері тартылды. 80 пайызына газ жеткізілді. Ол ауқымды жұмыс 2021 жылға өтпелі, қалғаны биылғы жұмыс жоспарына енгізілген.

Сондай-ақ, ауданды аралау кезінде көтерілген үлкен мәселенің бірі – Сәуле шағынауданы мен әскери қалашықтың ортасындағы аумағы 3 гектардай жерге саябақ салу. Жергілікті тұрғындар көтерген идеяны әкімдік қолдап, қала әкіміне таныстырды. Эскиздік жоба жасалып, енгізілген. Мұның барлығы шалғай аудандардағы тұрғындардың жағдайымен жіті танысып, тиісті басқарма басшыларымен жиі кездесіп, мәселені талқылаудың, қалалық әкімдіктегі жиналыстарда көтерудің нәтижесі. Мұндай өзекті проблемаларды тұрғындар тек жылдық қорытынды есепте ғана емес, аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі аккаунтына жазып, көтеріп отырады. Аудан тұрғындарының белсенділігі осыдан көрінеді.
Әл-Фараби – орталық аудан болғандықтан, көше тазалығы – аса маңызды. Сондықтан, аудан басшыларының жұмыс күні таңертең бірге орталық көшелер мен үйлердің аулаларын аралап шығудан басталады, тазалық тексеріледі. Аудандарды аралаудың тиісті кестесі жасалған. Кейде әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында тұрғындардан түскен сұрақтарға сай кесте өзгеріп отыруы мүмкін.
– Түскен сұрақ немесе шағымға байланысты мәселе ертеңіне тексеріледі. Шұғыл орындауға болатын мәселе болса, шешіледі. Немесе басқа құрылымдар мен басқарманың қатысуы қажет болса, комиссиялы түрде барып, жұмыс жоспарына қойылады. Бұл тұста айта кететін жайт, барлық жұмыс мейлінше кесте бойынша атқарылса, көп нәрсеге үлгеруге болады. Бұған қоса әр сенбі-жексенбі күндері ауданымызда тұрақты түрде сенбілік өткізіп тұрамыз. Ол сенбілік жұмыстары тиісті кесте бойынша атқарылады. Әсіресе, көктемде тазалық мәселесі маңызды. Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақпен меморандум түзгенбіз. Ол жақтан көшеттер бөлінсе, сенбілікте тазалықпен қоса көшет егу жұмыстары да атқарылады, – дейді Құдайберген Мақұлбекұлы.
Аудан тұрғындарының сұрақтары мен шағымдары көбінесе инфрақұрылым мен коммуналды шаруашылық саласына қатысты. Жол, қоғамдық көлік, су, жарық және газ мәселелері бойынша ауданда елеулі жұмыс атқарылуда. Мысалы, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму картасына сәйкес, Сайрам ауданынан қала аумағына енген 195-орамды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бұл елдімекенде электр жарығымен және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Ал табиғи газбен қамту жұмыстары 2020 жылы 80 пайызға орындалып, қалған жұмыстар 2021 жылға өтпелі. 276 орамға сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында, ЖСҚ әзірленген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Электр жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан 25 бағана, 2 шақырым сым және қуаттылығы 160 кВт трансформатор орнатылып, 150-ге жуық жеке үй электр қуатымен қамтамасыз етілді. Оған қоса демеушілер тарапынан 350 метрге жуық су құбыры төселіп, сапалы ауыз су жүйесі тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Текесу тұрғын алабы бүгінде электр жарығымен және табиғи газбен толық қамтылған. Ал 2020 жылы су құбыры жүргізілді.
Аудан қаланың орталық бөлігінде орналасқандықтан, кәріз жүйесінің мәселесі біршама шешілген. Қазіргі таңда 64 525 абоненттің 86 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Самал шағынауданында кәріз жүйесін жүргізуге ЖСҚ әзірленуде және Наурыз шағынауданында осы мақсатта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Осы шағынаудандарға кәріз жүйесі орнатылса, аудан бойынша көрсеткіш 90 пайызға жетеді.

509


– Аудан бойынша жалпы ұзындығы 282 шақырым болатын 404 көше бар. Соның 224 шақырымы – асфальт, 58 шақырымы тас жол. Былтыр 21 көше орташа жөнделді: Береке, Көркем шағынауданында – 6 көше, Текесу тұрғын алабында – 1 көше, орталық аумақта 14 көше. Оған қоса 13 көшеге жаяу жүргіншілер жолы орнатылды. Айта кетерлік тұс – жаяу жүргіншілер жолы сол Береке, Көркем және Текесу тұрғын алабында төселді. Сонымен қатар, өздеріңіз байқаған боларсыздар, 7 көшеге жалпы ұзындығы 17,8 шақырым веложол салынды. Ал биыл 7 көшені жөндейміз деген жоспар бар. Арасындағы маңызды жобалар – Қонаев даңғылының жалғасын салу және осы даңғыл мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы айналма жол салу. Қоғамдық жол болған соң, аялдама да қажет. Аудан аумағында жалпы 213 аялдама орналасқан. 2020 жылы орталықтағы 70 аялдама жаңартылып, орталықтан алынған аялдамалар шалғай орналасқан Текесу, Ақжайық, Ақтас, Сәуле, Көркем шағынаудандарын қойылды, – деді Құдайберген Қалдықараев.
Жалпы, тұрғындар атқарылған жұмыстар әкімнің жылдық қорытынды есебінен бөлек, әлеуметтік желіден де хабардар болып отырады. Ауданда қандай да бір жоба аяқталса немесе қолға алынған жұмыс бітсе, шұғыл ақпараттар аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі аккаунтында жарияланады. Себебі, тұрғындар аудандағы барлық жағдайдан хабардар болып отыруы тиіс.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.