Аққа тиді ағайынның ауызы Избранное

Среда, 17 Март 2021 05:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1603 раз

100  литр тілеу  көже  дайындалды

14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді ата-бабамыз ежелден асыға күткен. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...» деп аса білгірлікпен жырлағандай, қыстан қысылып шыққан ел-жұрт наурыз айының осы күні бір-біріне саулық тілеген. Шаруа қуған ағайын-туыс, ел-жұрт бұл күні ерекше салтанатпен, шаттықпен жүз көріскен.

315

 

Дәстүрлі Көрісу күнінде Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының алдында 12 қанат киіз үй тігілді. Ұлыстың ұлы күніне ошаққа от жағылып, күбіде май пісілді, самаурында шай қайнатылды.
– Наурыз тойы басталды,
Көргендер де армандар,
Көрмегендер де армандар,
Қызықтан тыс қалмаңдар.
Салт-дәстүрмен жараса,
Қайта құрып жаңаша,
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық тамаша! – деп Наурыздың жаршылары, төрт аттылы жігіт көктем келгенін хабарлады. Әжелер Наурыз шашуын шашты.
Аттылы жігіттер аттан түсіп, ақ жаулықты аналар қала тұрғындарымен көрісті. Сал-сері өнерпаздар ауыл ақсақалдарымен көрісті. Қыз-жігіттер ауылдың алты ауызын шырқады.
Ақ түйенің қарны жарылды, Жер-ананың көкірегі бусанып, елдің аузы аққа жетті. Қыстан есен-сау шығып, аналарымыз жеті түрлі дәмнен тілеу көже әзірледі. Қала тұрғындары абзал аналарымыздың ел амандығы мен татулығын тілеп жасаған тілеу көжесінен дәм татты. Бұл күні көпшілікке 100 литр тілеу көже таратылды.

317

– Қыстан аман, жылдан түгел шыққан адамдардың барлығы қап түбінде қалған жеті дәнін, бар тағамын ортақ қазанға салып, есендік, саулық сұрасып келген кісілерді дастарханнан дәм татқызған. Ас-ауқат тарату мақсатында жасалған көжені тілеу көже деп айтқан екен. Біз дәл осы күні қыстан аман, жылдан есен шыққан жандардың бір-бірімен көрісуін насихаттау мақсатында орталығымыздың алдына киіз үй тігіп, бір қазаннан көже пісіріп, жеті түрлі дәнді салып, оны тілеу көже деп атадық. Негізгі мақсатымыз – тілеу көжені дайындау, бір қазаннан ортақтасып, берекелі шаңырақта мерекелі дастарханнан дәм татқызу, – дейді Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының орынбасары Гүлшат Жақанқызы.
Орталыққа келген қонақтар осылайша тілеу көжеден дәм татып, халық әндерінен попурри тыңдап, көрісу, қауышу дәстүрін тағы бір жаңғыртты. Ал орталық қызметкерлері келген қонақтардан қонақкәде сұрады. Әжелер тобы «Шилі өзен» әнін айтып, ортаны әнге бөледі. Ауа райының салқын болғанына қарамастан, көпшілік Көрісу күнін көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.