Әл-Фараби философиясының кілті неде? Избранное

Среда, 31 Март 2021 03:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1550 раз

Париж. 2021 жылдың 26 наурызы. Жаһандық карантин жағдайында бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдар көктемгі жаңару мен табиғаттың оянуының жалпыға ортақ, шабыт мерекесі Наурызды атап өтті. Осыған орай, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Наурыз дәстүрі жастар қолында» тақырыбында халықаралық вебинар өтті.

506

 

Наурызды тойлайтын Түркия, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің қатысуымен өткен вебинар Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының, сондай-ақ, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясының тікелей ұйымдастыруымен өткізілді.
Онлайн-офлайн форматында өткен вебинарда Шымкент қаласының әкімі Мұрат
Әйтенов, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау Конвенциясының хатшысы Тим Кертис (Париж), ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО Бюросының директоры Криста Пиккат, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Анар Дүтбаева, Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова, т.б. қатысушылар құттықтау сөздер мен баяндамалар оқыды.
Жиынға қатысушылар жастарды ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан мәдени дәстүрлерімізді зерттеуге, қолдау көрсетуге және Ұлы Жібек жолындағы тарихи тәжірибені бекіту және байланыстарды жаңарту тақырыбын талқылады.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген ЮНЕСКО Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенцияның хатшысы Тим Кёртис вебинар қатысушыларын көктемнің басталуымен құттықтап, «Наурыз шын мәнінде әлемнің көптеген елдерінде атап өтілетін және адамдарды махаббат, достық және өзара құрмет құндылықтарының айналасына біріктіретін жарқын халықаралық мереке» екенін атап өтті. Сондай-ақ, Конвенцияның хатшысы ЮНЕСКО-ның 2020-2021 жылдарға арналған атаулы және мерейтойлық күндер тізбесіне енгізілген Шымкент тұрғындарын қаланың 2200 жылдығымен құттықтады.
Қатысушылар іс-шараның онлайн форматта өтуіне қарамастан, мәдениеттердің өзара жақындығын және жүректердің шынайы жылуын сезінгендерін атап өтті. Осы платформада жыл сайын кездесуді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64/253 қарарына сәйкес жыл сайын 21 наурызда әлемдік қауымдастық Халықаралық Наурыз күнін атап өтетінін естеріңізге сала кетейік. ЮНЕСКО-да көктемгі жаңаруды мерекелеу дәстүрлері Ауғанстан, Әзірбайжан, Үндістан, Ирак, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан және Түркияның бірлескен ұсынысы ретінде адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне кіреді.
Алқалы жиын ЮНЕСКО-ның Атаулы және мерейлі даталар күнтізбегіне енген Шымкент қаласының 2200 жылдығының аясында өткен маңызды шараның бірі. Ата-бабадан жеткен ұлттық, халықтық мәдени дәстүрді зерттеп-зерделеуге жас ұрпақты тарту, әр елдің наурызды мерекелеу дәстүрінің ерекшелігін және ортақ тұстарын әңгімелеу, сондай-ақ, Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи мәдени байланыстарды жалғау үшін ұйымдастырылған басқосудың бергені мол болды. Мәселен, «Қылует» этномузейінің директоры, белгілі этнограф, қолөнер шебері Кендебай Қарабдаловтың айтқан ойлары оқшау болды. Ол әлем халықтарының алдында өзінің ойлап тапқан оюының мән-мағынасын түсіндірді.
–Бұл ою – Әл-Фараби философиясының кілті. Ана мен сәби бейнесі, оюдың төрт бұрышында төрт ана, яғни бүкіл әлемдегі аналар, ортасындағы қарашаңырақ әлем халықтарының қара шаңырағы, Жаратушының алдында бәріміз теңбіз деген мағына береді. Осы формуланы Әл-Фараби ашып, жазып қалдырып кетті. Қанша ғасыр өтсе де, данышпанның логикасы мен философиясы көп көмегін тигізіп келеді. Сол формуланың арқасында бүкіл әлемге достықты насихаттап отырмыз. Әз Наурыз ынтымақ-бірліктің көшбасшысы сияқты, - деп кезінде ЮНЕСКО жоғары бағалаған сазсырнай аспабының негізінде қолөнершінің авторлық туындысы «Отырардың уілдегі» аспабында Қазақстаннан музыкалық сәлем жолдады.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі бұрын 12 мемлекеттің Наурызы болса, енді бүкіл әлемдік мерекеге айналды деп қуанған сәтте осындай игіліктің бәрі Әбу Насыр әл-Фарабиден жеткен достықтың алтын көпірі деуге әбден негіз бар.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.