–Орталықтың басты міндеті – туристік мекемелердің басын біріктіріп, туристерге жоғары дәрежеде сервистік қызмет көрсетуге ықпал ету. Қалаға келген қонақтар қайта келу үшін ұсынылатын қызмет түрлерін әрмен қарай дамыту қажет,-деді қала әкімі.
Туристік ақпараттық орталық тәулігіне 200-250 турист қабылдауға қауқарлы. Орталықта тәулік бойы «Call-center» жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтарына мегаполистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес беріліп, құқықтық және визалық көмек көрсетілетін болады. Қалаға келуші қонақтарға турлар ұсынылып, алдын ала брондау қызметі берілмек.
Ақпараттық орталықтың басшысы Айдаралы Раманов туристерге мобильді байланыс операторының SIM-картасын бейімдеуде көмек көрсету қызметінің де атқарылатынын атап өтті. Қазір қаламызда ақпараттық-туристік дүңгіршектер ашу мәселесі қарастырылуда.
–Қазірдің өзінде visit-shymkent.kz ресми сайты үш тілде жұмыс істейді. Сайтта қаламыздың танымал көрнекі орындары, ұлттық мәзір дайындайтын мейрамханалары және ақпараттар тізбегі жарияланады. Ақпараттық орталықта кеңес беру, кәдесый, сөйлесу, түрлі шаралар өткізудің интерактивті аймақтары қамтамасыз етілген, - деді орталық басшысы.